«Біз ашықпыз» мейрамханалар желісі франчайзинг міндеттемелері мен санкцияларын бұза ма?

2022 жылғы ақпанда Ресей Украинаға басқыншылық жасаған соң әлемдік компаниялар Ресей Федерациясы нарығынан кетті. Мамырда McDonald’s та сондай шешім қабылдады. Бірнеше ай өтер-өтпестен америкалық желінің Қазақстан мен Беларусьтегі өкілдіктерінде Ресейге тәуелділіктен проблемалар басталды. Ақыр соңында екі елдегі франшизалар толықтай жабылып, Қазақстан мен Беларусьтегі McDonald’s орнына «Біз ашықпыз» деген жазуы бар кәсіпорын ашылды. Мұндай жағдай жеткізуге де, франчайзинг міндеттемелеріне де, Ресейге қарсы санкцияларды ұстану талаптарына да қатысты сұрақтар туғызды. Factcheck.kz редакциясы әлемдегі ең ірі жылдам тамақтану мейрамхана желілері қалдырған нарықтағы жағдайды зерттеп көрді.

McDonald’s Қазақстан нарығынан қалай кетті

2022  жылғы 18 қарашада «Food Solutions KZ» ЖШС басқаратын жылдам тамақтану мейрамханалар желісі Қазақстандағы McDonald’s бренді бойынша жұмыс істеуді тоқтатты. Компания бұл мәселенің тасымалға байланысты екенін түсіндірді. Бірақ қоғамда оған Қазақстандағы франшиза иесі, бірінші президент Нұрсұлтан Назарбаевтың құдасы Қайрат Боранбаевтың қамауға алынуы да түрткі болды деген пікір бар.

12 желтоқсанда «Food Solutions KZ» ЖШС бас директоры Әсет Машанов қазақстандық бизнес қауымдастыққа геосаяси жағдайға байланысты жергілікті тасымалдаушыларды дамыту туралы ұсыныс айтты. 21 желтоқсанда компанияның сапа жөніндегі менеджері Гүлжазира Қуанғали жергілікті өндірушілердің бәрі сапаның халықаралық стандарттарына сай келе бермейтінін айтты. 2023 жылғы 5 қаңтарда «Food Solutions KZ» ЖШС Қазақстанда McDonald’s брендімен жұмыс істеуін тоқтатты.

2023 жылғы 23 қаңтарда компания ресми мәлімдеме жариялап, Алматыда атауы жоқ бес мейрамхананың ашылғанын хабарлады. 7 ақпанда Сауда және интеграция министрлігі Техникалық реттеу және метрология комитетінің өкілі Қуаныш Елікбаев Үкіметте «Біз ашықпыз» логотипі бойынша қазақстандық компания жұмыс істеп жатқанын, тауардың 80%-ын Ресейден алып отырғанын түсіндірді.

«Біз ашықпыз» мейрамханалар желісі франчайзинг міндеттемелері мен санкцияларын бұза ма?
Фото Factcheck.kz

Мейрамхана мәзірі аздап өзгерген. Мысалы, материал жазу кезінде мәзірде «Qazan бургер», ташкент шайы жоқ, McDonald’s Corporation иелік ететін тағам атаулары өзгерген. Мәзірде Айс Де Люкс балмұздағы барын айта кету керек, оның құқығын «Система ПБО» («Вкусно — и точка») тіркеген.

«Біз ашықпыз» мейрамханалар желісі франчайзинг міндеттемелері мен санкцияларын бұза ма?
«Біз ашықпыз» мейрамханалар желісі франчайзинг міндеттемелері мен санкцияларын бұза ма?

InAlmaty желілік басылым дерегінше, McDonald’s бургерлерінің шамамен жартысына жуығы отандық өнімнен жасалған. Оларды «Food Town Almaty» (Қайрат Боранбаев иелік етеді) өндірістік-логистикалық кешенінде дайындаған. Ол жерде бургерлерге арналған тоқашты дайындап, отандық қызанақ, жуа мен сәбізді турап, сақтаған. Египеттен импортталған «Айсберг» салатын да сол жерде өндеп, ресейлік фри картобын бөлген. Котлетке келер болсақ, оны Қазақстан Ресейден де алған. Бұл туралы Қазақстан Ет одағы бас директоры Мақсұт Бақтыбаев Facebook парақшасында жазған. Оның сөзінше, Қазақстанға арналған котлетті итальялық Cremonini Group компаниясы жасаған. Оның ет комбинаты Орынборда, ал жартылай дайын өнімдері цехы Подмосковьеде орналасқан.

Бір қызығы, 2016 жылы Cremonini Group Қазақстан нарығына келіп, халықаралық деңгейдегі ет комбинатын салуы керек болған. Бірақ Бақтыбаевтың дерегінше, жоба 100 млн евро тұрған және сол күйі іске аспай қалған. Ет одағы басшысы мұны жаңа ауыл шаруашылығы министрі келген сайын өзгеретін мемлекеттік саясаттың өзгеруімен байланыстырады.

Франчайзинг міндеттемелері және санкциялар  

McDonald’s Қазақстаннан кеткен соң «Food Solutions KZ» ЖШС логотиптердің бәрін алып тастап, америкалық брендтің кез келген белгісінен бас тартты. Сонымен қатар басқа детальдар да ауысты. McDonald’s логотиптерін соус контейнерлерінде де жақсылап бояп тастаған. Ал бұрын бренд стакандарға құйылған кофе мен басқа сусындарды енді ешқандай жазуы жоқ қағаз стаканға құйып береді. Осылайша қазақстандық компания ҚР заңнамасы (1, 2) талаптары мен франчайзинг міндеттемелерін бұзған жоқ.

Франчайзи мен франчайзинг міндеттемелерін «Франшизаны ашу туралы құжат» (FDD) реттейді. Оған сәйкес, франчайзер оның брендімен жұмыс істеу үшін қандай өнімдер қолданылатынын анықтай алады. McDonald’s FDD құжатында жеткізуші имиджге кері әсер етіп, брендке негатив қатынас тудырмау керегі айтылған.

Франчайзинг — айрықша құқықтар кешенiнiң құқық иеленушiсi осы кешендi басқа тұлғаға өтемдi негiзде пайдалануға беретiн кәсiпкерлiк қызмет.

Франчайзер (лицензиар) — кешендi кәсiпкерлiк лицензия шарты бойынша тарап, айрықша құқықтар кешенiн кешендi лицензиатқа өтемдi негiзде пайдалануға беретiн айрықша құқықтар кешенiнiң (лицензиялық кешеннiң) құқық иеленушiсі.

Франчайзи (лицензиат) — кешендi кәсiпкерлiк лицензия шарты бойынша тарап, лицензиардың айрықша құқықтар кешенiн кәсiпкерлiк қызмет пайдаланатын, осы кешеннiң құқық пайдаланушысы.

Тауар таңбасының иесі — тауарлар мен қызметтерді пайдалану және иелік ету құқығына ие компания.  

«Біз ашықпыз» франчайзинг міндеттемелерін бұза ма?

  1. McDonald’s франшиза кезінде франчайзидің басқа бизнеске қатысуына тек жазбаша рұқсат береді. Компания Қазақстан кетіп қалғандықтан, бұл актуал емес. Бірақ McDonald’s мәселелерді келісім арқылы реттеуге дайын болғанын атап өту керек.
  2. Франшиза (McDonald’s) жұмысы тоқтатылған соң лицензиат 18 ай бойы одан (McDonald’s) В 10 миль радиуста тұрған мейрамхана бизнесіне араласа алмайды. Түпнұсқада «Мейрамхана» бас әріппен тұрғандықтан, мұның мейрамханалар емес, McDonald’s желісі екенін болжап отырмыз. Қазіргі таңда компания Қазақстанда жоқ, сондықтан ол «Біз ашықпыздан» 10 миль қашықта бола алмайды.
  3. Бұрынғы оператор McDonald’s жұмыс жүйесін «қайталамауы» керек. Бұл қаптамаға ғана емес, ас әзірлеу жолына да қатысты деп болжап отырмыз. Қызметкерлермен жұмыс істеу, команда жинау туралы да айтылып отырған болар. Өкінішке қарай, «Food Solutions KZ» ЖШС McDonald’s брендімен қалай жұмыс істегенін және қазір қалай жұмыс істеп жатқанын салыстыра алмадық.
  4. Экс-франчайзи бұрынғы серіктесінің интеллектуал меншігін қолдана алмайды. Америкалық желінің Қазақстаннан кететіні жарияланған соң «Food Solutions KZ» ЖШС логотиптерінің бәрін алып тастап, ғимараттарында америкалық брендті еске түсіретін ештеңе қалдырған жоқ. McDonald’s атауларының лицензиясы 2014 жылға дейін жарамды.

Санкцияға келетін болсақ, материал дайындаған кезде ешбір қазақстандық компания ресми дерек бойынша оған түскен жоқ.

«Біз ашықпыз» бен «Вкусно – и точка»: байланыс бар ма?

Ресейде McDonald’s орнын басуға көп уақыт кеткен жоқ. Бизнесті толығымен бизнесмен Александр Говордың «Клуб-Отель» компаниясы сатып алды. Ол Сібірдегі 25  McDonald’s мейрамханасын басқарған. Сатылған соң «Макдональдс» ЖШС атауы «Система ПБО» («Вкусно — и точка») деп өзгерді. McDonald’s мейрамханасының Ресейдегі бұрынғы операторларының бірі «Региональная сеть предприятий питания» әлі күнге дейін Қайрат Боранбаевқа тиесілі және ол «Вкусно — и точка» франзайчиі саналады.

Қазақстанда «Біз ашықпыз» пайда болмай тұрып баспасөз құралдарында «Вкусно – и точка» Қазақстан нарығына кіргісі келетіні туралы сыбыс тарады. Оны kazpatent.kz сайтында «Система ПБО» («Вкусно — и точка») компаниясынан түскен 32 өтініштің жариялануы өршіте түсті. Ресейлік желінің Қазақстанда пайда болуы туралы жаңалық халықтың реакциясын көп күттірген жоқ. Кейін «Вкусно — и точка» авторлық құқықты тіркеу бренді қорғау үшін керек болғанын айтты. Ал Александр Говор McDonald’s сату келісіміне байланысты Қазақстан нарығына шыға алмайтынын мәлімдеді. Қазақстандық «Food Solutions KZ» ЖШС лицензиары туралы әзірге ешқандай нақты дерек жоқ.

McDonald’s бұрынғы басқарушы компаниясы — белорусстік «КСБ Виктори Рестораны». Оның 90%-ы Боранбаевқа тиесілі және ресейлік тасымалдаушылармен тығыз байланысты. McDonald’s кеткен соң Беларусьте оның орнына  «Вкусно – и точка» ашылатыны хабарланып, кейін олай болмай қалды. Ресейлік желінің орнына қалаларда «Біз ашықпыз» пайда болды. Кейінірек «КСБ Виктори Рестораны» Mak.by тауарлық таңбаны тіркеді. Осы атаумен мәзірі бар сайт жұмыс істеп тұр және ондағы атаулар «Вкусно – и точка» мәзіріндегі атауларға ұқсағанымен, бірдей емес. Қазіргі таңда «Біз ашықпыз» жазуын «Mak.by» алмастырып жатыр.

 «Вкусно — и точка» мен «Біз ашықпыз» арасындағы тікелей байланыс туралы айту қиын. Десе де, байланыс бар. Бұл Қазақстандағы бір компаниясы «Біз ашылдықпен» әрекет ететін, ал Ресейдегі екіншісі «Вкусно — и точка» франчайзиі болатын Қайрат Боранбаев. «Біз ашықпыз» бен Беларусьтегі Mak.by тауарлық таңбалар арасындағы байланыс анығырақ. Соңғысын толығымен Боранбаевқа тиесілі компания басқарады және бұрын ол «Біз ашықпыз» деп аталған.

«Біз ашықпыздан» соң не болады?

McDonald’s мейрамханасының FDD құжатында франчайзидің 15  жыл ішінде бизнесті қайта сатып алуына мүмкіндік қарастырылған. Сондықтан Қазақстан премьер-министрі Серік Жұманғарин америкалық брендтің Қазақстанға қайтып оралатынын болжап отыр.

…Бүгінгі компанияның «Біз ашықпыз» жазуы оның басқа брендпен жұмыс істейтінін көрсетеді және оны жуырда жариялайды. Бірақ McDonald’s қайтып оралады деп ойлаймын. Қайта келеді, себебі біз Орталық Азиядағы лидерлердің біріміз және мұнда болу қажет. Біз айтарлықтай жақсы дамып жатырмыз.

Серік Жұманғарин

Контекст

McDonald’s Қазақстандағы жұмысын 2016 жылы бастады. Танымал франшизаны бұрынғы президенті Нұрсұлтан Назарбаевың бұрынғы құдасы Қайрат Боранбаевтың қазақстандық «Food Solutions KZ»  компаниясы сатып алды. Алғашқы мейрамхана  2016 жылғы 8 наурызда ашылды. 2022- жылға дейін Алматы, Астана, Атырау, Ақтөбе, Қостанай, Қарағанды қалаларында  24 мейрамхана ашылып, 2 мыңға жуық адамды жұмыспен қамтыды. Adata.kz сервисіне сәйкес, компания бюджетке 6 млрд теңгеден астам салық төлеген. Оның 1,9 млрд теңгесі 2022 жылға, 392,1 млн теңгесі 2023 жылға тиесілі.

Factcheck.kz