Ресей, АҚШ пен Францияның «шетел агенті» не туралы? Қазақстанды не күтіп тұр?

2025 жылдың ақпан айының басында Қазақстанның Халық партиясы фракциясының депутаты Ирина Смирнова шетел агенті туралы заң мәселесін қайта көтерді. Смирнова артынан, 19 ақпанда Халық партиясы «Шетел агенті туралы» заң жобасын әзірлейтінін мәлімдеді.

Бұған дейін, 2023 жылы Қазақстан қаржы министрлігі шетелден қаржы алатын жеке тұлғалар мен ұйымдардың тізімін жариялады. 2024 жылдың аяғында реестрде 200 субъекті көрсетілген. Біз мұның алдындағы материалымызда неге бұл тізім Ресейдегі «шетел агенттері туралы» заңды еске түсіретінін және халықаралық құқықтық актілерде жазылған жеке бас құқығы мен кемсітпеу принципін қоса алғанда негізгі принциптерді бұзатынын талдадық.

Авторитар елдерде «Шетел агенті» туралы заңдар, әдетте, азаматтық қоғамның үрейін тудырады, өйткені Human Rights Watch ұйымы жазғандай, авторитар елдердің үкіметі мұндай типтес заңдарды азаматтық қоғам өкілдерін қаралау үшін пайдаланады.

Осыған қатысты жаңалыққа кейбір оқырманымыз АҚШ-та да осыған ұқсас заң барын, мұндай реестрде тұрған ештеңе жоқ екенін алға тартатынын байқыдық. Осыған ұқсас риториканы Владимир Путин де айтқан. Ол 2021 жылы «Бұл біз шығарған заң емес, шетел агенттері туралы заң АҚШ-та 1930 жылдары қабылданған және ол біздікінен әлдеқайда қатаң»‎, – деді. Қазақстандық депутат Никита Шаталов та 2023 жылы «шетел агенті» деген сөздің өзі «АҚШ-тан шыққан» деді. Осыған ұқсас нарратив медиада жиі айтылады (1, 2, 3).

Ирина Смирнова ақпан айындағы парламенттегі сауалында шетел қаржыландыруына қатысты ұлттық заңнаманы құруға шақырып, FARA туралы, сондай-ақ Францияда 2024 жылы қабылданған заң туралы айтады.

Factcheck.kz редакциясы бұл материалда АҚШ заңы не туралы екенін, жаңадан қабылданған Францияның заңы нені меңзейтінін және Ресейдің «шетел агенттері туралы» заңы басқаларынан несімен ерекшеленетінін талдады. Одан бөлек, сарапшымен Қазақстанды не күтіп тұрғанын да талқыладық.

Қысқаша қорытынды: АҚШ «шетел агенті» ретінде саяси лоббистреді, шетелден тікелей басқарылатын адамдарды, елдің саясатына ықпал еткісі келетін адамдарды атайды. Дегенмен штаттарда «шетел агентінің» жұмысына шектеу мен қудалау жоқ.

Францияның заңының «шетел агентіне» қатысы жоқ, ол «‎Шетелдің араласуының алдын-алуға бағытталған заң» деп аталады, ол негізінен шетелдің ақпараттық-технологиялық ықпалын азайтуға бақытталған. Заңда шектеулер жоқ. Бірақ заң адамдарды бақылауға мүмкіндік береді.

Ресейде «шетел агентіне» ғана емес, «шетелдіктің ықпалында болған» және «шетел агентімен байланысы бар» адамдарға көптеген шектеу мен қысым заң жүзінде бекітілген. Оның үстіне, ресейлік заңда «шетелден көмек» ретінде тек қаржы емес, көмектің кез келген түрі қарастырылған.

Ал Қазақстанда «шетел агентіне» арналған заң жоқ, бірақ шетелден қаржы алатын ұйымдар мен жеке тұлғаларға арналған тізім бар. Дегенмен реестрдің өзі алалау мен қорқыту құралы ретінде пайдаланылады.

Ресей заңы

Аймақта «шетел агенті» деген таңбалау үрдісі айқын байқалады. 2024 жылы наурызда Қырғызстанда «шетел өкілдері туралы» заң қабылданды. 2024 жылдың мамырында Грузия парламенті «шетел ықпалының ашықтығы туралы» заң қабылдады. Екі құжаттағы «шетел агенті» ұғымы 2012 жылы пайда болған ресейлік заңнамадан бастау алған.

Ресейдің «шетел агенті» туралы заңы, бәлкім, біз қарастырып отырған үш елдің заңының арасындағы ең репрессив әрі кең мағынада қолданылатыны.

2012 жылы «шетел агенті» туралы қабылданған заң 12 жыл ішінде түрлі өзгеріске ұшырап, қазір көптеген шектеуден тұратын азаматтық қоғам өкілдерін қудалау құралына айналды. Заңның алғашқы нұсқасы Ресейдің әділет министрлігіне шетелден қаржы алып, саяси қызметпен айналысатын коммерциялық емес ұйымдарға «шетел агенті» статусын беру мүмкіндігін ашты. Ұйымдар арнайы тізімге тіркеліп, барлық материалын арнайы таңбамен белгілеп, қызметі туралы есеп беруге міндеттелді.

Бұдан соң 2017 жылы БАҚ-ты «шетел агенті» деп тану туралы заң шықты. Ал 2019 жылы Ресей билігі БАҚ-ты «шетел агенті» деп тану туралы заңның нормаларын кеңейту жөнінде шешім қабылдады. Енді бұл мәртебені БАҚ-ты құруға қатысатын не олардың хабарламаларын тарататын және сонымен қатар шетелден ақша алатын жеке тұлғаларға (ресейлік пен шетелдіктер) беруге рұқсат етілді. 2020 жылы Ресейде саясатқа араласып, шетелден көмек алатын заңды тұлғасы жоқ қарапайым азаматтар мен ұйымдарды «шетел агенті» деп тануға рұқсат беретін заңды мақұлдады. Заң «көмек» деп тек қаржыны меңземейді, ал «саясатқа араласу» өте кең мағынада тәпсірленуі мүмкін еді.

2022 жылы мемлекеттік думаның төрағасы Вячеслав Володин «Біз болашағымызды ойлаймыз және тек еліміздің азаматтарының, мемлекетіміздің мүддесі үшін шешім қабылдаймыз», – деп «Шетелдің ықпалдағы тұлғалардың қызметін бақылау туралы» заңды қабылдады. Түзету авторларының бірі, қауіпсіздік және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл комитетінің төрағасы Василий Пискаревтың сөзінше, жаңа заң бұрынғы «шетел агенті» туралы заңды жүйелеу мен шетелдің ықпалындағы адамдар мен ұйымдардың қызметін бақылау тәртібін ашық ету мақсатында әзірленген. Құжат мәтінініне сенсек, енді Ресейде «шетел агенті» түсінігінен бөлек, «шетелдік ықпал» және «шетелдік агентпен байланысты» адамдар туралы да деректердер жиналып, тізімі жүргізіледі. Құжатта «шетел агенті» статусын алған адамдарға 18 тармақшадан тұратын шектеу бары жазылған. Оның ішінде: «шетел агенті» мемлекеттік органдардың жанынан құрылған комиссиялардың, комитеттердің, консультативтік-кеңесші, сараптамалық және өзге де органдардың қызметіне қатысуға; көпшілік іс-шараның ұйымдастыруға; саяси партияға және оның аймақтық филиалдарына қайырмалдық жасауға; кәмелетке толмағандарға арналған ақпараттық өнім шығаруға және т.б. құқығы жоқ.

Ал 2024 жылы 28 ақпанда мемлекеттік дума «шетел агенттеріне» жарнама жасауға тыйым салды. Көп ұзамай-ақ «Скажи Гордеевой» жобасының авторы Катерина Гордеева осы талаптың салдарынан жобасын тоқтататынын хабарлады. Одан бөлек, мысалы, бұл тізімге «Новая газета» баспасының бас редакторы, Нобель сыйлығының бейбітшілік лауреаты Дмитрий Муратов та еніп, «шетел агенті» атанды.

Жалпы, Ресейде шетел агенті болу үшін журналистикамен немесе басқа да белсенділікпен айналысу міндетті емес. 2020 жылы Ресей әділет министрлігі тұрмыстағы зорлық-зомбылық құрбандарына көмек көрсететін «Насилию.нет» орталығын шетелдік агенттердің тізіліміне енгізді. Ал 2023 жылы Мәскеу соты орталық директоры Анна Ривинаны әлеуметтік желідегі жазбаларында шетел агенті деген таңбаны көрсетпегені үшін орталыққа 300 000 және Аннаның өзіне 100 000 рубль көлемінде айыппұл салды.

Ресейдің «шетел агенттері» туралы заңнамасын бұзу әкімшілік, қылмыстық және өзге де жауапкершілікке әкеп соғады.

АҚШ заңы

АҚШ-тың конгресс зерттеулері сервисінің ақпаратына сәйкес, Құрама штаттарда Шетел агенттерін тіркеу туралы заң (Foreign Agents Registration Act — FARA) 1938 жылы қабылданған. Мұндай шараға екінші дүниежүзілік соғыс қарсаңында АҚШ-та жұмыс істейтін нацистік Германияның пропагандистерінің көбеюі әсер еткен. Дегенмен заң саяси пропагандистерге тыйым салмады, керісінше шетел үкіметтері мен жетекшілерінің атынан пропаганда жүргізетін тұлғалардан үкіметте тіркелуді және олардың клиенттері, қызметі мен келісімшарттары туралы ақпаратты ашық айтуды талап етті.

Бұл тұста ағылшын тіліндегі «‎agent»‎ сөзі кейде басқа біреу үшін бизнеспен айналысатын адамды білдіретінін, яғни бірден теріс мағына білдірмейтінін, ал орыс тіліндегі мағынасында көбіне шет мемлекеттің барлау қызметінде жұмыс істейтін адамды білдіретінін ескерткен жөн. Яғни орыс тіліндегі нұсқада адамдардың «шетел агентін» бірден теріс қабылдау мүмкіндігі көбірек.

1966 жылы заңға өзгертулер енгізіліп, енді ол көбіне шетел атынан әрекет ететін саяси лоббистерге емес, шетелдің атынан әрекет ететін экономикалық агенттерге бағытталатын болды. Бұл түзетулерге АҚШ сенатының халықаралық қатынастар жөніндегі комитетінің шетелдік қант мүдделеріне және басқа лоббистік әрекеттерге қатысты зерттеулері ішінара түрткі болды.

1963 жылы АҚШ сенатының халықаралық қатынастар жөніндегі комитетінде «Шетел принципиалдарының дипломатиялық емес өкілдерінің АҚШ-тағы қызметі» деген тақырыпта тыңдау өтті. Бұл отырыстарда ресми дипломатиялық мәртебесі жоқ шетелдік мүдделерді білдіретін тұлғалардың қызметі талқыланды. Тыңдаулардың мақсаты шетел субъектілері АҚШ саясатына, әсіресе қант өнеркәсібіне қатысты қалай әсер ете алатынын бағалау болды.

Қазір бұл заңға сай, АҚШ-та шетелдің атынан жұмыс істейтін саяси не адвокаттық саладағы заңды тұлғалар әділет министрлігіне тіркелуі керек. Бұдан бөлек, мұндай заңды тұлғалар кірісі мен шығысы, жұмысы мен басқа да ақпараттарды жария етуге міндетті. «Қажет ақпаратты қолжетімді қылу үкімет пен Америка халқының мұндай тұлғалардың шетел агенті ретіндегі қызметіне қатысты жұмысын бағалауды жеңілдетеді»,- деп жазылған АҚШ әділет министрлігінің сайтында. Яғни мұндай талаптар қоғам өзінің қандай ақпарат тұтынып отырғанын білуі үшін қойылады. Дегенмен, бұл шетелдік агенттердің жұмысына қандай да бір шектеу қойылады дегенді білдірмейді. Кейінгі деректерге сәйкес (2021 жылғы желтоқсан), шамамен 750 шетелдік принципалдың 492 жұмыс істеп тұрған тіркеушісі бар.

Бәлкім АҚШ пен Ресей заңдары арасындағы басты айырмашылық — Ресей үшін заңды не жеке тұлға шетелден қандай да бір грант алғаны үшін арнайы тізімге енгізілсе, АҚШ-та «Шетелдік принципал агенті» деп «шетелдік басшылардың» бұйрығы, сұрауы не нұсқауы я болмаса бақылауы бойынша әрекет ететін адамды не жеке тұлғаны айтады. Яғни, қысқаша айтқанда, АҚШ заңы үкіметтік емес ұйымдар, зерттеу орталықтары емес, елдің ішкі және сыртқы саясатына ықпал етуге тырысатындарға бағытталған.

Оның ішінде АҚШ әділет министрлігі шетел агенті деген статусты нақтылау үшін келесі белгілерді жазады:

  • АҚШ-тың ішкі немесе сыртқы саясатына я болмаса шетелдік үкіметтің не шетелдік саяси партияның мүдделеріне қатысты кез келген АҚШ үкіметінің қызметкеріне не америкалық қоғамға ықпал ету ниеті сияқты АҚШ-та саяси қызметпен айналысу;
  • Америка Құрама Штаттарында қоғаммен байланыс жөніндегі кеңесші, жарнама агенті, ақпарат қызметкері немесе саяси кеңесші ретінде жұмыс істеу;
  • Құрама Штаттарда жарналарды, несиелерді, ақшаны немесе басқа құнды заттарды сұрау, жинау, төлеу немесе тарату;
  • АҚШ үкіметінің шенеуніктері немесе агенттіктері алдында шетелдік басшының мүдделерін қорғау.

Теориялық тұрғыдан коммерциялық емес ұйымдарды FARA тізіміне қосуға болады деп айтуға болар еді, бірақ белгілі бір ұйымның АҚШ саясатына (әсіресе экономикалық тұрғыдан) әсер ету үшін шетелдегі басшының бұйрығымен әрекет ететіні сотта дәлелденуі керек.

Құқық қорғаушы Евгений Жовтистің айтуынша, АҚШ-тың FARA заңы мен Ресейдің шетел агенттері туралы заңымен және қазақстардық реестрмен қатар қоюға еш негіз жоқ.

Шетел агенті туралы ресейлік заңның да, тізілімді жариялау түріндегі мемлекеттік [қазақстандық – авт.] реакцияның да америкалық FARA шетел агенті туралы заңына ешқандай қатысы жоқ. Яғни, америкалық FARA заңының азаматтық қоғамды шетелден қаржыландыруна мүлдем байланысы жоқ. Американың FARA заңы АҚШ саясатына тікелей әсер ету үшін қаржы, оның ішінде шет мемлекеттен қаржы алып, ұйымдардың АҚШ саясатына тікелей әсер ететіндермен байланысты. Бірақ бұл шектелмейді, тек бұл туралы хабарлау керек. Мұның ешқандай жобаларға я болмаса саяси мүдделерге қатысы жоқ. Бұл АҚШ саясатына әсер ету туралы. Бар айырмашылығы сол. Шетел агенті туралы Ресей заңы мен Қазақстанның реестріндегі ережелердің бұл заңға еш қатысы жоқ.

Егер басқа мемлекетті қаржы алу және т.б. арқылы, мәселен, Қазақстан не Ресей Федерациясының саясатына ықпал ету дегеннің не екені нақты анықталса, екеуін салыстыруға болар еді, бірақ бұл жерде параллель жоқ.

Евгений Жовтис

Ресей мен АҚШ-тағы «шетел агенттерінің» тізіміне енгізу процедуралары айтарлықтай ерекшеленеді. Ресейде әділет министрлігі өз бағалауы бойынша ұйымды немесе жеке тұлғаны олардың келісімінсіз «шетел агенттерінің» тізіміне мәжбүрлеп енгізе алады. Заң әділет департаментінен шетелден қаржы алғанын немесе ықпалында екенін ашық түрде дәлелдеуді талап етпейді. Америка Құрама Штаттарында шетелдік басшы атынан әрекет ететін жеке тұлғалар немесе ұйымдар әділет департаментіне тіркелу үшін өз бетінше өтініш беруі керек. Құжаттарды зерделегеннен кейін әділет министрлігі өтініш берушіні тізімге енгізу-енгізбеу туралы шешім қабылдайды. Бірақ, әрине, кейде прокуратураның өзі де тіркеуге түрткі болуы мүмкін.

Бір қызығы, АҚШ заңы да Ресейдікі секілді «шетел агентіне» шетелдік басшы атынан тарататын ақпараттық материалды таңбалауды талап етеді. Бірақ dw.com жазғандай, мұндай талаптар АҚШ-та іс жүзінде орындалмайды. Мұның мысалын АҚШ-та «шетел агенті» деп танылған RT сайтынан да көруге болады.

Одан бөлек, америкалық заң бойынша «шетел агенті» ретінде тіркелу шектеулерге әкелмейді.

Дегенмен, FARA-ны қасақана бұзған адамдар бес жылға дейін бас бостандығынан айырылуы немесе 250 000 долларға дейін айыппұл я екеуі де жаза ретінде қарастырылуы мүмкін. Белгілі бір бұзушылықтар алты айға дейін бас бостандығынан айыруға не 5 000 доллардан аспайтын айыппұл салынуға я болмаса екі жаза да бірдей қолданылуға алып келеді.

АҚШ бас прокурорының конгресске 2021 жылы берген есебінен қазақстандық лоббисттерді де көруге болады.

Франция заңы

Былтыр сәуір айында Экономикалық ынтымақтастық пен даму ұйымы есеп жариялап, онда Францияға сыртқы әсерге қарсы күрес тетіктерін күшейтуді ұсынды. ЭЫДҰ-ның жазуынша, шетелдік араласу Францияның демократиялық процесстерін әлсіретеді.

Ұйымның пікірінше, француз контекстіне бейімделген, сыртқы әсер ету қызметін неғұрлым ашық ету және шетелдік араласу әрекеттерін, әсіресе жабық лоббистік әрекеттерді болдырмау үшін арнайы саяси шараларды белгілейді. Мұндай шараларға, бір жағынан, таңғалудың да қажеті жоқ.

Мысалы, 2024 жылдың ақпанында Шетелдік цифрлық кедергілерді бақылауға және қорғауға жауапты Viginum агенттігі желілер арқылы дезинформация таратқан «Портал Комбат» деп аталатын ресейшіл стратегияны анықтады. Ақпараттық сайттар алдымен Украинаға бағытталса, кейін батыс елдеріне, соның ішінде Францияға да бағыттала бастаған. Есепте көрсетілген 193 уеб-сайт түпнұсқа контент жасамай, әртүрлі дереккөзден ресейлік я болмаса ресейшіл басылымдардың ақпаратын таратумен айналысқан. Қорғаныс және ұлттық қауіпсіздік бас хатшылығының баяндамасында бұл процедуралар «Ресейдің шетелдік цифрлық араласуы» ретінде сипатталады.

Сондай-ақ Париждегі Олимпиада ойындарының алдында Ресей Франция үкіметі мен Халықаралық Олимпиада комитетінің беделін түсіру үшін ақпараттық шабуылды күшейтті. Сол кезде Microsoft компаниясы жалған ақпараттың артында Ресейдің бақылауындағы Storm-1679 және Storm-1099 топтары тұрғанын хабарлады.

Осындан соң, 2024 жылғы 25 шілдеде Францияға «‎Шетелдік араласуды болдырмауға бағытталған заң»‎ қабылданды.

Заң қоғамдық өмірдің ашықтығы жөніндегі жоғары органда (HATVP) шетелдік ықпал ету қызметінің цифрлық тізілімін құруды көздейді. Бұл тізім жоғары органға өтініш берген кезде «шетелдік жетекшінің» атынан әрекет ететін тұлғалардың: шетелдердің немесе шетелдік ұйымдардың, Еуроодақтан тыс шетелдік саяси партиялардың немесе топтардың қызметін тіркейді. Бұл қызметтің мақсаты қоғамдық шешімдер қабылдауға (атап айтқанда, заңдарды қабылдауға) немесе мемлекеттік саясатты, оның ішінде еуропалық немесе француздық сыртқы саясатты жүзеге асыруға ықпал ету болуы керек. Шетелдік ұйымдар немесе өз мүдделерін немесе шет мемлекеттің мүдделерін қорғау үшін әрекет ететін саяси партиялар да өз қызметін жариялауға міндетті болады.

Осылайша, Францияның мемлекеттік органдарында немесе жалпы жұртшылықта шетелдік мүддені қорғайтын кез келген жеке немесе заңды тұлға мұндай жағдайлар туралы хабарлауға міндеттеледі.

HATVP-ке ақпарат беруден бас тартқан кез келген адам (өзінің жеке басы, ықпалы, байланысқан адамдары және т.б. туралы) үш жылға бас бостандығынан айырылып, 45 000 еуро көлемінде айыппұл төлейді. Заңды тұлғалар үшін санкциялар қатаңырақ: 225 000 еуро айыппұл, мемлекеттік көмек алуға тыйым салу және т.б.

Заң барлау агенттіктеріне 2028 жылдың 30 маусымына дейін шетелдің ішкі мәселеге араласуы немесе ұлттық қорғанысқа қатерлерді (мысалы, кибершабуылдар) анықтауға көмектесетін алгоритмдік технологияны эксперименттік негізде пайдалануға мүмкіндік береді. Бұл технологияны қолдану қазіргі тек террористік қауіптерді анықтау үшін ғана рұқсат етілген.

Сонымен қатар, терроризм істері бойынша рұқсат етілген қаржы активтеріне тыйым салу рәсімі шетелдік араласу жағдайларында да жұмыс істейді. Осылайша, Францияда мұндай әрекеттерге қатысатын, итермелейтін немесе қаржыландыратын тұлғалардың қаражаты мен ресурстарына тыйым салынуы мүмкін.

Дегенмен Францияның ішінде заңды сынағандар да болған. Мысалы, Le Monde сайтының жазуынша, солшыл заң шығарушылар бұл шаралар адамдардың жеке өміріне қол сұғуға әкелуі мүмкін деп алаңдаған. Солшыл радикалды партия өкілі Антуан Леоман «Сіз халықты жалпы бақылауға арналған құралдарды жасап жатырсыз», – деп ескерткен.

Қазақстанды не күтіп тұр?

Ақпан айының басында Ирина Смирнова шетел агенті туралы заң мәселесін көтерген кезде мұның қай ұйымдардың шетелдің қолдаумен жұмыс істейтінін білуіміз керек, ол заңның ашықтық үшін қажет екенін айтты.

Бұл гранттық көмектің қайдан келгенін, бұл нені білдіретінін, не үшін жасалып жатқанын жариялау қажет. Неліктен бұл кіріс көзінің қайдан алынғанын айтпасқа? Бұл жерде қорқатын ештеңе жоқ. Бүгінде грант берушілердің өздері осыны ашып жатыр. Ал олар бұл ақша грант берушілердің мүддесіне емес, оны жұмсайтындардың мүддесіне жұмсалып жатқанын айтады. Бар болғаны осы.

Ирина Смирнова

Дегенмен құқық қорғаушы Евгений Жовтистің сөзінше «шетел агентіне» қатысты даудың сыртқы әсерге қарсы күрес пен оны бақылауға еш қатысы жоқ. Оның пікірінше, бұл тек конспирология мен стигматизацияға негізделген, фактілік негізі жоқ саяси технология.

Шетел ықпал жасағысы келсе, оны жоғарғы деңгейде жүзеге асыру әлдеқайда оңай. Коммерциялық емес ұйымдарды алайық, тіпті шетелден қолдау алады делік, олар қалай саяси ықпал жасай алады? Кімге? Әсіресе біздің авторитарлық елде. Билікке? Қалай? Парламент мүшелеріне ме? Қалай? Олар мұны қалай істей алады? Яғни, олардың қолында қандай да бір құрал бар ма? Жоқ. Қоғамға әсер ете ме? Қалай? Медиа жарияланымдар арқылы ма?

Евгений Жовтис

Жовтистің сөзінше, егер біреу қандай да бір құқық бұзуды жоспарласа я болмаса қылмыстық кодексте көрсетілген нормаларды бұзса, бізде бұған қатысты бап бар, ұлттық қауіпсіздік қызметі бар, оларды заңға сәйкес анықтап, жазалауға болады. Бірақ «шетел агенті» секілді даулар дискредитация мен стигматизацияның белгісі.

Мен мұны тіпті саяси күрес деп те атамай-ақ қояйын, [бізде] саяси күрес жоқ, өйткені бізде ешқандай саяси жүйе жоқ, бізде ешқандай саяси оппозиция жоқ, бізде плюралистік саяси алаң жоқ. Бұл келіспегендерді бақылау, стигматизациялау, қаралау мен қысым көрсету әрекетінің көрінісі. Яғни, бұл авторитар саяси жүйенің классикалық әрекеті, оның негізгі міндеті — барлығын толық бақылау.

Евгений Жовтис

Евгений Жовтистың айтуынша, қазіргі қолданыстағы заңнамалардың өзі коммерциялық емес ұйымдарды алалайды және шамадан тыс бақылау орнатып отыр.

Қазақстандық заңнама 2016 жылдан бері бірлестіктер бостандығы саласындағы халықаралық стандарттарға сәйкес келмейді және шетелден кез келген қолдау алатын коммерциялық емес ұйымдарды алалайды. 2016 жылы экстремизм мен терроризмге қарсы іс-қимыл және т.б. контекстте коммерцилық емес ұйымдар есеп беру механизмін бекітетін түзетулер қабылданды.

Евгений Жовтис

Жовтистің сөзінше, қазір мәдениет және ақпарат министрлігінің азаматтық қоғам істері комитетіне коммерциялық емес ұйымдар өздерінің барлық қызметі туралы, жалпы олардың құрылтайшылары, олардың басшылығы, жобалар мен бағдарламалары, осы жобалар мен бағдарламаларды кім қаржыландыратыны туралы егжей-тегжейлі ақпарат береді. Мұны шетелден қаржы алса да, алмаса да тапсырады. Бұл есеп әр жылдың 31 наурызына дейін тапсыру қажет. Қазір барлығы бұл есептерді және есеп тасыратын ұйымдарды esep.govtec.kz сайтынан көре алады.

Мұның бәрі салық органдарына қажетті есеп берумен қатар жүреді, яғни коммерциялық емес ұйымдар барлық салық бойынша салық органдарына есеп берді және келісім-шарттар мен гранттық келісімдер туралы мәліметтерді береді.

Яғни, бұл жағдайда коммерциялық емес ұйымдар коммерциялық ұйымдармен салыстырғанда тікелей алалауға ұшырайды. Ал коммерциялық ұйымдар мұндай егжей-текжейлі ақпаратты экономика немесе ақпарат министрлігіне тапсырмайды. Мұндай саясиландырылған талаптар негізінен авторитарлық мемлекеттерге, оның ішінде посткеңестік елдерге де тән, дейді Жовтис.

Яғни, бұл біз үшін 2016 жылдан бері заңдастырылған тұтас саяси механика және мұны, жоғарыда айтып өткенімдей, қандай жобаларды жүзеге асырып жатқаныңыз туралы барлық ақпаратты, сонымен қатар бұл жобалардың нәтижесі қандай екені туралы есеп бересіз.

Евгений Жовтис

Жовтис бұлай қорқытып-үркітуді советтік қадамдар мен технологиялар, өткенді жаңа ақпараттық-пропагандалық құралдармен қайталау деп бағалайтынын айтты.

Журналист-фактчекер, Factcheck.kz сайтының авторы әрі шығарушы редакторы. Organised Crime and Corruption Reporting Project ұйымында тағылымдамадан өткен.

Factcheck.kz