Журналистиканы технологиялық алпауыттардан қалай қорғауға болады?

MOНРЕАЛЬ – Өткен айда Google және Facebook компаниялары мен Австралия үкіметінің арасында кикілжің басталмай тұрып, ұзақ жылдар бойы интернетке арналған сенімді бизнес-модельдер болмады. Осы себептен доткомдар спекуляциясы тоқтады. Бірақ кейін Google мен Facebook компаниялары ең үлкен активін – қолданушылардың деректерін табыс көзіне айналдырудың жолын тапты: олар дәстүрлі телевизиялық немесе баспа материалдарымен салыстырғанда әлдеқайда нақты әрі тұтынушының қызығушылықтарын дөп басатын жарнама ұсынды.

Аталған микротаргеттік жарнама мен оның қоғамға әсері туралы көп нәрсе айтып, «оған рұқсат беруге бола ма?» деген тақырыпты ұзақ талқылауға болады. Бірақ бірнәрсе анық: коммерциялық тұрғыдан алғанда, бұл жарнама көп табыс әкелді. Нарықтағы жарнамадан түсетін бүкіл табысты қолына алған Google мен Facebook тарихтағы ең табысты компанияларға айналды. Олар көп мемлекеттің үкіметіне үлкен ықпал ете алатындай қуатқа ие.  

Google мен Facebook іздестіру жүйесі мен әлеуметтік желілерде цифрлық жарнама қызметін ұсыну бойынша монополияға айналғандықтан, олармен келіссөз жүргізу мүмкін емес. Бір жаманы, сенімді ақпарат таратуға негізделмеген бизнес-модель беделді журналистік институттар мен осындай қоғамдық маңызы бар қызметпен айналысатын өзге де тұлғалардың арқасында жүзеге асып отыр. Біз осылай жарнама бизнесіне ғана емес, демократияға да кері әсер ететін нарықтағы қос бірдей мәселеге тап болып отырмыз.  

Жақында Австралия үкіметі аталған екі мәселені шешу үшін әлеуметтік желі платформаларын жаңалық жариялайтын агенттіктердің контентіне ақша төлеу туралы келіссөз жүргізуге міндеттеп, жаңалықтар бизнесіне әсер етуі мүмкін алгоритмдер өзгерісі мен жарнама сатуда ашықтықты қамтамасыз етуге бағытталған шаралар енгізді. Мұнда нарықта басымдыққа ие болу мәселесін қолға алу арқылы журналистика мен жарнама нарығындағы қиындықтардың шешімін табуға болады деген идея жатыр.  

Австралия журналистикадағы дағдарысқа капиталистік шешім ұсынғанына қарамастан, ірі технологиялық компаниялар бұл ұсынысқа қарсы шықты. «Жаңа цифрлық ережелерді қолдаймыз» деп келген Google мен Facebook Австралия үкіметі технологиялық компаниялардың бизнес-моделіне сәйкес келмейтін ережелер ұсынған кезде шу шығарды. 

Google «Австралия нарығынан кетеміз» деп қорқытты, Facebook ядролық әдісті пайдаланып, өз платформасынан Австралияға қатысты жаңалықтарды алып тастады (қос компания да одан бері біраз жұмсарды). Ақпарат құралдарының материалдарын таратушы платформаның пандемия кезінде сенімді ақпаратты бұғаттауынан туған қауіпті салдарлар туралы айтпағанның өзінде ұзақмерзімді көзқараспен қарағанда бір де бір компанияның позициясы тұрақты саналмайды. Интернет платформалар желіні реттеу бастамасына жауап ретінде қолданушылардың ақпаратқа қолжетімділігін шектесе, уақыт өте келе олардың өнімдеріне сұраныс төмендейді. 

«Австралияның әдісі жақсы мемлекеттік саясат болып санала ма?» деген тақырып дау туғызуы мүмкін. Бір қарағанда, «Ақпарат құралдарымен келіссөз жүргізу кодексі» қаржыны интернет-платформалардан жаңалық агенттіктеріне жіберу арқылы нарықтағы қиындықтарды шешудің ең қарапайым әрі тиімді әдісін ұсынатындай көрінеді. Австралияда ойын алаңын теңестіру үшін мәжбүрлі арбитраж саясатын қолдану прецеденті көп кездеседі және мұның өзіндік мәні бар. Бірақ бұл әдіске қойылатын үш түрлі шектеу бар. Сондықтан басқа мемлекеттер ұқсас модельді қолданбас бұрын осыны ескеруі керек. 

Біріншіден, құзыретті арбитраж журналистикаға жаңа бизнес-модельдер енгізген ұсақ инновациялық ұйымдар мен компанияларға қарағанда ірі компанияларға басымдық береді. Олардың қатарында Австралиядағы ең ірі жаңалық таратушы, ешкім қоғамның мүддесін көздеп, демократия мен журналистиканы қорғап жүр деп ойламайтын Руперт Мердок (жаңа заңннан пайда көретін тұлға) та бар.

Ірі басылымдар тәуелсіз журналистикаға емес, өзінің (және акционерлердің) мүддесін қорғайтын саясатқа жұмыс істейді. Австралияда қаралып жатқан ақпарат құралдары туралы жаңа кодексте платформалардан түскен лицензиялық ақшаны қалай бөлу керегі жазылмаған. Бұл шағын стартаптар мен новаторлар назардан тыс қалуы мүмкін деген қауіпті күшейтеді. 

Австралиялық әдістің екінші мәселесі оның тәуелсіз медиа ұйымдардың платформалардағы кооптациясына әкелетін бір реттік, түсініксіз келісімшарттарды қолдауында болып отыр. Біз ақпарат құралдарының платформалардан түсетін ақшаға тәуелді болып, бұл компанияларды жауапқа тарта алмай қалғанын қаламаймыз. 

Австралияның ақпарат құралдары туралы кодексінде журналистика мен жарнама нарығының қиындықтары бір мәселе ретінде қаралады. Бірақ іс жүзінде бұл екі бөлек мәселе. Иә, Facebook пен Google жарнаманың арқасында нарықта үлкен билікке ие болып, ақпарат құралдарымен лицензиялық келісім жасаудан құтылып кетті. Құзыретті арбитраж бұл мәселені шешуге қабілетті болғанымен, ол жаңалықтарға арналған дәстүрлі бизнес-модельді қайтарып, интернет платформалардан келген жалған ақпарат, жеке деректердің құпиялығын бұзу және сайлауға араласу сияқты зардаптарды жоя алмайды. 

Мұның бірнеше қарапайым шешімі бар. Үкіметтер интернет платформаларға ақпарат құралдарының экожүйесіне қосқан «маңызды үлесі» үшін қолайсыз жағдайдан сытылып кетуге мүмкіндік бермеуі керек. Ақпарат құралдарына «журналистика кодексі» аясында тапқан кез келген табысын пайдалану құқығы берілгені жөн. Арбитраж комиссиясы  шағын агенттіктер мен күнделікті басылымдар жетпейтін аудандардағы ұйымдардан түскен ұсыныстарға басымдық берсе болады.

Үкіметтер мен интернет платформалар (қажет болса, үкіметтің тапсырмасымен) азаматтық ақпарат құралдары қорына ақша салып, бұл қаржы әртүрлі басылымдарға тәуелсіз әрі ашық түрде үлестірілсе, бұл тиімді шешім болғалы тұр. Facebook пен Google жаңалықтарға миллиардтаған доллар қаржы салуды жоспарлап отырса, қаржыны қоғамның мүддесін қорғайтын тәуелсіз орган таратуы керек. Осылай ақпарат құралдары жекеменшік компаниялардың немесе мемлекеттің ықпалына түспей, қолдауға ие бола алады.

Әлемдегі ең ірі әрі қуатты платформаларды тоқтатуда Австралияның тәжірибесі маңызды қадам болып отыр. Facebook пен Google компаниясына келіссөздер үстеліне отыруға тура келді. Бірақ Австралиядағы ақпарат құралдары туралы жаңа кодекс журналистикадағы дағдарыс мәселесін шешпейді. Бұл үшін бізге қазіргіден де кең ауқымда ойлану керек. 

Тэйлор Оуэн Макгилл университетіндегі ақпарат құралдары, технология және демократия орталығының директоры, халықаралық басқару және инновациялар орталығының Big Tech подкастының жүргізушісі.

Copyright: Project Syndicate, 2021.
www.project-syndicate.org

Думан Смақов
Журналист, редактор, менеджер, журналистика саласындағы бірнеше кітаптың авторласы. Factcheck Kazakhstan жобасының бас редакторы