24.12 | Moderna мәлімдемесі, Қазақстандық вакцина үшін ерікті болу, КВИ жұқтырғандар әлемде 1% құрады

Moderna коронавирустың жаңа штаммына қарсы вакцинасының тиімді екенін хабарлады

Ұлыбританияда анықталған коронавирустың жаңа штаммына қарсы Moderna вакцинасы тиімді екені жайлы ақпарат жарияланды. Бұл туралы компанияның ресми сайтында хабарланды.

«Вакцинаның кез-келген штамға қарсы белсенді екендігін растайтын қосымша сынақтар өткізуді жоспарлап отырғанымызбен, Moderna вакцинасы коронавирустың жаңа штаммдарына қарсы төтеп бере алады.

Компания хабарламасынан

Компания пандемияның бірінші толқынындағы вирустарға Moderna вакцинасы тиімді екенін де алға тартты.

Қазақстандық вакцинаны салдыруға ерікті болу жолдары түсіндірілді

ҚР Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов қазақстандық вакцинаны салдыруға ерікті болу жолдарын айтып берді. Бұл туралы Holanews.kz хабарлады.

«Ерікті болу өте оңай. Алматы, Тараз қалаларында ерікті болу мүмкіндігі бар. Қазіргі уақытта Алматыда тиісті сертификаты бар бірнеше клиникалық базаларда скрининг және еріктілерді вакциналау жүріп жатыр. Қажет болса, бізде байланысуға болатын нөмірлер бар», — деп жауап берді Білім министрі Орталық коммуникациялар қызметінде тілші сұрағына.

Айта кетейік, елімізде QazCovid-in вакцинасын клиникалық сынаудың үшінші кезеңі басталды. Онда үш мың еріктіге вакцина салынатыны хабарланды.

Коронавирус жұқтырғандар әлем халқының 1 пайызын құрады

Коронавирус жұқтырғандар әлем халқының бір пайызын (78,7 млн адам) құрады. Бұл туралы Азаттық радиосы хабарлады.

Дамыған елдерде диагностика ілгері жылжығандықтан ол жақта сәйкесінше науқастар да көп. Атап айтқанда, АҚШ-та тұрғындардың 6 пайыздан астамы коронавируспен ауырып шыққан немесе қазір ауырып жатыр.

Әлемде 1 млн 700 мың адам коронавирустан қайтыс болған. Бұл жуықтап алғанда науқастардың екі пайызына тең.

Коронавирустың жаңа штамы тараған Ұлыбританияда Лондон мен кейбір аймақтарда карантин күшейген. Көптеген елдер Ұлыбританиямен әуе қатынасын тоқтатты. 

Төлепберген Маликов. Сулейман Демирел университетін журналистика мамандығы бойынша тәмамдаған. Азаттық радиосының Прагадағы бас штабында тәжірибеден өткен. 2018 жылдан бастап Factcheck.kz сайтында жұмыс істейді.

Factcheck.kz