Freedom банктен валюта түрінде бонус алғандар декларация тапсыра ма?

Мауысымның соңында әлеуметтік желілер мен түрлі парақшаларда Freedom валютасына байланысты халықты алаңдатарлық ақпарат жария болды (1,2,3,4). Ақпаратқа сай, Freedom валюта арқылы бонус алған әрбір ҚР азаматы енді салықтың 250 немесе 270 нысандағы тапсыруға міндеттеледі. Әлеуметтік желілердегі ақпарат екіге жарылып, бірі – декларация тапсыру керек десе, енді бірі – бұл қарапайым бонус ретінде берілген валюта, сондықтан декларация тапсыру міндетті емес дейді. Factcheck.kz осы сұрақтың жауабын іздеп көрді.

Uchet.kz не дейді?

Uchet.kz командасы салық кеңесшісі, ҚР салық кеңесшілері қауымдастығының мүшесі Айбек Окановтен пікір алып, материал жариялаған. Ол жерде олар 2 сұраққа жауап іздеді:

  • Freedom компаниясынан жалақы және бонус алған экс-қызметкер декларация тапсыра ма?
  • Freedom банктен карта ашып, бонус алған мемлекеттік қызметкер декларация тапсыра ма?

Uchet.kz-тің жазуынша, декларация тапсыру тек бағалы қағаздарға қатысты қолданылады, яғни биржада белсенді айналымда болуы маңызды дейді. Ал Freedom валютасы – Deposit Card және Super Card-та қолданылатын арнайы валюта, ол ETN бағалы қағазы арқылы беріледі. Онымен тек ақша аудару, төлем жасау, толықтыру және айырбастау функцияларын орындауға болады.

ETN бағалы қағазы шетелде тіркелмегендіктен, Freedom картасы арқылы бонус алған жеке тұлғалар, оның ішінде банк қызметкерлері де, 250 немесе 270 нысанды декларация тапсыруға міндетті емес.

Сондай-ақ, бұл Freedom валютасы Қазақстанда жұмыс істейтін биржада (AIX) тіркелген бағалы қағаз болғандықтан жеке табыс салығын төлеу де талап етілмейді дейді Uchet.kz.

Freedom bank не дейді?

Freedom bank ресми сайтында да, әлеуметтік желідегі парақшаларында да бонус ретінде берілетін қаржы инвестициялық валюта ETN бағалы қағазы болғандықтан, керісінше, салық декларациясын тапсыратыны жайында ақпарат жариялады.

ETN бағалы қағазы – FRHC акцияларына байланған және осы акциялармен бірге өзгеретін бағалы қағаз. Бағалы қағаз AIX биржасында саудаланады, ол салық жеңілдіктері бар АХҚО заңнамасына сәйкес тіркеледі және шығарылады.

Халық арасында ақпарат тез тарап, соған орай Freedom банк директорлар кеңесінің мүшесі Айдос Жұмағұлов кейбір сұрақтарға жауап берді. Айдос Жұмағұловтың айтуынша, жеке тұлғалар банк ниеттестік жүйесін (система лояльности банка) қосу кезінде “FREEDOM инвестициялык валютасы” каржы өнімі бойынша брокерлік кызметтерді алу туралы шартка қол қояды. Сол жерде пайдаланушылар міндеттемелері туралы шарттың 4-бабы, 4,4-тармағында “ҚР заңнамасына сәйкес жеке тұлғаның кірістері мен мүлкі туралы тиісті декларацияны толтыру кезінде ETN декларациялау” жайында накты айтылган дейді. Банк бұл жағдайда клиенттерге қызмет көрсететін брокер ретінде әрекет етеді, сол үшін де декларация тапсыру міндетті дейді. Дегенмен алдағы уақытта банк қосымшасы арқылы декларация тапсыру мүкіндігі қарастырылып жатқанын мәлімдеді.

Салық кеңесшісінің пікірі қандай?

Factcheck.kz редакциясы осы ақпарат жөнінде салық кеңесшісі Наталья Янценнен пікір сұраған. Наталья Янценнен айтуынша, бонус ретінде берілетін валюта бағалы қағазының нақты атауы мен AIX биржасында саудаланатын нөмірі болуы керек. Және бұл бағалы қағаз ретінде берілгендіктен белгілі бір рәсімде жүргізіледі.

Бұл бонустық жүйе бағалы қағаз ретінде берілгендіктен табыс немесе шығын туындауы мүмкін. Яғни жеке тұлға бағалы қағазды тегін алған уақыт пен оны пайдаланған уақыттың арасында қаржылық тұрғыда айырмашылық пайда болуы ықтимал. Егер пайда болып жатса әрине, 270 нысандағы декларацияны тапсыру керек.

Наталья Янцен, салық кеңесшісі

Сондай-ақ, егер 2024 жылғы 31 желтоқсанға дейін бұл бағалы қағаз адам шотында сақталса, онда ол 250 нысандағы декларацияны тапсыруға міндетті дейді Наталья. Бұл декларация бағалы қағазға иелік етіп отырғанын тіркеу үшін қажет, яғни: атауы, тикері, саны көрсетіледі.

Салық кеңесшісінің айтуынша, Freedom банк мамандары декларация тапсыру керек деп дұрыс айтып отыр. Осылайша бұндай бонустарға байланысты декларация толтыру міндеті бар әрі бұл заңмен қарастырылған.

Негізі, адамдар мұндай кешбэкті қабылдамас бұрын, бұл қандай міндеттер әкелетінін түсініп алуы керек еді. Freedom компаниясы да алдын ала ескертуі тиіс болатын. Олар өз сайттарында кэшбэктің ақша емес, бағалы қағаз түрінде берілетінін көрсетіп отыр. Бірақ көп адам бұл ақпаратты түсінбей қалғанға ұқайды.

Наталья Янцен, салық кеңесшісі

Салық кодексінің 250 және 270 нысандағы декларациясы деген не және оған нелер кіреді?

Жалпыға бірдей декларациялау жүйесіне енгелі бері барлық санаттағы адамдар Қаржы министрлігі бекіткен 250 нысан бойынша активтер мен міндеттемелер туралы декларацияны ұсынуға міндетті. Бұл нысандағы активтер мен міндеттемелерге мыналар жатады:

  • Елден тысқары жерде тіркелген жылжитын және жылжымайтын мүлік;
  • Бағалы қағаздар;
  • Шетел банктеріндегі шоттарда 1000 АЕК-тен асатын сома; 
  • Құйылған таза алтындар;
  • Авторлық құқықтар;
  • Қолма-қол ақша 10 000 АЕК-тен асатын болса, көрсету керек. Одан көп болса, 10 000 АЕК деп көрсетіп, қалғанын банк шотттарына салып қойған жөн. 
  • Нотариус куәландырған дебиторлық және кредиторлық қарыздар;
  • Құны 1000 АЕК-тен асатын өзге де мүліктерді көрсету керек. 

ҚР Қаржы министрінің 2021 жылғы 13 қыркүйекті № 927 бұйрығымен жеке тұлғаның кірістері мен мүлкі туралы, яғни 270 нысан бекітілді. Бұл нысанның 250 нысаннан айырмашылығы Салық кодексінің 633-бабына сәйкес жыл сайын, яғни 15 қыркүйекке дейін тапсырып отырады. Бұл нысандағы активтер мен міндеттемелерге мыналар жатады:

  • Бір жыл ішіндегі кірістер — мүліктік кірістер, шетелдік көздерден түсетін кірістер және жеке қосалқы шаруашылықтардан түсетін кірістер;
  • Салық шегерімдері;
  • Елден тыс жерде сатып алынған, иеліктен шығарылған немесе өтеусіз алынған мүлік;
  • ЖТС есептеу – асып кету сомасын есепке алу және қайтару (2025 жылғы 1 қаңтардан бастап);
  • Шетелдегі активтер — жылжымайтын мүлік, бағалы қағаздар, эмитенттер, инвестициялық алтын, заңды тұлғаның жарғылық капиталындағы қатысу үлестері, шетелдік банктерде жатқан ақша, егер жалпы сомасы 1000 АЕК-ден асып жатса (2025 жылы есеп айырысу үшін 2024 жылғы АЕК пайдалану қажет);
  • Нотариалды куәландырылған келісімшартпен бекітілген басқа тұлғалардың сізге қарызы немесе өзіңіздің біреудің алдындағы қарызыңыз.

Қорытындылай келгенде, Freedom банкының қызметін пайдалану арқылы валюта түрінде бонус не қосымша сыйақы алған кез келген азамат ҚР Салық кодексіне сай декларацияны тапсыруға тиіс.

Журналист-фактчекер, медиа-тренер, 2017 жылдан бері Factcheck Kazakhstan жобасында қызмет атқарады, "Qazaq Travel" компаниясында SMM маманы қызметін атқарған, MediaNet халықаралық журналистика орталығында және Irex Europe жобаларында медиа-сарапшы

Factcheck.kz