22.12 | Ең танымал 5G смартфон, “Nur Otan” плакатын жыртқан белсендінің психдиспансерге жатқызылуы, Еуропадағы вакцина

Еуропалық комиссия ЕО елдерінде Pfizer / BioNTech вакцинасына рұқсат берді

Еуропалық комиссия америкалық Pfizer және Германияның BioNTech компаниясы жасаған коронавирусқа қарсы вакцинаны қолдануға шартты түрде рұқсат берді. Бұл туралы РБК сайты хабарлады.

Брифингте Еуропалық комиссия басшысы Урсула фон дер Ляйеннің айтуынша, Еуропалық дәрі-дәрмек агенттігінің (EMA) мамандары препаратты мұқият зерттеп, оның тиімді және қауіпсіз екені туралы қорытындыға келді. Вакцина Еуроодақтың барлық елдерінде қол жетімді болады. Ал вакцинация 27-29 желтоқсанда басталады.

Pfizer және BioNTech препараттарының тиімділігі 95 пайызды көрсетіп отыр.

Естеріңізге сала кетейік Қазақстанда коронавирусқа қарсы ресейлік “Спутник V” вакцинасы Қарағандыда әзірленіп жатыр.

iPhone 12 — қазан айындағы ең танымал 5G смартфон

Counterpoint сарапшыларының зерттеуінше, iPhone 12 қазандағы рейтингте ең танымал 5G смартфон. Бұл туралы Рatentlyapple сайты хабарлады.

Бұл рейтинг бойынша iPhone 12-нің үлесі 16 пайыз. Ал екінші орында орналасқан iPhone 12 Pro 8 пайызды көрсетті.

iPhone 12 смартфонының екі аптадағы сатылым көрсеткіші қаңтар-қазан айы аралығында сатылған танымал 5G смартфон қатарына қосылуға мүмкіндік беріп, 7 орында тұрақтады.

Ал сатылымда бірнеше ай болған Galaxy Note20 Ultra 5G он айлық көрсеткіш рейтингінде 3-орында.

Ақтөбеде “Nur Otan” плакатын жыртқан белсенді психдиспансерге жатқызылды

Ақтөбеде “Nur Otan” партиясының сайлауалды үгіт-насихат плакатын жыртқан азаматтық белсенді Асанәлі Сүйеубаев жүйке аурулары диспансеріне жатқызылды. Белсенді Сүйеубаевты үйінен жедел жәрдем бригадасы мен учаскелік инспектор 21 желтоқсан күні әкеткенін Qaharman қорының директоры, құқық қорғаушы Дана Жанай айтты. Бұл туралы Азаттық радиосы жазды.

Асанәлі Сүйеубаев Ақтөбе облыстық психикалық денсаулық орталығына 21 желтоқсан күні кешкі алтылар шамасында түскен. “Пациентті жедел жәрдем бригадасы мен полиция қызметкерлері алып келді” дейді бас дәрігердің орынбасары Есенаман Нысанов.

Мінез-құлқында өзгеріс бар. Бірақ оны өзі мойындамайды. Ойына не келсе соны істеп, көшеге шығып, сайлау плакаттарын жыртқан. Мұны медицинада “аддиктивті мінез-құлық” деп атайды. Сүйеубаев қоғамдық тәртіпке қайшы әрекет жасаған, – дейді Есенаман Нысанов.

Дәрігердің мәліметінше, екінші топ мүгедегі Асанәлі Сүйеубаев 2012 жылы психиатрлар есебіне алынған.

Полиция Азаттыққа Асанәлі Сүйеубаевтың ұсталғаны жайлы әзірге ақпарат бермеді.

Белсенді Сүйеубаевтың Facebook парақшасында осыдан екі күн бұрын жарияланған видеодан автобуста “Нұр Отан” партиясының сайлауалды үгіт-насихат плакатын жыртып тұрған сәтін көруге болады.

Ал 21 желтоқсан күнгі тікелей эфир кезінде Сүйеубаев өзін әкетуге келіп тұрған жедел жәрдем мен полиция қызметкерлерін түсірген.

Видеода медицина қызметкері Сүйеубаевқа “үгіт-насихат плакаттарын жыртып, не үшін қоғамдық тәртіпті бұзып жүрсің, олай істеуге құқығың жоқ” дейді. Ал Сүйеубаев тікелей эфирде өзін “тағы қудалап жатқанын” айтады.

Оны бұған дейін де психиатрия клиникасына әкетіп, 20 күн бойы мәжбүрлеп ұстаған еді. Жыл басында Асанәліні “Көше партиясының” үнпарақтарын таратқаны үшін әкетті. Бұл жолы да сайлау қарсаңында әдейі қамап отыр. Белсенділер “Нұр Отан” партиясының жалған рейтингін, сайлау кезінде дауыс ұрлайтынын әшкерелемек. Сол үшін Қазақстанда жүздеген белсенді қуғын көріп жүр. Үйқамақта, тергеу изоляторында отырғандар бар. Ал Сүйеубаев жүйке аурулары диспансеріне қамалды, – дейді Qaharman қорының директоры, құқық қорғаушы Дана Жанай.

Ақтөбеде өтетін наразылық жиындарының тұрақты қатысушысы, белсенді Асанәлі Сүйеубаев 2020 жылдың сәуір айында Ақтөбедегі жүйке аурулары клиникасында емделген.

Төлепберген Маликов. Сулейман Демирел университетін журналистика мамандығы бойынша тәмамдаған. Азаттық радиосының Прагадағы бас штабында тәжірибеден өткен. 2018 жылдан бастап Factcheck.kz сайтында жұмыс істейді.

Factcheck.kz