Factcheck.kz редакциясы гендерлік теңдік туралы материалдарды жиі жариялап тұрады. Мұндай мақалаларға келіспейтін оқырмандар тұрақты түрде көзқарастарын білдіреді, әрі белгілі бір аргументтер қайта-қайта қайталанады: мысалы, феминизм ер адамдардың құқығын шектейді немесе әйелдер қалаған құқықтарын әлдеқашан алған деген пікірлер айтылады. Бұл қате түсініктер қоғамдағы гендерлік теңсіздік мәселесін қабылдауға әсер етіп, кең таралған пікірлердің біріне айналған. Осы материалда біз гендерлік теңдік туралы ең көп қойылатын «ыңғайсыз» сұрақтарға жауап беруді жөн көрдік.
Әйелдерге тағы не керек? Олардың барлық құқығы бар ғой!
Көптеген елде әйелдердің құқығы заң жүзінде ерлермен тең. Алайда, мәселені тереңірек қарастырсақ, бұл құқықтардың жиі сақталмайтынын немесе бұзылатынын байқаймыз.
Қазақстанда және басқа елдерде заң бойынша әйелдер білім алуға, жұмыс істеуге және сайлауға қатысуға құқылы. Алайда іс жүзінде олар жұмысқа орналасу кезінде дискриминацияға ұшырайды, мансаптық кедергілерге тап болады, жұмыс орнында харассментке ұшырайды және үй шаруашылығын жүргізу бойынша негізгі жүктемеде көбіне әйелдің мойнында. Гендерлік стереотиптер кең тараған елдерде әйелдер ерлерге қарағанда үй жұмыстарына алты есе көп уақыт жұмсайды, ал Қазақстанда бұл көрсеткіш үш есе көп.
Республикада білім алуға, оның ішінде жоғары білімге қолжетімділік бойынша әйелдер мен ерлер арасында айтарлықтай теңдік барына қарамастан, әйелдер басшылық лауазымдарға сирек тағайындалады, ал Орталық Азияда олардың үлесі азайып келеді. Дүниежүзілік экономикалық форумның мәліметінше, 2024 жылы өңірдегі парламенттерде әйелдердің саны 10 пайыздық тармаққа қысқарған.
Әлемдік үрдіске сәйкес, әйелдер ең көп жұмыс істейтін салалар ең төмен жалақы төленетін секторларға жатады. Кері заңдылық та бар – табысы жоғары салаларда әйелдер саны аз. Орташа алғанда, әлемде әйелдер бірдей жұмыс үшін ерлерге қарағанда 20% аз жалақы алады. Қазақстанда 2022 жылы бұл айырмашылық әртүрлі бағалаулар бойынша 22–25% аралығында болған. Дүниежүзілік банк бұл алшақтықты жою ұлттық табысты 27% арттыруы мүмкін екенін анықтады.
Әйелдер табысы аз жұмыс орындары мен салаларды өздері таңдайды.
Даму деңгейіне қарамастан, кез келген елде әйелдің жұмыс істеу туралы шешімі оның жеке қалауына байланысты. Алайда бұл таңдауға әлеуметтік-экономикалық факторлар мен қоғамның қысымының да елеулі әсері бар. Олар әйелдерді дәстүрлі гендерлік рөлдерді ұстануға және үйдегі ақысыз еңбекке көбірек уақыт бөлуге мәжбүрлейді.
Халықаралық еңбек ұйымы 2016 жылы жаһандық сауалнама жүргізіп, әйелдерден ақылы жұмыспен айналысқысы келетінін немесе тек отбасына күтім жасағысы келетінін, әлде екеуін қатар алып жүргісі келетінін сұрады. Нәтижесінде, жұмыспен қамтылу деңгейіне қарамастан, әйелдердің 70%-ы жұмыс істегісі келетінін білдірген.
Әйелдер мен ерлер биологиялық тұрғыдан тең емес, демек олардың құқықтары да тең болмауы керек.
Мұндай идеология «әлеуметтік дарвинизм» деп аталады және біз «Феминизм туралы мифтер» атты материалда бұл көзқарастың қоғамға қалай зиян тигізетінін егжей-тегжейлі түсіндірген едік.
Айта кетерлік жайт, «күштілердің құқығы» ер адамдарға да кері әсер етеді.
«Ер адамдар» деген топ біркелкі емес — олардың арасында физикалық тұрғыдан мықтылары да, әлсіздері де, денсаулығы мықтылары да, мүмкіндігі шектеулілері де, жастар да, қарттар да бар. «Ең үздік» және ең күштілер ғана құқықтар мен артықшылықтарға лайық деген қағидаға сүйенетін болсақ, онда ер адамдардың да көбі құқықсыз қалар еді. Одан бөлек, ер адам өмірінің кез келген кезеңінде қандай да бір себеппен «күшті» мәртебесінен айырылса, ол да құқықтарынан айырылуы мүмкін.
Біз тек күштілерге ғана жағдай жасалған әлемде өмір сүргіміз келе ме?
Балаларға қамқорлық жасау – табиғатынан әйелдің міндеті.
Адамның туа біткен инстинкттері, соның ішінде аналық инстинкті болмайды, тек қажеттіліктері бар. Сондай-ақ күрделі дағдылар да тумысынан берілмейді. Адам кез келген қабілетті үйренеді және тәжірибе арқылы меңгереді. Сондықтан жалғыз аналар ғана емес, әкелер де, кез келген жыныстағы ересектер де балаларға қамқор бола алады.
Биологиялық тұрғыдан алғанда, нәрестемен байланыс кезінде әкелердің миында және гормоналдық жүйесінде дәл аналардағыдай өзгерістер жүреді. Айырмашылығы – әйелдерде бұл өзгерістер жүктілік пен босану арқылы іске қосылса, ер адамдарда балаға күтім жасау процесінде пайда болады. Бұл – табиғи құбылыс, себебі адам – бипарентті түрге жатады, яғни баланы тәрбиелеуде екі ата-ананың да қатысуы маңызды. Мысалы, әкелерде пролактин деңгейі жоғарылайды, бұл оларды сезімтал әрі қамқор етеді, ал окситоцин олардың балаға деген сүйіспеншілігін күшейтіп, онымен көбірек уақыт өткізуге итермелейді.
Ажырасқаннан кейін балаларды көбіне аналарымен қалдыру – ерлерді дискриминациялаудың дәлелі.
Ажырасу кезінде сот балаларды көбіне аналарымен қалдыратыны рас, бірақ бұл әкелерге жасалған дискриминация емес.
Қазақстан заңнамасына сәйкес, ата-аналардың құқықтары мен міндеттері тең. Сот шешім қабылдағанда, ең алдымен, баланың мүдделерін басшылыққа алады. Материалдық жағдай шешуші фактор емес – ана мен бала арасындағы байланыс мықты болса, бала тұрмыстық жағдайы төмендеу болса да анасымен қалуы мүмкін. Алайда, әкесі баланың өзімен қалғаны дұрыс екенін (психологиялық тұрғыдан да) дәлелдей алса, сот оның пайдасына шешім шығаруы мүмкін.
Соттар көбіне балаларды аналарымен қалдырады, себебі аналар оларға көбірек уақыт бөледі, тәрбиелеуге белсенді қатысады және тәжірибесінің мол болуына байланысты ата-ана міндеттерін жақсырақ атқарады. Ал бұның бәрі жоғарыда айтылған дәстүрлі гендерлік рөлдерге байланысты: қоғам баланың негізгі күтімі анаға жүктелуі керек деп есептейді, ал әке екінші қатарға ысырылып, «демалыс күнгі ата-ана» рөліне түседі. Осындай жағдайда балалардың аналарымен тығыз байланыс орнататыны таңғалдырмайды.
Бұл – кері сексизм!
«Кері сексизм» деп аталатын ұғым – терминнің бұрмаланған түсіндірмесінің нәтижесі.
Социологияда «сексизм» жынысы немесе гендері бойынша адамдарды жүйелі түрде кемсіту дегенді білдіреді. Бұл кемсіту әлсіз топтың (бұл жағдайда әйелдердің) бүкіл өміріне әсер етеді: қоғамдық, кәсіби, отбасылық және жеке өмірін қамтиды және туғаннан бастап қартайғанға дейін жалғасады. «Кері сексизм» ұғымы орынсыз, өйткені кемсітуші топ пен кемсітуге ұшыраған топ тең мүмкіндіктер мен ресурстарға ие болуға тиіс.
Әрине, әйелдердің ер адамдарға қатысты қалыптастырған стереотиптері мен теріс көзқарастары да бар, алайда бұл жүйелі кемсітушілік саналмайды. Қазіргі билік теңсіздігі жағдайында әлеуметтік топ ретінде әйелдерде ерлерді жүйелі түрде басып-жаншитын тетіктер жоқ.
Сексизмнің негізінде гендерлік стереотиптер жатыр, сондықтан дәстүрлі еркектік образға сәйкес келмейтін ер адамдар да дискриминацияға ұшырайды. Бірақ бұл «кері сексизм» емес, нағыз сексизмнің дәл өзі – үстемдік етуші топ қандай мінез-құлықтың «дұрыс» екенін белгілейді және оған сай келмейтіндерді жазалайды.
Бұл айырмашылықты жақсырақ түсіну үшін сексизм жүйелі көрініс тапқан жағдайларындағы әйелдер мен ерлердің орнын ауыстырып көруге болады. Мысал ретінде Монеточка әншісінің виралды «Кис-кис-кис» әнін алуға болады.
Ерлер де тұрмыстағы зорлық-зомбылыққа ұшырайды.
Бұл рас, бірақ гендерлік теңдік үшін күресетін адамдар олай емес демейді. Ерлер де тұрмыстық зорлық-зомбылықтың құрбанына айналады, алайда бұл жағдай әлдеқайда сирек кездеседі.
Қарағанды медициналық университетінің зерттеушілері 2019-2022 жылдар аралығында Қазақстанда тұрмыстық зорлық-зомбылықтың негізгі құрбандары әйелдер болғанын анықтады – олардың үлесі 77,6%-дан (2019 жылы 60 327 жағдай) 2022 жылы 80 100 жағдайға дейін өскен. 17,52% – балаларға қатыгездік көрсету, 3,5% – қарт адамдарға зорлық-зомбылық жасау, ал ересек ер адамдарға қатысты жағдайлар небәрі 1,1%-ды құрады.
Әйелдерге зорлық-зомбылық жасау статистикасы Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің 2024 жылғы мәліметтерімен сәйкес келеді – онда бұл көрсеткіш 80% деп көрсетілген.
Бұл ретте шабуыл жасаған адамның жынысы туралы нақты ақпарат жоқ. Ерлер де өз отбасыларындағы әйелдерге ғана емес, балаларға және қарт ер туыстарына да зорлық-зомбылық көрсетуі мүмкін.
Бұл жағдай Қазақстанда және әлемде ерлердің зорлық-зомбылық сипатындағы қылмыстарды, оның ішінде кісі өлтіру мен ауыр дене жарақатын келтіру әрекеттерін көбірек жасайтыны туралы статистикамен сәйкес келеді. Сонымен бірге, зорлық-зомбылық құрбандары арасында ерлер жиі кездескенімен, әйелдер тұрмыстық және сексуалдық зорлық-зомбылықтан көбірек зардап шегеді (1, 2, 3, 4, 5).
Бұл мәселеде гендерлік стереотиптердің де рөлі зор(1, 2, 3). Олар ерлерге тұрмыстық зорлық-зомбылықтың құрбаны болған жағдайда көмек сұрауға және өз құқықтарын қорғауға кедергі келтіреді. Мысалы, 2023 жылы отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қатысты заңнаманы реформалау туралы петицияға 145 мың адам қол қойған, бірақ олардың тек 12%-ы ғана ерлер болған.
Қорытынды
Гендерлік теңдік пен феминизм – әйелдердің ерлердің құқықтарын тартып алуы, артықшылықтарға ие болуы немесе олардың орнын басуы емес. Гендерлік теңдік – «дұрыс әйелдер» мен «дұрыс ерлер» туралы шартты түсініктерді жою. Теңдік барлығына пайдалы: өмір сапасын жақсартады, зорлық-зомбылық пен кемсітушілікті азайтады және әділетті қоғам қалыптастырады. Тең мүмкіндіктері бар елдер тұрақты әрі өркендеген экономикаға қол жеткізеді(1, 2, 3). Отбасындағы міндеттерді ерлер мен әйелдер теңдей бөлісетін отбасыларда екі серіктес те күйзеліс пен шаршауды аз сезінеді(1, 2).
Бұл материал Нидерланды Корольдігі Елшілігінің қолдауымен жарияланды.