Жалған брокерлер жылдам әрі оңай табысқа уәде беріп, интернетте агрессивті жарнамаларын жүргізеді, түбінде ақшаны ұрлап, ғайып болады. Заңгер кейпіндегі алаяқтар жалған брокерлер ұрлаған ақшаны қайтаруға уәде береді, бірақ нәтижесінде тағы да ақша ұрлап, жоқ болады.
Қазақстан Республикасының Бас прокуратурасы статистикасына сәйкес, 2024 жылы Қазақстандағы ең көп таралған қылмыс – алаяқтық. Былтыр елде 45 мыңнан астам осындай қылмыс жасалған (тіркелген құқық бұзушылықтардың жалпы санының 34%-і). ҚР Заңдылықты қамтамасыз ету жөніндегі үйлестіру кеңесі 2023 жылы қазақстандықтардың алаяқтарға 140 миллиард теңге бергенін мәлімдеді. Оның қаншасы «инвестиция саласындағы алаяқтық схемаларға» қатысты болғаны белгісіз. Прокурорлар тек инвестициялық жобаларды Қазақстандағы интернет-алаяқтықтың кең таралған бес схеманың бірі деп атады.
Factcheck.kz редакциясы «қосарланған алаяқтық» схемасы туралы баяндайды: өзін брокер немесе кеңесші ретінде көрсететін инвестициялық алаяқтардың әрекеттері және «ақшаны қайтару бойынша заңгерлердің» кейінгі қызметі, олар уәде еткен ақшаны қайтарудың орнына адамды тағы да алдап кетеді.
Жалған брокерлер қалай жұмыс істейді?
«Отбасыңыз үшін көбірек табыс тапқыңыз келе ме? Жаңа автокөлік немесе үй сатып алғыңыз келе ме? Мұның бәрі Kaspi Profit жаңа инвестициялық платформасында әбден мүмкін. Өтінім қалдырып, Kaspi Profit-пен бірге арманыңызды орындаңыз», — YouTube, әлеуметтік желі мен мобильді қосымшалардағы жарнамаларда белсенді насихатталатын ролик осылай дейді. Бұл алаяқтық жарнама бірнеше жылдан бері интернетте айналымда болса да, әлі күнге дейін өзектілігін жоғалтпаған.

Kaspi.kz әлеуметтік желідегі парақшаларында алаяқтық жобаларды әшкерелеп, жүйелі түрде хабарламалар жариялап отырады. Пікірлерде қазақстандықтар бұл жарнамалардың «әр жерден шығып жатқанын» және оларды бұғаттаудың пайдасыз екенін жазады.
2022 жылғы мамырда Kaspi.kz компаниясы алаяқ-брокерлердің әрекетіне байланысты азаматтарға үндеу жасаған. Олар түрлі схемаларды ойлап тауып, сайт ашып, интернетте Kaspi.kz атынан жарнама жүргізеді:
«Олар инвестиция арқылы аз мөлшерде қаражат салып, бірден табысқа шығуды ұсынады, кейін ақшаны жеке тұлғаның картасына аударуды сұрайды. Егер осындай жағдайға тап болсаңыз – сенбеңіз, бұл алаяқтық! Сақ болыңыздар!»
2024 жылғы маусымда Kaspi.kz жүздеген мың қазақстандық табыс тауып жүр деп жарнамаланған Kaspi Profit инвестициялық платформасын әшкереледі:
«Олар жарнамаларында табысты адамдарды пайдаланады: блогерлер, компания басшылары немесе жаңалық жүргізушілер. Жасанды интеллекттің көмегімен олардың дауысын алып, сөздерін алмастырып, адамдарды алдайды», – деп сипаттайды Kaspi.kz алаяқтардың әрекетін.
Алаяқтар тек Kaspi брендімен шектелмейді. Олар Halyk Finance, Freedom Finance және басқа да заңды компаниялар мен қорлардың, тіпті «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасының атынан да әрекет етеді.
«Клиенттерді алдау үшін алаяқтар қаржы ұйымдарының сауда белгілері, логотиптері мен корпоративті түсін пайдаланады, нақты кеңселердің мекенжайын көрсетеді, сканерленген лицензиялар мен логотиптері бар толтырылған бланкілерді таратады», – деп хабарлайды Halyk Finance инвестиция банкі.
Freedom Finance-та осыған ұқсас ескерту жасады:
«Брендімізді жамылып, ақша бопсалау жағдайлары жиілеп кетті. Олар ресми сайттан біздің лицензияны көшіріп алып, аккаунттарымыздың «көшірмелерін» жасайды және жоғары пайызбен ақша салуды ұсынады. Сонымен қатар, кейбір алаяқтар қазақстандықтарға инвестиция жасауды ұсынып, Freedom Finance логотипімен безендірілген Google-кесте арқылы тіркеу жүргізеді. Кейін бұл «тіркелген клиенттерден» ақшаны банк картасына немесе белгісіз «компания шотына» аударуды сұрайды. Ақырында, адамдар ақшасынан айырылады».
«Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы да өз сайтында жалған бейнеролик туралы хабарлады:
«Бейнеролик авторлары қазақстандықтар үшін бір реттік инвестициялық жарна туралы және олардың кейін төлемдермен қайтарылатынын айтады. Бұл бейнероликтің мазмұны шындыққа сәйкес келмейді!»
Инвестиция саласындағы алаяқтық схема әртүрлі формада болуы мүмкін, бірақ олардың мақсаты – ақшаны ұрлау. Инвестициялық платформалар түрінде жасалған жалған сайттар мен қосымшалар адамдарды қаражат салуға мәжбүрлеу үшін жасалады. Сонымен қатар, олар жеке мәліметтер мен төлем деректерін жинап, банктік карталар мен депозиттерден ақша ұрлауы мүмкін. Зардап шеккен көптеген қазақстандық соңғы жинақтарын салып, несие алғанын айтады. Алайда алаяқтық салдарынан жоғалған ақшаны қайтару көп жағдайда мүмкін емес.
Мұндай жалған брокерлермен күресу жолдары: брокердің заңдылығын тексеруді үйренуі керек. Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің немесе Қазақстан қаржыгерлер қауымдастығы сайттарынан лицензиясы бар қазақстандық компаниялардың тізімімен танысуға болады.
Егер брокерлердің ұсыныстары тым тартымды болып көрінсе, бұл күмәндануға негіз болуға тиіс – тез байып кетуді ұсынатын инвестициялық схемалардың көпшілігі алаяқтық. Сонымен қатар, лицензиясы бар брокерлер инвестиция үшін несие қаражатын пайдалануға жол бермеуі тиіс және клиенттерден жеке тұлғаларға немесе криптовалюта түрінде банктік аударым жасауды талап етпейді.
Жалған заңгерлер қалай жұмыс істейді?
Инвестициялық алаяқтықтың құрбандары, әдетте, ақшаның бір бөлігін болса да қайтаруға тырысады. Алаяқтар мұны жақсы түсініп, өздерін «ақшаны қайтару жөніндегі заңгерлер» ретінде таныстырып, екінші рет алдап кетеді.
«Біздің заңгерлік компаниямыз бес жылдан астам уақыт бойы қазақстандықтарға өз қаражатын қайтаруға көмектесіп келеді. Әр істі жеке қарастыруымыздың арқасында келісімдердің 97%-тен астамын сәтті аяқтаймыз. Біз сіздің қаражатыңызды 10 күн ішінде алдын ала төлемсіз қайтара аламыз», – деп уәде береді логотипінде Justice («Әділет») сөзі жазылған «Заңгерлік көмек» деп аталатын компанияның жарнамалық ролигі. Бұдан бөлек, роликте салымның бес еселенген сомасына моральдық өтемақы алуға уәде беріледі.
Кепілдендірілген табысқа уәде беру – алаяқтық схеманың негізгі белгісі. Kaspi.kz мәліметінше, мұндай алаяқтық схемаларды әшкерелеу қиындық туғызады, себебі олар трансшекаралық сипатқа ие: пайдаланушы бір өңірде болса, ал таргет жарнамасын іске қосқан алаяқ басқа өңірде орналасады. Сондықтан схеманың өзін ашу өте қиын, ал нақты зардап шеккен адамның ақшасын қайтару – көптеген сарапшылар мүмкін емес деп санайтын міндет.
Қаржылық сауат жөніндегі «Вкладер» жобасының жазуынша, жалған заңгерлердің әрекет ету схемасы қарапайым: олар ақша қайтаруды уәде етеді және сол үшін сыйақыны тек ақшаны қайтарғаннан кейін (чарджбэк) алады деп сендіреді. Алайда бұл – өтірік. Процесс барысында ақшаның арнайы шотқа қайтарылғаны және салық, комиссия секілді төлемдерді төлеу қажеттілігі анықталады. Осы төлемдерден алаяқтардың пайдасына түсетін өте үлкен сомалар жиналады. Алаяқтар апта сайын қаржылық алаяқтардың құрбандарынан жоғалған ақшаны қайтаруға уәде беретін жалған заңгерлік фирмалардың жаңа сайттарын ашып отырады.
Пікір қалдыру үшін өз аккауныңызға кіріңіз.