Фейк | Қызылорда тұрғындары бауырсақты отсыз пісіріп жатыр

28 маусым күні Nur.kz сайтында «Қызылорда тұрғындары ауа-райының ыстық болуынан бауырсақты отсыз-ақ пісіруде» деген тақырыппен ақпарат жарияланды. Видеодағы әйел: «Сәлем қазақстандықтар. Міне, Қызылорданың ыстығынан, жерге қазанды қойып, майын құйып, бауырсақ пісіріп жатырмыз. Қызылордаға келіңіздер, мұнда 60 градус ыстық» деп айтты.

Үкім: Жалған

Қызылорданың ауа температурасы өткен аптада шамамен 47 градус болды. Мұндай көрсеткіште де, 60 градус ыстықта да майды қыздырып, бауырсақ пісіру мүмкін емес. Себебі, өсімдік майының қыздырылатын температурасы 107-ден 266°C-ге дейін есептелген (температура қандай май қолданылғанына да  байланысты өзгереді).

2017 жылы Атырауда, 42 градус ыстықта жұмыртқа қуырып жатқан адамның видеосы тараған болатын.

Бұл видеоның да фейк екенін де айта кетейік. 

Контекст: Майлар қанша градуста қызады?

  • Зәйтүн майы — 160°C – 242°C.
  • Авокадо майы — 271°С.
  • Соя майы — 257°С.
  • Жүгері майы — 232°С.
  • Бадам майы — 232°С.
  • Пальма майы — 230°С.
  • Күнбағыс майы — 227°С(тазартылған майға), (қоспадан тазартылмаған майға) 107°С.
  • Күнжіт майы — 175°С.
  • Рапс майы — 204°С.
  • Жүзім майы — 200°С.
  • Кокос майы — 177°С.
  • Сарымай — 177°С.

Төлепберген Маликов. Сулейман Демирел университетін журналистика мамандығы бойынша тәмамдаған. Азаттық радиосының Прагадағы бас штабында тәжірибеден өткен. 2018 жылдан бастап Factcheck.kz сайтында жұмыс істейді.

Factcheck.kz