Қазақстан экологиялық тиімділік рейтиңінде артта қалып қойды ма?

7 наурызда өткен сенаттың жалпы отырысында депутат Советбек Медебаев экологиялық мәселені көтеремін деп бірнеше дерек келтірді. Factcheck.kz редакциясы оның айтқан ақпараты қаншалықты рас екенін тексерді.

Депутат мәлімдемесі (тайм код: 30:48)

Мәлімдеме: Соңғы жылдары Қазақстан экологиялық тиімділік рейтингінде 180 елдің арасында 93-орынға тұрақтап, Намибия, Габон және Зимбабве сияқты елдерден артта қалып отыр.

Советбек Медебаев

Үкім: Шындық

The Environmental Performance Index-тің (Экологиялық тиімділік индексі) 2022 жылғы дерегінше, Қазақстан расымен Парагуай елімен 93-орынды бөлісіп тұр. Намибия 44, Габон 51, ал Зимбабве 69-орынға жайғасқан.

Дегенмен Қазақстан көрсеткіші Орталық Азияның басқа елдерімен салыстырғанда көш ілгері. Көрсеткіште Қырғызстан 126, Өзбекстан 107, Тәжікстан 117, Түркіменстан 118-орын алған. Қазақстанның деректері кейінгі 10 жылда 11.80-ге жақсара түскен.

The Environmental Performance Index (EPI) авторларының жазуынша, 11 категорияның 40 көрсеткішін пайдалана отырып, климаттың өзгеруі, қоршаған ортаның күйі және экожүйенің өміршеңдігі бойынша 180 елдің рейтиңі жасалады. Бұл көрсеткіштер елдердің діттеген мақсатына экологиялық саясатының қаншалықты жақын екенін түсінуге мүмкіндік береді.

Қазақстан экологиялық тиімділік рейтиңінде артта қалып қойды ма?
The Environmental Performance Index
Жүйе 40 индикаторды 11 санатқа және үш саяси мақсатқа біріктіреді

EPI авторларының жазуынша, көрсеткіштен бірқатар қызықты қорытынды жасауға болады. Біріншіден, бай (жан басына шаққандағы ЖІӨ) елдер экологияға қатысты жақсы саясат жүргізе алады. Яғни экономикасы өркендеген елдер үшін түрлі бағдарламаға инвестиция тарту оңайырақ.

Екіншіден, индустриализация мен урбанизациядан көрініс табатын өркендеуге деген талпыныс көбіне ластанудың көбеюі және экожүйенің өміршеңдігіне әсер ететін басқа да стресстерге алып келеді. Дегенмен деректер мемлекеттерге экономикалық қауіпсіздік үшін тұрақтылықты құрбан етудің қажеті жоқ екенін көрсетеді. Яғни экономикалық мәселелерге қарамастан, экологияға көбірек көңіл бөлінсе, бұл халықтың «оянуына», табиғи ресурстарды белсенді қорғауға алып келеді.‎

Үшіншіден, көрсеткіші ең жақсы елдер тұрақты дамудың барлық саласына назар аударатынын көрсетсе, артта қалған елдер тұрақты дамудың әр саласында әртүрлі нәтиже көрсеткен. Мысалы, EPI-да бірінші орында тұрған Дания көптеген мәселе бойынша жақсы көрсеткішке жетіп, климаттың өзгеруін азайту бойынша да жақсы жұмыс істеген.

Төртіншіден, артта қалған елдер тұрақты дамудың жақсы көрсеткіштеріне қол жеткізу үшін жұмысты барлық жағынан еселей түсуі керек.

Мәлімдеме: Ал жасыл өмір үшін үздік елдер рейтигінде мемлекетіміз 78 мемлекеттің ішінде 72-орында екен. Атап айтқанда, атмосфераның ластануы және тұрмыстық қатты қалдықтардың жиналуы ел үшін ең өзекті экологиялық проблеманың бірі болып табылады.

Советбек Медебаев

Үкім: Техникалық қате

Депутат сүйенген деректер ескірген. Бұл usnews.com сайтының 2021 жылғы көрсеткіші. Қазіргі (яғни 2023 жылғы) есепке сәйкес, Қазақстан 87 елдің ішінде 84-орында тұр. Бұдан бөлек, «‎жасыл өмір үшін үздік елдер»‎ рейтиңінің сапасы күмәнді, себебі бұл көрсеткіште Үндістан 30-орынды алса, EPI рейтиңінде 180 елдің ішінде 180-орында тұр. Себеп — методологияда.

2023 жылғы «Жасыл өмір сүру үшін ең жақсы елдер» рейтиңі 17 000-нан астам адам арасында жүргізілген жаһандық сауалнамаға негізделген және елдерді респонденттердің қабылдауына сәйкес үш сипаттама бойынша саралайды: қоршаған ортаға қамқорлық, денсаулық және инновация.

Фактчекер-журналист. Factcheck.kz сайтының шығарушы редакторы.

Factcheck.kz