21.12 | Applе электромобилі, коронавирустың жаңа штамы, полицияның алаяқтар жайлы ескертуі

2021 жылы Applе компаниясының электромобилі нарыққа шығуы мүмкін

Applе компаниясының көптен бері айтылып келе жатқан алғашқы электромобилі 2021 жылдың 3-ші тоқсанында шығуы мүмкін. Бұл туралы EconomicDailyNews хабарлады.

Дереккөздің хабарлауынша, Тайваньдағы өндірушілер мен жеткізушілер келесі жылдың екінші тоқсанында Apple Car көлігінің компонент өндірісін ұлғайтуға дайындалып жатыр. Сонымен бірге, компания АҚШ-тың Калифорния жолдарында көліктің ондаған прототиптерін сынақтан өткізуді бастады.

Ал 2017 жылы Apple Калифорния билігінен көліктерін сынақтан өткізуге рұқсат алған. Сонымен қатар, көлік 2023 немесе 2025 жылы шығарылуы мүмкін делінген. Басылым бұл ақпараттарды Тайваньдағы ірі өндірушілерге сілтей отырып хабарлады.

Еуроодақ елдері коронавирустың жаңа түріне байланысты Ұлыбританиямен әуе қатынасын үзе бастады

Еуроодақта бірнеше мемлекет Англияның оңтүстік-батысында Covid-тің жаңа штамының тарауына байланысты Ұлыбританиямен әуе қатынасты тоқтатты. Бұл туралы бірінші болып Бельгия мен Нидерланд хабарлады. Бельгия Еуротоннель арқылы Лондонмен жалғайтын темір жол қатынасын да үзді. Бұл туралы “Азаттық радиосы” хабарлады.

Ізінше Франция, Германия бар оннан астам мемлекеттің Ұлыбританиямен әуе байланыстарын тоқтатқаны белгілі болды. Бұл мәселені ЕО өкілдері осы аптада талқылайды.

Израиль өз азаматтарынан өзгелерді кіргізбеу туралы шешім қабылдады. Лондоннан келген Израиль азаматтары екі апта карантинде болуға тиіс.

Жақында Ұлыбритания Англияның оңтүстік-батысы мен Лондонда 4-деңгейлі локдаун енгізген. Британия басылымдары Рождество мерекесіне байланысты қоғамдық іс-шаралар өтпейтінін жазып жатыр. Мейрамханалар мен дәмханалар ашылмайды. Тұрғындарға үйден себепсіз шығуға тыйым салынған. Бірнеше отбасының Рождествоны бірлесіп мерекелеуіне де болмайды. Шектеу кемі 2 аптаға созылады.

Ұлыбритания премьер-министрі Борис Джонсонның айтуынша, коронавирустың жаңа түрі вирустың әдеттегі түріне қарағанда 70 пайыз жылдам тарайды. Бірақ дәрігерлер оның адам өміріне аса қауіпті емес және вакцинацияға да әсері жоқ деп санайды.

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы 20 желтоқсанда коронавирустың жаңа белгісі Италия, Нидерланд, Дания, Австралияда анықталғанын хабарлады.

Полиция алаяқтардың жаңа тәсілі туралы ескерту жасады

Ақмола полициясы қазақстандықтарға банктік шоттармен, телефонмен алаяқтық жасаудың жаңа түрі туралы ескертті. Бұл туралы Orda.kz сайты Полиция департаментінің баспасөз қызметіне сілтеп хабарлады.

Полиция дерегінше, 18 желтоқсанда 55 жастағы Көкшетау тұрғыны көмекке жүгінген. Белгісіз біреу өзін банктің қауіпсіздік қызметкері ретінде таныстырып, 674 мың теңгесін шотынан шешіп алған. Хабарласқан алаяқ әйелдің есепшотына кибершабуыл жасалуы мүмкін деп қорқытып, ақшасын біраз уақытқа жақын шетелдегі банктердің біріне аударуды ұсынған.

Қазір бұл факт «Алаяқтық» бабы бойынша тексеріліп жатыр. Полиция қызметкерлері осыған ұқсас жағдаймен алданған адамдарды анықтауда.

Құқық қорғау органдары қызметкерлері жеке деректерді беруді немесе қандай-да бір әрекеттерді жасауды талап еткен банк қызметкері қоңырау шалған жағдайда, қоңырауды үзіп, банктке ресми байланыс телефондары арқылы хабарласуға кеңес береді.

Төлепберген Маликов. Сулейман Демирел университетін журналистика мамандығы бойынша тәмамдаған. Азаттық радиосының Прагадағы бас штабында тәжірибеден өткен. 2018 жылдан бастап Factcheck.kz сайтында жұмыс істейді.

Factcheck.kz