БҰҰ Бейбітшілік елшісі адам саны 90%-ке қысқарса, барлық мәселе шешіледі деді ме?

Мамырда желіде приматолог әрі БҰҰ бейбітшілік елшісі Джейн Гудолл сөзінің үзіндісі көрсетілген қысқаша бейнеролик (123456) тарады. Видеоға жазылған мәтінде Гудолл «егер Жер тұрғындарының саны 90%-ке қысқарса, адамзаттың барлық мәселесі шешіледі деп айтты» делінген. Басқа материалдарда приматолог ғаламшар тұрғындарын 90%-ке қысқартуды ұсынғаны айтылған.

Оқырмандардың өтініші бойынша, Factcheck.kz редакциясы Гудоллдың осындай сөзді айтқан-айтпағанын тексерді.

Үкім: Фейк

Роликте Гудоллдың 2020 жылы Давоста болған Дүниежүзілік экономикалық форумда сөйлеген сөзінен үзінді көрсетілген. Приматолог сөзінің толық нұсқасынан оның 90% туралы ештеңе айтпағанын білдік және ол халықтың көптігін айтқанымен, басқа мағынада келтірген. Ғалым экологиялық мәселелердің себебінің бірі тұрғындардың көптігі екенін айтқан, бірақ отбасын жоспарлау және білім алуды қолжетімді ету бағдарламалары арқылы мәселемен күресуге шақырады.

Ақпарат алғаш рет Желіде 2022 шілдесінде кең тарап кетті (1234), сол кезде біздің Politifact ұжымындағы әріптестеріміз ақпараттың жалған екенін дәлелдеген, соған қарамастан фейк сол жылдың желтоқсанында (12), содан кейін 2023 жылғы сәуірдің басында қайта оралды (12).

Халықтың көптігі туралы мәлімдеме приматолог One Trillion Trees Project жобасы аясында қалпына келтірілген ормандарды сақтап қалу үшін қандай қадамдарға бару керегі туралы сұраққа жауап берген кезде айтылды. Гудолл күресуді қажет ететін бес аспектіні тізіп берді: кедейлік, жануарлардың етін тұтыну, жайылым жер жасау үшін ормандарды кесу, саясаттағы жемқорлық пен Жер тұрғындарының өсуі. Жер тұрғындарының көбеюі туралы толық мәтін мынадай:

Біз енді тұрғындар санының өскеніне бей-жай қарай алмаймыз, себебі ол басқа көптеген мәселенің негізі. Егер ғаламшардағы адам саны 500 жыл бұрынғыдай болса, айтып отырған мәселенің бәрі болмас еді.

Джейн Гудолл

Ғалым біз тексеріп отырған ақпараттардағыдай барлық мәселені халық санын 90%-ке азайту арқылы шешуге болатынын айтқан жоқ және олай істеуге шақырған да жоқ. Ол тек өз пікірі бойынша халық санының өскені экологияға қаншалықты әсер ететінін атап өтті.

Гудолл бұлай ойлайтын жалғыз адам емес, кейбір экологтар (12) мен биологтар (12) да осындай пікірде. Гудолл бұл мәселемен отбасын жоспарлау бағдарламалары мен дамушы елдердегі қыздар мен әйелдерге білім беруді қолжетімді ету арқылы күресуге шақырады. Зерттеулер (12345) әйелдер эмансипациясы, әсіресе әйелдерге білім алу тұрғысынан еркіндік беру туу деңгейінің төмендеуіне әкелетінін көрсетті.

Джейн Гудоллдың 2020 жылы Давоста жасаған мұндай мәлімдемесі дау туғызғанымен, ғалым халықтың көптігі мәселесін бірінші рет көтеріп отырған жоқ: 2010 жылы The Telegraph газетіне берген сұхбатында, 2016 жылы Чикагода сөз сөйлеген кезде және 2017 мен 2019 жылдардағы конференцияларда да осындай мәлімдеме жасаған.

Сондай-ақ тірі табиғатқа қауіп төндіретін ғаламшардағы адам саны емес, шектен тыс тұтыну мен капитализм деген пікір де бар екенін айта кетейік.

Фактчекер-журналист. Factcheck.kz сайтының шығарушы редакторы.

Factcheck.kz