8.12 | Блокчейн vs фейкньюс, АҚШ-тың TikTok туралы шешімі, коронавирус вакцинасын салдырған алғашқы ел

Saxo Bank фейкньюс жайлы болжамын жариялады

2021 жылы жалған жаңалықтар блокчейн технологиялары арқылы жойылады. Даниялық Saxo Bank әдеттегідей “таңқаларлық болжамын” жариялады. Қаржы ұйымы жыл сайын бағаланбайтын және екіталай болатын оқиғалардың бейресми болжамын жариялайды. Бұл туралы ТАСС хабарлады.

Банк 2021 жылы жалған жаңалықтарды блокчейн жүйесінің көмегімен жойылатынын болжап отыр. Saxo Bank-тің бейресми болжамына сай, 2021 жылы танымал жаңалықтар агенттіктеріне деген сенім өте төмен деңгейге жетуі мүмкін. Сондықтан бұқаралық ақпарат құралдары мен әлеуметтік желілер жаңалықтағы жалған мен манипуляцияға қарсы жаңа шаралар қабылдауға мәжбүр болады.

Бұл жаңалық мазмұнын біріктіріп, жаңалықтарды қауіпсіз түрде жариялауға мүмкіндік беретін, сонымен бірге, дереккөзін тексеретін блокчейн желісі арқылы жүзеге асуы мүмкін.

Банк мәлімдемесі

АҚШ соты билікке TikTok жұмысын шектеуге уақытша тыйым салды

АҚШ үкіметіне сотта іс қаралып жатқанда елде TikTok қосымшасының жұмысын шектеуге тыйым салынды. Бұған дейін президент Дональд Трамп TikTok қосымшасын АҚШ компаниясына сатпаса, елде тыйым саламыз деп қорқытқан еді. Бұл туралы DW сайты жазды.

Колумбия округінің соты АҚШ билігіне елде TikTok қызметін жұмысын шектеуге тыйым салды. 7 желтоқсанда жарияланған шешімде тыйымның істі сотта қарау кезінде қолданылатыны жазылған. Судьяның пікірінше, Дональд Трамп әкімшілігіне қосымша иесіне қысым жасауына заңды тұрғыда еш негіз жоқ.

Естеріңізге сала кетейік АҚШ президенті Дональд Трамп тамыз айында АҚШ-тағы ByteDance (TikTok иесі) және Tencent (WeChat мессенджерінің иесі) компанияларының транзакцияларына тыйым салды. Трамп өз ұстанымын ұлттық қауіпсіздікті алға тартып негіздеді.

Ұлыбритания коронавирус вакцинасын салдырған алғашқы ел

Ұлыбританияда жүргізілген жаппай вакцинация бағдарламасы аясында 90 жастағы әйелге коронавирусқа қарсы вакцина салынды. Ол COVID-19-ға қарсы укол салған алғашқы адам. Бұл туралы BBC сайты жазды.

Келесі аптада 91 жасқа толатын Маргарет Кинан вакцинаның “туған күніне арналған ең жақсы сыйлық” екенін айтты. Бұл Pfizer және BioNTech компанияларына тапсырыс берілген 800 мың вакцинаның алғашқы дозасы.

Бұдан бөлек желтоқсан айының соңында вацинаның 4 млн дозасы келетіні хабарланды.

Естеріңізге сала кетейік өткен аптада Ұлыбритания билігі германияның BioNTech және америкалық Pfizer әзірлеген коронавирус вакцинасын пайдалануға рұқсат берген еді. Сонымен бірге, Ұлыбритания коронавирус вакцинасын салдырған алғашқы ел.

Төлепберген Маликов. Сулейман Демирел университетін журналистика мамандығы бойынша тәмамдаған. Азаттық радиосының Прагадағы бас штабында тәжірибеден өткен. 2018 жылдан бастап Factcheck.kz сайтында жұмыс істейді.

Factcheck.kz