Қазақстан мен Тәжікстан саудасы 1 млрдқа жетті ме?

22 тамыз күні Қазақстан мен Тәжікстан президенттері БАҚ өкілдері үшін брифиң өткізді. Арнайы шара барасында Қасым-Жомарт Тоқаев екі ел арасындағы сауда айналымы 1 млрд доллардан асып түскені туралы мәлімдеме жасады. Тоқаев шын дерек келтірді ме? Factcheck.kz тексеріп көрді.

Мәлімдеме: Екі жақты сауда-саттық мәселесіне айрықша назар аударылды. Соңғы бес жылда елдеріміз арасындағы жыл сайынғы тауар айналымы екі еседен артық өсім көрсетіп, 1 миллиард доллардан асып түсті.

ҚР президенті Қасым-Жомарт Тоқаев

Үкім: Дәлелденбеген

Ұлттық статистика бюросының дерегіне сай, 2019 жылы Қазақстан мен Тәжікстанның сауда айнылым көрсеткіші 762 млн доллар болған, ал 2023 жылы 1,1 млрд долларға жетіп, 1,4 есе өскен. Бірақ Тәжікстанның ТМД елдерінің статистикалық комитетіне берген есебінде көрсеткіш 2019 жылы 957 млн доллар болса, 2023 жылы 1,1 млрд доллар болып, 1,2 есе өскен. Екі елдің статистикасы сәйкес келмейтіндіктен “дәлелденбеген” деген үкім қойдық. Дегенмен екі елдің де сауда деректері 2021 жылдан бері 1 млрд доллардан асып отырғанын көрсетеді.

Мәлімдеме: Биылғы алты айдың қорытындысы бойынша елдеріміздің бірі-біріне ауыл шаруашылығы өнімдерін жеткізу көлемі 12 пайызға ұлғайып, бұл бағыттағы сауда айналымы 300 миллион долларға жуықтады

ҚР президенті Қасым-Жомарт Тоқаев

Үкім: Шындыққа жақын

ҚР кіріс комитетінің кейінгі дерегі, яғни 2024 жылдың маусым айындағы көрсеткіші бойынша Қазақстан мен Тәжікстан арасындағы мал шаруашылық өнімдерінің көлемі 842 636 тонна болады. Ал, бір жыл бұрын, яғни 2023 жылдың маусым айында 687 453 тонна болған. 1 жылда өнім жеткізу көрсеткіші 22%-ке өскен. Осы жылдың маусымындағы көрсеткіш бойынша мал шаруашылығындағы сауда айналымы 220 млн долларға жеткен.

Ашық дереккөзден Тәжікстанның деректері табылмады.

Журналист-фактчекер

Factcheck.kz