«Ашық алаң» бағдарламасында АЭС туралы шын дерек айтылды ма?

«Ашық алаң» бағдарламасының 28 тамыз күнгі шығарылымында АЭС тақырыбын талқылады. Бағдарламаның спикері Абзал Нарымбетов Қазақстанда 2022 жылдан бастап электр тоғы тапшы бола бастағаны жөнінде дерек келтірді. Factcheck.kz бағдарламада Абзал Нарымбетов айтқан осы және өзге мәлімдемелерді тексеріп көрді.

Мәлімдеме уақыты: 2:15

Мәлімдеме: Негізі электр тоғы біздің Қазақстанда 2022 жылдан бастап тапшы бола бастады.

Абзал Нарымбетов

Үкім: Шындық

Ұлттық статистика бюросының дерегіне сәйкес Қазақстанда 2022 жылы 113 789 млн кВт. сағат электр энергиясы өндіріліп, 117 480 млн кВт. сағат пайдаланылған. Яғни, дефицит көлемі 3691 млн кВт. сағатқа жеткен. 2023 жылы 113 163 млн кВт. сағат энергия өндіріліп, 131 418 млн кВт. сағат пайдаланылған. Сол жылы 18 255 млн кВт. сағат электр энергиясының жетіспеушілігі байқалды. Электр тапшылығы 2012 жылдан 2022 жылға дейін 1900-2000 млн кВт. сағат аралығында болса, кейінгі екі жылда 3600-дан 18 000 млн кВт. сағатқа дейін өскенін байқауға болады.

2024 жылдың 16 қаңтарында энергетика министрлігі электр қуатының тапшылығы туралы баяндады. Министрліктің дерегіне сәйкес, станциялық жабдықтардың тозуының орташа деңгейі 56% болып, электр қуатының тапшылығының көлемі 6 ГВт-тан асқан. Сондай-ақ сол күні өткен үкімет отырысында 2023 жылы электр энергиясының дефициті талқыланған. Жалпы айтқанда елімізде электр энергиясының тапшылығы бары рас.

Мәлімдеме: Өзбекстан 90 пайызға жуық тоғы газдан алады, газы тапшы болғаны үшін электр тоғын өшіруге себеп болды. Қыста, 2022-де

Абзал Нарымбетов

Үкім: Шындыққа жақын және манипуляция

Несі шындыққа жақын: Өзбекстанның статистика агенттігінің деректеріне сәйкес, 2023 жылы Өзбекстанның электр энергиясын өндіру қуаты 18 472,1 МВт болса, соның 15 617,5 МВт қуаты жылу электр станциялары арқылы өндірілген. Бұл жалпы энергияның 85%-і.

Қай тұсы манипуляция: Өзбекстанның энергетика министрлігі 2023 жылдың 1 тамызында тоқ жиі өшетінін сөз етіп, электр энергиясының тапшылығы барын айтты. Алайда, электр тоғын толығымен тоқтатып тастаған жоқ. Министрліктің мәлімдеуінше, Өзбекстандағы электр тоғын өндіретін трансформаторлар мен станцияларға күрделі жөндеу жүргізіледі. Сол, сепбеті жарық жиі өшіп, белгілі бір уақыт аралықтарында тоқ болмауы мүмкін.

Мәлімдеме: Дүниежүзінде 440 атом электр станциясы бар, ең көп шоғырланған елдердің бірі АҚШ, Франция және Қытай. Айналып келетін болсақ, Оңтүстік Кореяның өзінде қаланың ішінде орналасқан.

Абзал Нарымбетов

Үкім: Жалған және шындық

Қай дерек қате: Әлемде 440 атом электр станциясы емес, 170 АЭС бар. Ал, сол станциялардың ішінде 412 ядролық реактор жұмыс істеп тұр. Бағдарлама спикері осыны меңзесе керек. Алайда, АЭС пен ядролық реактор екеуі екі бөлек нысан. Мысалы Франциядағы gravelines АЭС-де 6 реактор бар. Сондай-ақ,спикердің қаланың ішінде орналасқан станция туралы дерегі де жалған. Оңтүстік Кореяда 8 АЭС болса, оның барлығы қаланың шетінде, теңіз маңында жұмыс істеп тұр.

«Ашық алаң» бағдарламасында АЭС туралы шын дерек айтылды ма?

Техникалық қауіпсіздік стандарттарына сай, атом электр станциялары «қаланың ішінде» орналаспайды.

Атом энергиясы жөніндегі халықаралық агенттіктің ядролық қондырғылар алаңын бағалау көлеміне қатысты 3-талабына сәйкес, қондырғыларды орнатуға қатысты кез келген апаттық жағдай бағаланып, адамдар мен қоршаған ортаның қауіпсіздігіне баса назар аударылуы керектігі жазылған. Яғни, басқаша айтсақ, қаланың ортасына АЭС салу қауіпті болуы мүмкін.

Сол құжаттың 26-талабына сәйкес, АЭС салынатын елді мекен толық зерттеліп, онда өмір сүретін халықтардың қауіпсіздігі толық қамтамасыз етілуі тиіс. Соның ішінде АЭС салынатын мекен туралы ақпараттар әрдайым толықтырылып отыруы да шарт. Елді мекенде халық санағы жүргізіліп, тұрақты тіркелгендердің саны еленуі керек. Әлеуметтік әлсіз топтағы адамдардың санына және олар баратын мекемемелер (мектеп, аурухана, қарттар үйі) секілді обьектілер басты назарда болуы тиіс.

Несі рас?: Әлемдегі АЭС-і ең көп шоғырланған елдердің бірі – Франция, АҚШ және Қытай екені шындық. АҚШ-та 54, Францияда 18, Қытайда 17 АЭС бар. Сондай-ақ, алғашқы бестікті Ресей (11), Оңтүстік Корея (8) қорытындылайды.

Журналист-фактчекер

Factcheck.kz