Фейк | Қытайлар ислам дінін қабылдап жатыр

Қытайда бастау алған короновирустың салдарынан әлеуметтік желілерде жалған ақпарат тарап жатыр. 24 ақпанда дәл сондай фейк ақпарат Youtube және Whatsapp-та жариялана бастады. Қазақ және орыс тілдерінде “Қытайлар ислам дінін қабылдап жатыр” деген видео тараса, Whatsapp топтарында бұл видеоға қатысты түрлі пікірлер де жазылып жатыр:

1) Шұғыл жаңалық. Қытайдың бірінші арнасында! Короновирус салдарынан 20 миллион қытай азаматы исламды қабылдады. Себебі, мұсылмандар бұл вирусты жұқтырмайтындығы анықталды.

2) Қытай азаматтары мұсылмандардың намаз оқып, короновирустан сақтауға дұға тілеп жатқанын көріп, құбыланың қайда екенін білмесе де арттарынан бірге қосылды. Исламды вирус арқылы миллиардтаған адаммен толықтырған Алла қандай ұлы!

Фейк | Қытайлар ислам дінін қабылдап жатыр
Хабарлама скриншоты

Үкім: Жалған

Бұл видеоның короновирусқа мүлдем қатысы жоқ. Қытай азаматтары бұл вирустың кесірінен ислам дінін жаппай қабылдап жатыр деп айта алмаймыз. Видео алғаш рет 2019 жылдың 5 маусымында жарияланған.

Facebook қолданушысы Mak Mohamed видеоны Қытайдың Иу қаласынан жариялады (Иу Қытайдың оңтүстік шығысында Чженцзян провинциясының орталығында орналасқан). Youtube және Whatsapp-та тарап жатқан видео айт намазы оқылып жатқанда түсірілген.

Қытайдың Синьхуа ақпарат агенттігінің хабарлауынша, видео жарияланған күні (5 маусым) бүкіл Қытай мұсылмандары Ораза айт мейрамына жиналған. Иу қаласы мұсылман кәсіпкер мен саудагерлерінің басын қосатын сауда орталығы ретінде танымал. Сондықтан видеодағы адамдардың көп болуына еш таңқалудың қажеті жоқ.

Төлепберген Маликов. Сулейман Демирел университетін журналистика мамандығы бойынша тәмамдаған. Азаттық радиосының Прагадағы бас штабында тәжірибеден өткен. 2018 жылдан бастап Factcheck.kz сайтында жұмыс істейді.

Factcheck.kz