29.09 | Қарабақтағы текетірес, Макронның уәдесі және коронавирустан қайтыс болғандар

Таулы Қарабақта үшінші күн қатарынан Армения мен Әзірбайжан арасында қақтығыс жалғасып жатыр. Екі елдің суық қарым-қатынасы 30 жылдан бері жалғасып келеді. Бұл туралы BBC басылымы жазды.

28-нен 29-на қараған түні Армения тарапы тәуелсіздігін ешбір ел мойындамаған Қарабақтағы Мартакерт қаласында атыс салдарынан балалардың қайтыс болғанын хабарлады. Ал Әзірбайжан билігінің айтуынша, Армения энергетикалық инфрақұрылымға соққы жасады.

Сонымен қатар, Армения билігі 18 жастан асқан ер адамдарға елден шығуға рұқсат бермеді. Себебі елде әскери төтенше жағдай енгізілді.

28 қыркүйекте БҰҰ Бас хатшысы Антонио Гутерриш Әзірбайжан президенті Ильхам Әлиевпен және Армения премьер-министрі Никол Пашинянмен келіссөздер жүргізіп, атысты тоқтатуға шақырды.

Басқа қандай ақпараттар бар?

  • Армян әскери күштері Әзірбайжан қарулы күштерінің тікұшағын Қарабақтағы қақтығыс аймағында атып түсіргенін хабарлады.
  • Армения президенті Саркиссян Әзірбайжанға Қарабақтағы қақтығыста, Түркия F-16 истребителін беріп, көмектесіп жатыр деді. Бірақ Әзірбайжан тарапы бұл ақпаратты жоққа шығарды.
  • Арменияның қорғаныс министрлігі қақтығыстың әлі жалғасып жатқанын айтты.
  • Әзірбайжан қорғаныс министрлігі Ереванның екі әскери танкін жойғанын хабарлады.
  • Армения қорғаныс министрлігінің баспасөз хатшысы айтуынша, Әзірбайжан қарулы күштері Арменияның Варденис қаласында орналасқан әскери бөліміне шабуыл жасады.
  • Армения мен Әзірбайжан соғысқа байланысты жалған ақпарат таратып жатыр деп бір-бірін айыптады.
  • Түркияның сыртқы істер министрінің айтуынша, Түркия Әзірбайжанды дипломатиялық тұрғыда да және соғыс алаңында да қолдауға дайын.
  • Таулы Қарабақтағы жағдайға Еуропа, БҰҰ, АҚШ, Қазақстан және басқа елдер назар аударып, екі тарапты әскери қақтығысты тоқтатып, диалог орнатуға шақырды.
  • Ресей тарапы Түркияға екі тарапты бейбіт келісімге көмектесуге шақырды.

Таулы Қарабақ Әзірбайжан аумағында орналасқан. Тұрғындардың басым бөлігі армяндар. Таулы Қарабақ 1991 жылы Әзірбайжаннан тәуелсіздігін жариялады. Бірақ әлі тәуелсіздігін ешкім мойындамады. 1992-1994 жылдар аралығында Әзірбайжан Таулы Қарабақты қайтаруға тырысты. Кейін атысты тоқтату туралы келісімге келді. Бірақ ол келісім іске аспады.

Макрон Тихановскаяға уәде берді

Франция президенті Эммануэль Макрон Светлана Тихановскаяға Беларусьтегі саяси дағдарысты шешуге көмектесетіні туралы уәде берді. Бұл жайлы Тихановская Франция басшысымен болған кездесуден кейін айтты.

“Ол біздің елдегі саяси дағдарысты шешуге көмектесу үшін бәрін жасауға уәде берді”, — деді Тихановская

Беларусь оппозиционері және ресми сайлаудың нәтижесіне дейін президенттікке үміткер болған Светлана Тихановская Франция президентіне алғысы шексіз екенін айтты.

29.09 | Қарабақтағы текетірес, Макронның уәдесі және коронавирустан қайтыс болғандар
(Фото: Mindaugas Kulbis / AP) Светлана Тихановская Франция президентімен кездеспен бұрын.

“Мен Францияның елдегі жағдай бойынша назар аударғаны үшін ризамын. Эммануэль Макрон Беларусьтегі жағдайды жақсы біледі, сонымен бірге, оқиғаны қадағалап және біздің бостандық үшін күресімізді қолдайды” — деді Тихановская.

Франция президенті Макрон Тихановскаямен болған кездесудің жақсы өткенін айтты.

29.09 | Қарабақтағы текетірес, Макронның уәдесі және коронавирустан қайтыс болғандар
AP Photo / Julien de Rosa. Франция президенті Эммануэль Макрон

“Бізге сеніңіз, қолымыздан келгенін бәрін жасаймыз. Еуропа қысым көрсетіп, әрекет етіп жатыр. Біз жақын күндері немесе келесі аптада санкция саламыз. Осылайша, аяқталуына аз қалған (Лукашенко режимі – ред) режимге әсер ете аламыз», деді Макрон.

Беларусь Орталық сайлау комитеті 9 тамызда Лукашенконы 80 пайыз дауыс жинаған жеңімпаз деп жариялады. Оның билік басында отырғанына биыл 26 жыл болды. Беларусь халқы шамамен екі ай уақыт Александр Лукашенкоға қарсы жаппай митингке шығып жатыр.

Жасырын инаугурациясын өткізген Лукашенконы АҚШ, Канада, Германия, Украина, Польша, Чехия, Словакия, Дания, Эстония, Латвия, Литва Нидерланды және Ұлыбритания Беларусь президенті деп мойындамайды.

Еуроодақтың халықаралық істер жөніндегі жоғары өкілі Хосеп Боррель Еуропарламентте “Беларусьте 9 тамызда өткен сайлау нәтижесі бұрмаланған” деп екі рет мәлімдеді. Боррельдің айтуынша, Беларусь халқының құқығы тапталды және бұлай жалғаса берсе Беларусьте саяси кризис болатыны сөзсіз. Сонымен қатар, Беларусь халқы кімді сайласа да өздерінің құқығы екенін мәлімдеп, оларды Еуроодақ әрдайым қолдайтынын жеткізді.

Өткен аптада коронавирустан 26 адам қайтыс болды

Қазақстан Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, 21-27 қыркүйек аралығында коронавирустан 26 адам қайтыс болды.

  • Шығыс Қазақстан облысы 5
  • Атырау облысы 4
  • Алматы 3
  • Батыс Қазақстан облысы 3
  • Нұр-Сұлтан 2
  • Жамбыл облысы 2
  • Қарағанды облысы 2
  • Қостанай облысы 2
  • Шымкент 1
  • Маңғыстау облысы 1
  • Солтүстік Қазақстан облысы 1

Қазақстанда коронавирус жұқтырғандар саны 107 833. Пандемия басталғалы 1725 адам вирустан қайтыс болды. Жазылып шыққандар саны 102 805.

Денсаулық сақтау министрлігі 2 маусымда коронавирусқа қатысты
статистикаға симптомсыз тіркелген адамдарды есептемейтінін айтты. Ал 2
шілдеден бастап статистикаға симптомсыз жағдайды да қосты.

Сонымен қатар, 23 шілдеде тамыз айынан бастап пневмониядан қайтыс болғандарды статистикаға қосатыны хабарланды. Бірақ тамызға дейін пневмониямен ауырып немесе қайтыс болғандар есепке алынбады.

Төлепберген Маликов. Сулейман Демирел университетін журналистика мамандығы бойынша тәмамдаған. Азаттық радиосының Прагадағы бас штабында тәжірибеден өткен. 2018 жылдан бастап Factcheck.kz сайтында жұмыс істейді.

Factcheck.kz