21.01 | HRW үкіметтік емес ұйымдардың қысымына алаңдады, Қырғызстан үкіметінің отставкасы, туиттер Қытай елшілігінің аккаунтын неге бұғаттады?

Human Rights Watch үкіметтік емес ұйымдардың қысымға ұшырауына алаңдады

Human Rights Watch Қазақстан билігі сайлауда заң бұзушылық болғанын анықтаған үкіметтік емес ұйымдарға қысым көрсетіп жатқанын хабарлады. Адам құқығын қорғайтын ұйым Қазақстан билігінің реформалар жүргізуге және адам құқығы бойынша жағдайды жақсартуға тырысып жатқанына күмән келтіреді.

15 қаңтарда салық органдары “Эхо” үкіметтік емес ұйымының жұмысын үш айға тоқтатып, 1400 доллар (шамамен 586 мың теңге) айыппұл салды. Салық органдарының дерегінше, “2018 жылдан бастап шетелдік қаржыландыру есебі бұзылған”. Алайда ұйым мұндай айыптарды жоққа шығарды.

Халықаралық Human Rights Watch (HRW) адам құқығын қорғау ұйымы тағы бір үкіметтік емес “Еркіндік Қанаты” қоры “қаржылық есеп берудегі заң бұзушылығы үшін” айыппұл төлегенін жазған. Сонымен бірге, MediaNet Халықаралық журналистика орталығы жақын күндері жергілікті салық органдарына шақырылатынын атап өткен. Оларға да айыппұл салынып, жұмысы тоқтауы мүмкін. Қалған үкіметтік емес ұйымдардың шешімі де енді шығады.

Human Rights Watch өкілі Мира Риттманн сөзінше, мұндай заңсыз қысымдар жалғаса берсе Қазақстан билігінің реформа жасап, адам құқығы үшін күресетіне күмән тудырады. HRW билік ұзақ уақыт бойы адам құқығын қорғайтын белсенділер мен ұйымдарға құқығын шектейтін заңдар қолданып, негізсіз айыптар тағып келгенін атап өткен. Бірақ бұл жолы “әрқаладан орналасқан оншақты топтың бір мезгілде қысымға ұшырап, биліктің ашықтан-ашық заңды белден басуы шошытады” деп мәлімдеді.

Eurasianet жазуынша, Қазақстанда оппозициясыз парламент сайлауы өткен соң ұйымның жұмысы тоқтатылған. Сонымен қатар, Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың “еститін үкімет” болатын уәдесі орындалмағанын жазған.

Туиттер Қытай елшілігінің парақшасын ұйғырлар туралы жазбасынан кейін бұғаттады

Twitter ұйғырлар туралы жариялаған жазбасы үшін АҚШ-тағы Қытай елшілігінің аккаунтын бұғаттады. Бұл туралы ORDA сайты РИА Новости агенттігіне сілтеп хабарлады.

7 қаңтарда ұйғыр әйелдері енді «бала көтеретін машиналар» емес деп хабарлама жарияланған. Бірақ туиттер 24 сағаттан кейін жойып, «бұл твит енді қол жетімді емес» деген жазумен ауыстырған.

«Біз бұл әрекетті осы твитте адамгершілікке қарсы саясатты бұзғандықтан жасадық», – деді Twitter өкілі.

2020 жылы маусымда сол кездегі АҚШ президенті Дональд Трамп Қытайдың ұйғырларға қарсы қысымына байланысты санкция туралы заңға қол қойған. Бұған жауап ретінде Қытай билігі бірқатар америкалық шенеуніктерге жаза енгізген.

Қырғызстан үкіметі отставкаға кетті

Қырғызстан президенті міндетін уақытша атқарушы, Жогорку кеңеш спикері Талант Мамытов премьер-министр мен үкіметтің өкілетін аяқтау туралы жарлыққа қол қойды. Бұл туралы мемлекет басшысының сайтында жарияланғанын Азаттық радиосы хабарлады.

Хабарламада президент сайлауының ресми қорытындысы жарияланып, Садыр Жапаровтың премьер-министр өкілетін аяқтау туралы өтініш бергені жазылған.

Азаттықтың Қырғыз қызметінің жазуынша, бұл жарлық бойынша үкімет толық отставкаға кетті деп саналады. Премьер-министр міндетін Артем Новиков уақытша атқарады.

Бұған дейін Садыр Жапаровтың президент сайлауының ресми нәтижесі шыққаннан кейін премьер-министр өкілетінен бас тартатыны хабарланған еді. Конституция бойынша, бұдан соң үкімет толық отставкаға кетуі тиіс.

Былтыр 6 қазанда Қырғызстанда халық толқуы болып, артынша билік ауысқан. Жогорку кеңештің кезектен тыс отырысында Садыр Жапаров премьер-министр болып тағайындалған. Кейін ол президент сайлауына түскісі келетінін айтып, үкімет жетекшісінің өкілетін уақытша тоқтатқан. Оның міндеті премьер-министрдің орынбасары Артем Новиковқа жүктелген.

20 қаңтарда орталық сайлау комиссиясы президент сайлауының ресми нәтижесін жариялап, Садыр Жапаровтың жеңгенін мәлімдеді. Оның инаугурациясы 28 қаңтарда өтеді.

Төлепберген Маликов. Сулейман Демирел университетін журналистика мамандығы бойынша тәмамдаған. Азаттық радиосының Прагадағы бас штабында тәжірибеден өткен. 2018 жылдан бастап Factcheck.kz сайтында жұмыс істейді.

Factcheck.kz