Дональд Трамп — постақиқат дәуіріндегі президент

АҚШ-тың 47-президенті Дональд Трамп бірнеше рет шындыққа адал екенін мәлімдеген (1, 2). Уақыт өте оның бұл тұжырымдары «Құдай жаратқан ең адал адамнан» бастап «жалпы алғанда адал жігітке» дейін біршама жұмсарғанымен, бәрібір шындықтан алшақ жатыр. Politifact фактчекерлері саясаткердің мыңнан астам мәлімдемесін тексеріп, олардың 57%-і жалған, ал 30%-і фактілерді бұрмалау екенін анықтаған.

Factcheck.kz редакциясы Дональд Трамптың екінші мерзімі басталғалы айтқан ең даулы мәлімдемелерін талдады.

Украинаны қолдау туралы

Ақпан айының аяғында өткен Консерваторлар конференциясында (Conservative Political Action Conference) Дональд Трамп АҚШ Украинаға 350 млрд доллар көлемінде көмек көрсеткенін, ал Еуропаның қолдауы бар болғаны 100 млрд доллар екенін мәлімдеді. Трамптың айтуынша, мұндай айырмашылыққа «ақымақ, біліксіз» Джо Байден әкімшілігі кінәлі.

Алайда CNN Киль дүниежүзілік экономика институтының (Украинаға көрсетілген көмекті бақылап отыратын ұйым) мәліметтеріне сүйене отырып, Трамптың бұл сөзі шындықтан алшақ екенін айтты. 2022 жылғы қаңтардан 2024 жылғы желтоқсанға дейінгі кезеңде нақты бөлінген көмек көлемі бойынша Еуропа әлі де көш бастап тұр: 132,3 млрд еуро (Трамп сөйлеген кездегі бағаммен — 138,9 млрд доллар), ал АҚШ-тың үлесі 114,2 млрд еуро (119 млрд доллар).

АҚШ әскери көмек бойынша ең ірі донор саналады – бұл мақсатқа 67,3 млрд доллар бөлінген. Алайда АҚШ-тың одақтастарынан айтарлықтай басым түспегенін атап өткен жөн: еуропалық елдер (тек ЕО мемлекеттері ғана емес) Украинаға 63 млрд доллар көлемінде көмек көрсеткен.

Сонымен қатар АҚШ жеке мемлекет ретінде ең ірі қаржылай қолдау көрсеткенімен, бұл сома Трамп атаған көрсеткіштен екі есе аз. АҚШ Қорғаныс министрлігінің Киль институтының мәліметтерінен асып түсетін көрсеткіштерді ұсынатын деректері бойынша, бұл көлем 182,8 млрд доллар.

ЖІӨ-ге шаққандағы көмек көлемі бойынша көшбасшылар — Балтық елдері, Польша және Скандинавия мемлекеттері болы отыр. Олардың үлесі 0,8%-тен 2,2%-ке дейін жетеді. Ал АҚШ Украинаға ЖІӨ-нің небәрі 0,6%-ін жұмсаған.

Зеленскийдің рейтиңі туралы

18 ақпанда Мар-а-Лаго резиденциясында өткен брифиңде Дональд Трамп Владимир Зеленскийді украиндердің небәрі 4%-і қолдайтынын мәлімдеді.

Украинада сайлау өтпейтін жағдай қалыптасты, елде әскери жағдай енгізілген, ал Украинаның көшбасшысы туралы айтқым келмесе де, оны қолдау рейтингі 4%-ке дейін төмендеді.

Дональд Трамп

Алайда Трамп бұл сандардың қандай да бір дәлелін немесе дереккөзін келтірмеді.

Ал Reuters агенттігінің мәліметінше, Киев халықаралық әлеуметтану институты (КМИС) 2024 жылғы қараша мен 2025 жылғы қаңтар аралығында жүргізген сауалнама нәтижелері Зеленскийдің қолдау рейтингі 63%-ке жеткенін көрсетті. 2024 жылдың мамырында бұл көрсеткіш 56% болған еді.

Британ академиясы жобасы аясында жүргізілген ресми сауалнама деректеріне сәйкес,
респонденттердің 26,1%-і Зеленскийдің президент ретіндегі қызметін толық мақұлдайтынын айтқан. 36,9% оны «мақұлдайтын шығармын» деген.

 Зеленскийдің рейтиңі туралы жалған мәлімдемелерінен бөлек, Дональд Трамп екі рет (1, 2) оны «диктатор» деп атады. Бұған Украинадағы әскери жағдайға байланысты президенттік сайлаудың өтпеуі себеп болды. Алайда, бір аптадан сәл асқан соң, Ұлыбритания премьер-министрі Кир Стармермен кездесуінде, Трамп бұл сөзінен бас тартып, «ондай нәрсе айтқаным есімде жоқ, бұған өзім де сенбеймін» деді. Дегенмен, Truth Social әлеуметтік желісіндегі Трамптың парақшасында Зеленскийге қатысты осы және басқа да жағымсыз пікірлері әлі де өшірілмеген.

«Трансгендер тышқандар» туралы мәлімдеме

4 наурызда Конгресте сөйлеген сөзінде Дональд Трамп Джо Байден әкімшілігінің «салық төлеушілердің ақшасын орынсыз жұмсағанын» сынға алып, «8 миллион долларды тышқандарды трансгендерге айналдыруға жұмсады» деп мәлімдеді.

Бұл сөз ақпарат құралдарында, оның ішінде Қазақстан медиасында кеңінен таралды. Көптеген интернет қолданушы Трамп «трансгендер тышқандарды» меңзеді деп болжады. Алайда, Ақ үй өкілдері президенттің сөзін әдейі айтылған пікір деп түсіндірді.

Сонымен қатар Ақ үй сайтында Трамп айтқан зерттеулер делінген тізім жариялады. Онда Ұлттық денсаулық сақтау институтының бүкіл ел бойынша 6 зерттеу жобасына 8,3 миллион доллар грант бөлгенін, олардың «бүкіл ел бойынша тышқандарға трансгендерлік бойынша эксперимент жүргізуге» арналғанын мәлімдеді.

Алайда, журналистер бұл зерттеулердің мақсаты тышқандарды трансгендерге айналдыру емес, керісінше, гормондардың ауруларға әсерін зерттеу (1, 2, 3) екенін анықтады: Жыныс ауыстырудың репродуктивті денсаулық пен иммундық жүйеге ықпалын талдау, гормондық терапияның сүт безі қатерлі ісігінің даму қаупіне, АИТВ-ға қарсы вакциналарға реакцияға, астма белгілеріне және құнарлылыққа әсерін анықтау

Бұл жобалар тышқандардың жынысын физикалық тұрғыда өзгертуді қарастырмаған.

Аутизм туралы мәлімдеме

Сол наурыз айындағы Конгреске үндеуінде Дональд Трамп аутизм тақырыбын да қозғады.

Бұрын аутизм 10 000 баланың біреуінде ғана кездескеніне сену қиын. 10 мыңның біреуінде! Ал қазір әрбір 36-балада бар. Бұл жерде бірдеңе дұрыс емес.

Дональд Трамп

Алайда, президент «бұрын» дегенде қай кезеңді меңзегенін нақтыламады. Сонымен қатар Трамп бұл деректердің қайдан алынғанын да айтпады. Бұған дейін сенатор кіші Роберт Кеннеди де 10 000 баланың бірі туралы айтып, оны вакцинамен байланыстырғанын да айта кету керек.

Ғылыми қауымдастық екпе мен аутизм арасында байланыс барын бірнеше рет жоққа шығарғаны да белгілі.

АҚШ-тың Ауруларды бақылау және алдын алу орталығының (CDC) мәліметтері бойынша, 2000 жылы 8 жасар балалар арасында аутизм әрбір 150-балада анықталған, ал 2020 жылы бұл көрсеткіш әрбір 36-балаға дейін өсті

Мұнда диагноз қою жағдайларының артуы туралы сөз болып отыр, оны аутизмнің нақты көбеюімен шатастырмау керек. Мұның себебі бірқатар фактордың үйлесуі болуы мүмкін. ABCNews-ке пікір білдірген сарапшылардың айтуынша, өсімнің негізгі себептерінің бірі — аутизм спектрі бұзылыстарының (АСБ) анықтамасының кеңеюі және симптомдардың нақтырақ сипатталуы. Бұрын тек айқын белгілері бар адамдарға ғана диагноз қойылса, енді жеңіл формалары да есепке алынады. Аутизм туралы ақпараттың кең тарауы және диагностикаға қолжетімділіктің артуы да диагноз қою жағдайларының көбейгеніне ықпал етіп отыр.

Ал АСБ-ның тарау деңгейінің шынайы өсуіне ықпал етуі мүмкін факторлардың бірі — адамдардың кеш балалы болуы. Кейбір зерттеулерде кеш жүктілік қауіп факторы болуы мүмкін деп көрсетілген (1, 2). Бірақ бұл мәселені тереңірек зерттеу қажет.

Иммигранттар және қылмыс

Дональд Трамп өз саяси мансабында мигранттарға қатысты көптеген жалған әрі намысына тиетін мәлімдеме жасаған.

Оның басты тезисі – иммигранттар АҚШ-тағы қылмыс деңгейінің өсуіне ықпал етеді, сондықтан олардың елге көшіп келуін қатаң шектелу керек.

Алайда The Marshall Project ұйымының деректеріне сәйкес, АҚШ-тың құқық қорғау жүйесін зерттеген бірнеше статистикалық зерттеу иммигранттардың жергілікті америкалықтарға қарағанда әлдеқайда аз қылмыс жасайтынын, оның ішінде ауыр қылмыстарға да сирек баратынын көрсеткен (1, 2, 3). Экономикалық зерттеулер ұлттық бюросы бұл үрдістің 1870 жылдан бері сақталып келе жатқанын анықтаған.

Мигранттардың қылмысқа аз баруының бір себебі – олар жаңа өмір бастау үшін АҚШ-қа қоныс аударуға бел буғандықтан, бұл мүмкіндікті жоғалтқысы келмейді, деп көрсетілген орталықтың 2007 жылғы зерттеуінде.

Бір қызығы, бірінші буындағы иммигранттар заң бұзуға бейім емес болғанымен, уақыт өте келе олардың балалары жергілікті халыққа ұқсас әрекет ете бастайды. 2014 жылғы зерттеуге сәйкес, екінші буын иммигранттары арасындағы қылмыс деңгейі АҚШ-та туған азаматтардың көрсеткішіне жақындай түседі.

лингвистка, фактчекерка

Factcheck.kz