16.12 | Еурокомиссияның VK мен Telegram’ға қатысты шешімі, туиттердің видео қызметі, Алматыдағы шеру

Еурокомиссияның ВКонтакте мен Телеграмға қатысты шешімі

Телеграм мен “ВКонтакте” желісіне авторлық құқық иелерінен көптеген шағымдар түсіп, желі әкімшілігі алаяқтардың контентіне қарсы жеткілікті түрде күреспейді. Дәл осылай Еуропалық комиссияда мәлімдеме жасалды. Бұл туралы DW сайты жазды.

Еуропалық комиссия ВКонтакте әлеуметтік желісі мен Telegram мессенджерін алаяқтарға көмектесіп, оған үлес қосатын және одан пайда көретін ресурстар тізіміне қосты.

Бұл тізім 14 желтоқсанда құқық иеленуші топтарының есептері негізінде, сонымен бірге, Еурополдың, алаяқтыққа қарсы еуропалық кеңсенің көмегімен еуропалық комиссияның ресми сайтында жарияланды.

«ВКонтакте» дерегінше, желі әкімшілігі 1,36 миллионнан астам шағымды қарап, көп жағдайда заңсыз контентті 24 сағат ішінде жойған.

Туиттер Periscope видео қызметінің жабылатынын хабарлады

Twitter-дің танымал Periscope видеотрансляция қызметі 2021 жылдың 31 наурызында жұмысын тоқтатады. Сонымен бірге, 15 желтоқсаннан бастап жаңа аккаунттар құру мүмкін емес. Бұл туралы компания хабарламасында айтылды.

Twitter әкімшілігі қосымшаның жабылуы “қиын шешім” болғанын айтты. Бірақ компания, осылайша, әлеуметтік желінің өзінде видеотрансляция қызметін дамытуға көңіл бөлуге жоспар құрғанын хабарлады. Жеке қосымша ретінде жұмыс істейтін Periscope орнына Twitter Live функциясы іске қосылады.

Periscope қызметі iOS және Android платформаларына қосымша ретінде жұмыс істеді. Ол 2015 жылы іске қосылды. Алайда Twitter бұл жобаны жұмысын ресми түрде бастамай тұрып, 2014 жылы 120 миллион долларға сатып алған еді.

Алматыда белсенділер Желтоқсан, Жаңаөзен құрбандарын еске алып, шеруге шықты

16 желтоқсан Алматыда жүзге жуық белсенді 1986 жылғы “Желтоқсан оқиғасы” мен 2011 жылғы “Жаңаөзен оқиғасын” еске алу үшін қала орталығына жиналды. Алаңға келгендердің арасында “Оян, Қазақстан” қозғалысының белсенділері мен “Демпартия” құрғысы келетін бастамашыл топтың өкілдері, қала тұрғындары болды. Олар қолдарына “Ұмытылмас 1986 2011”, “Выворы”, “Менің даусым ұрланды”, “Елімізге upgrade қажет” деген жазуы бар плакаттар ұстап шықты. Бұл туралы “Азаттық радиосы” және Vlast.kz хабарлады.

16.12 | Еурокомиссияның VK мен Telegram'ға қатысты шешімі, туиттердің видео қызметі, Алматыдағы шеру
Фото: Vlast.kz

“Оян Қазақстан” белсенділерінің айтуынша, олар Желтоқсан көшесінен Назарбаев көшесі арқылы Астана алаңына баруды жоспарлаған. Бірақ алаңға келгендерді арнайы жасақ қоршап, ешқайда жібермей тұрды.

Беттеріне маска киген бірнеше адам белсенділерді видеоға түсіріп жүрді. Oyan, Qazaqstan белсенділері саяси тұтқындарды босатуды, 10 қаңтарға белгіленген мәжіліс және мәслихат сайлауын әділ өткізуді талап етіп, “Әділ сайлау”, “Оян, Қазақстан” ұрандатты.

Желтоқсан және Жаңаөзен оқиғасының құрбандарын Нұр-Сұлтан және Шымкент қалаларында да еске алу шарасы өтті.

Контекст

2011 жылы 16 желтоқсанда Жаңаөзен қаласында полиция еңбек жағдайын жақсартуды талап еткен мұнайшыларға оқ атып, ресми дерек бойынша 17 адам қаза тапты. Ондаған адам жараланды. Белсенділер Жаңаөзен оқиғасының “шындығы ашылған жоқ” деп санайды.

1986 жылы желтоқсанда Мәскеу Қазақстан басшылығынан Дінмұхамед Қонаевты алып тастап, жұртқа беймәлім бұрын Ресейдің Ульянов облысын басқарған Колбинды тағайындаған соң қазақ жастары Алматының орталығына наразылыққа шықты. Совет билігі жастарды қатігездікпен басып жаншыды. 99 адам түрлі мерзімге сотталды. Екі адам ату жазасына кесілді. Наразылық кезінде қаза тапқандар және жараланғандар болды.

Төлепберген Маликов. Сулейман Демирел университетін журналистика мамандығы бойынша тәмамдаған. Азаттық радиосының Прагадағы бас штабында тәжірибеден өткен. 2018 жылдан бастап Factcheck.kz сайтында жұмыс істейді.

Factcheck.kz