Магистратура туралы мифтер | 2-бөлім

Factcheck.kz бұған дейін магистратура туралы мифтердің 1-бөлімін жариялаған болатын. Маусымның 1 мен шілденің 15-не дейін жоғарғы оқу орындары магистратураға құжаттар қабылдайды. Талапкерлердің оқуға тапсыру барысында туындайтын негізгі мифтердің 2-бөлімін назарларыңызға ұсынамыз.

1-миф. Магистратура мемлекеттік грантта оқып жүріп себепсіз оқуды тастасаң ақшасын төлеу керек.

Үкім: Шындық

ҚР “Білім туралы” заңы 47-бап, 17-тармағына сәйкес мемлекеттік грант арқылы оқыған талапкер оқуын тәмамдаған соң Үкімет айқындайтын тәртіппен кемінде үш жыл жұмыс істеуге міндетті. Осы тұста дәл осы заңның 47-бабы, 17-4-тармағыда міндеттемені орындамағаны үшін жауапкершілік, атап айтқанда оқытуға байланысты республикалық бюджеттің шығыстарын өтеу жөнінде міндет көзделген.

Біз бұл туралы толығырақ заңгер-адвокат Марина Абжановадан сұраған едік. Маринаның айтуынша, магистратураға мемлекеттік грант негізінде тапсыратын талапкер 3 жыл жұмыс өтілі туралы шарт жасасады. Осы шарт негізінде себепсіз оқуды тастаса оқу ақысын төлеуге тура келеді.

Бұндай жағдайда уәкілетті органның мемлекеттің оқуын тәмамдамаған немесе заңнама бойынша кемінде 3 жыл жұмыс істеуден бас тартқан азаматтан мемлекеттік грант негізінде төленген соманы кері қайтаруға толық құқы бар. Бұл дипломның бар/жоғына қарамайды. Сол үшін кез келген талапкер оқуға тапсырарда міндетті түрде шартпен танысып шығу керек. Шарт 3 тарап: тапсырыс беруші (мемлекеттің қаржы орталығы), білім алушы және ЖОО арасында жасалады. Әр тараптың өзінің құқықтары мен міндеттемелері бар. Осыған байланысты мемлекет кез келген жағдайда жұмсалған қаражатты өтеу үшін сотқа бере алады.

Марина Әбжанова, заңгер-адвокат

2-миф. Қазақстанда мемлекеттік грантта оқыған адам “Болашақ” бағдарламасымен шетелде оқи алмайды.

Үкім: Жалған

ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігінің ақпаратына сай, “Болашақ” бағдарламасы мемлекеттік білім беру тапсырысы аясында жүзеге асырылмайды. Стипендия дербес және шетелдік кадрларды даярлау жөніндегі республикалық комиссия шешімімен тағайындалады. Сондықтан да мемлекеттік білім грантымен магистратура оқыған азамат “Болашақ” стипендиясының конкурстық іріктеуіне қатыса алады.

“Болашақ” халықаралық стипендиясы 1993 жылғы 5 қарашадағы экс-президент Назарбаевтің Қаулысымен құрылған. Бағдарламаның мақсаты – ел экономикасының басым секторлары үшін кадрлар мен мамандар даярлау. Бағдарлама академиялық оқуды (магистратура, докторантура) және әлемнің жетекші компаниялары мен университеттерінде ғылыми-өндірістік тағылымдамадан өтуді қамтиды.

Биыл өтініш 5 маусым мен 7 шілде және 17 шілде мен 15 қыркүйек аралығында қабылданады. Магистратураға тапсыратын түлектерге қойылатын талаптар мыналар:

  • Ұсынылатын жоғары оқу орындары тізіміне енгізілген шетелдік жоғары оқу орнынан шартсыз шақыруы болу (қаржылық шарттарды қоспағанда);
  • Кемінде В1 деңгейде нәтижесі бар ҚАЗТЕСТ бойынша емтихан тапсырғаны туралы жарамды ресми сертификаты болу;
  • Белгіленген ең төменгі талаптарға сәйкес келетін шет тілін білу.

3-миф. Магистратурада тек бакалаврдағы мамандыққа жақынын таңдайсың, басқа мамандыққа түсе алмайсың.

Үкім: Жалған

ҚР Жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім берудің (ЖЖОКБҰ) мемлекеттік міндетті стандарттарын бекіту туралы №2 бұйрығының, 48-тармағына сай, кез келген талапкер бакалаврдағы мамандығынан бөлек мамандыққа тапсыра алады. Егер өз мамандығына тапсырған жағдайда бірден оқи береді, ал басқа мамандықты игеру үшін міндетті түрде пререквизиттер (разница) белгіленеді.

Қажетті пререквизиттер тізбесі мен оларды игеру мерзімдерін ЖЖОКБҰ дербес анықтайды және пререквизиттер ақылы негізде игеріледі. Яғни кредит саны бойынша есептеледі. Бұл ретте, талапкер өз еркі бойынша магистратураның қалаған білім беру бағдарламаларына түсе алады.

4-миф. Магистратурада оқу бітіру үшін “Scopus” базасына енген журналдарға мақала шығу міндетті.

Үкім: Жалған

ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігінің жауабына сай, магистранттарға “Scopus” базасына енген журналдарға ғылыми мақала шығару туралы талап қойылмайды және бұл қолданыстағы заңнамалармен регламенттелмеген. Сондай-ақ бұл мәселе магистрлік бағдарламаның міндетті компоненттеріне кірмейді.

5-миф. “Scopus” базасына енген журналдарға мақала шығатын болса диссертация қорғамауға болады.

Үкім: Жалған

ҚР Жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім берудің (ЖЖОКБҰ) мемлекеттік міндетті стандарттарын бекіту туралы №2 бұйрығының 16-тармағына сай, магистрлік бағдарламаның міндетті компонеттерінің ішінде диссертацияны жазу әрі қорғау кіреді. Дегенмен ғылыми-педагогикалық (2 жыл оқитындар) бағытта оқитын магистранттар үшін ғылыми-зерттеуге бағытталған магистрлік диссертация, ал бейінді (1 жыл оқитындар) бағытта оқитындарға эксперименттік-зерттеу жұмысына негізделген жоба жасаса жеткілікті.

6-миф. Күзден бастап магистраттардың шәкіртақысы өседі

Үкім: Шындық

“Мемлекеттік стипендияларды тағайындау, төлеу, қағидаларын бекіту және олардың мөлшерін бекіту” туралы ҚР Үкіметінің 2008 жылғы 7 ақпанындағы №116 қаулысына өзгерістер енгізілді. 2023 жылдың 1-қыркүйегінен бастап магистранттардың шәкіртақысы 97 024 теңгеге өседі. Қазір шәкіртақы 86 987 мың теңге.

Тек магистранттардың ғана емес, сонымен қатар:

  • Даярлаудың педагогикалық бағыттарында және «Денсаулық сақтау» бағыты бойынша білім алатын студенттерді қоспағанда, жоғары білімнің білім беру бағдарламаларын іске асыратын білім беру ұйымдарында білім алатын студенттерге – 41898 (қырық бір мың сегіз жүз тоқсан сегіз) теңге;
  • Жоғары білімнің білім беру бағдарламаларын іске асыратын білім беру ұйымдарында даярлаудың педагогикалық бағыттарында білім алатын студенттерге – 67200 (алпыс жеті мың екі жүз) теңге;
  • Интерндерге  – 75890 (жетпіс бес мың сегіз жүз тоқсан) теңге;
  • «Назарбаев Университеті» дербес білім беру ұйымында білім алатын магистранттарға – 181 250 (жүз сексен бір мың екі жүз елу) теңге;
  • Докторанттарға  – 217500 (екі жүз он жеті мың бес жүз) теңге;
  • Даярлаудың «Денсаулық сақтау» бағыты бойынша докторанттарға – 217500 (екі жүз он жеті мың бес жүз) теңге;
  • Даярлаудың «Денсаулық сақтау» бағыты бойынша резидент-дәрігерлерге және магистранттарға – 111579 (жүз он бір мың бес жүз жетпіс тоғыз) теңге;
  • Техникалық және кәсіптік білімнің білім беру бағдарламаларын іске асыратын білім беру ұйымдарында жұмысшы біліктіліктері бойынша оқитын студенттерге – 32681 (отыз екі мың алты жүз сексен бір) теңге.
  • Техникалық және кәсіптік (орта буын мамандарын даярлауды көздейтін), орта білімнен кейінгі білімнің білім беру бағдарламаларын іске асыратын білім беру ұйымдарында білім алатын студенттердің мемлекеттік стипендиясы – 31422 (отыз бір мың төрт жүз жиырма екі) теңге» көлемінде өседі.

Журналист-фактчекер, медиа-тренер, 2017 жылдан бері Factcheck Kazakhstan жобасында қызмет атқарады, "Qazaq Travel" компаниясында SMM маманы қызметін атқарған, MediaNet халықаралық журналистика орталығында және Irex Europe жобаларында медиа-сарапшы

Factcheck.kz