Фактчек | Қоңыров ЖІӨ мен адами капитал туралы

5 мамырда Қазақстан Республикасы Мәжілісінің кезекті пленарлық отырысында 2021-2023 жылдарға арналған бюджет заңына енгізілетін түзетулерді талқылау барысында депутат Айқын Қоңыров экономикалық модель мен әлеуметтік шығыстарды қалыптастыру тәсілдеріне қатысты бірқатар қызықты мәлімдеме жасады. Мәселен ол заң жобасында жүйелі қателіктер қайталанып жатқанын айтты. Оның айтуынша, макроэкономикалық болжамдар негізсіз жасалып, экономика шикізат секторына бағытталған,  ал адами капиталға инвестиция аз салынып жатыр. Осы айтылған бірқатар мәлімдемені тексеріп көрейік.

Мәлімдеме: 2021 жылы ЖІӨ өсімі 3,1% деңгейінде жоспарланып отыр. Бұл экономика 2019 жылғы 4,5% деңгейге (сол кездегі өсім – авт) дейін өспейді деген сөз.

Айқын Қоңыров

Үкім: Үкім жоқ

Шынында да, Халықаралық валюта қорының болжамы бойынша, 2021 жылы Қазақстанның нақты ЖІӨ 3,2% болады, ал 2019 жылы өсім 4,5% болған. Бұл деректер дұрыс. Алайда бұл тек болжам, жағдай не жақсы, не жаман жаққа өзгеруі мүмкін. Сондықтан бұл мәлімдемені үкімсіз қалдырамыз.

Мәлімдеме: ЭЫДҰ елдерінде әлеуметтік шығыстар ЖІӨ-нің 15-30%-ын құрайды. Оның ішіне зейнетақы, жұмыс істейтін халықты қолдау, денсаулық сақтау саласы, әлеуметтік қызметтер кіреді.

Айқын Қоңыров

Үкім: Техникалық қате

2020 жылғы деректер бойынша Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымына кіретін елдердегі ЖІӨ-дағы әлеуметтік шығындардың үлесі 2019 жылы 7,5% (Мексика) бен 31% (Франция) арасында болған.

ЭЫДҰ елдері бойынша орта есеппен 20% (ЖІӨ-ға шаққанда). Бұл ретте ЭЫДҰ бойынша әлеуметтік шығындары құрылымы келесідей:

зейнетақы төлемдері – 7,8% (ЖІӨ-ға шаққанда), еңбекке қабілетті жастағы халықты материалдық қолдау – 3,7%, денсаулық сақтау саласы – 5,6%, басқа да әлеуметтік қызметтер – 2,3%.

Контекст: Депутаттың бұл жердегі сыны Қазақстандағы әлеуметтік шығындар құрылымына қатысты болды (ЭЫДҰ елдерімен салыстырғанда). 2019 жылы Қазақстанда әлеуметтік шығыстардың үлесі бюджеттің шамамен 45%-ын құрады, сондай-ақ оларға әртүрлі мемлекеттік бағдарламаларды қаржыландыру кіреді. Мысалы «Шығыстардың басым бөлігі халықты ауыз сумен қамтамасыз етуге, әлеуметтік инфрақұрылымды дамытуға, жоғары білімнің қолжетімділігі мен сапасын арттыруға, микрокредит беруді кеңейтуге бағытталды. «Нұрлы жол», «Нұрлы жер», «Агробизнес-2020», «Рухани Жаңғыру» бағдарламалары аясындағы іс-шараларды жүзеге асыруға, сондай-ақ жергілікті маңызы бар жолдарды жөндеуге қомақты қаражат бөлінді», деп мәлімдеді Қаржы министрі А. Смайлов.

Бұл ретте Қазақстанда білім беру мен денсаулық сақтау саласына жұмсалатын шығындардың үлесі 2019 жылы ЖІӨ-нің 7,4%-ын құрады. Көріп отырғанымыздай, әлеуметтік шығыстардың құрылымы мен мәніне қытысты Қазақстан мен ЭЫДҰ елдері арасында айтарлықтай айырмашылық бар.

Мәлімдеме: Еліміздегі жалдамалы жұмысшылар мен жұмыс істейтін адамдар саны жағынан ең көп болғанымен, халықтың ең осал тобы саналады.

Айқын Қоңыров

Үкім: Шындық

Ұлттық статистика бюросының мәліметі бойынша, Қазақстандағы 18 877 100 адамның 8 744 522-сі жұмыспен қамтылған. Оның 6 675 622-сі жалдамалы жұмысшылар, ал 2 миллионнан астамы өзін-өзі жұмыспен қамтығандар. Біз жұмыспен қамтылған халықтың қайсы ең осал екенін нақты айта алмаймыз (бұл жеке зерттеуді талап ететін бөлек тақырып және осал дегеннің критерийлерін анықтап алу қажет), бірақ жалдамалы жұмысшылар елімізде жұмыс істейтін халықтың ең үлкен әлеуметтік тобы екені рас.

Журналист, фактчекер, МА (Journalism for international students, University of Westminster, London), технический писатель, редактор, PR-специалист, руководитель проектов (медиа и PR)

Factcheck.kz