Сингапур алаяқтар мен киберқылмыскерлерге дүре соғу жазасын қарастырмақ

Сингапур үкіметі алаяқтыққа қатысты кейбір қылмыстарға дүре соғу жазасын енгізуді талқылап жатыр. Bloomberg жазуынша, бұл туралы елдің ішкі істер жөніндегі мемлекеттік министрі Сунь Сюэлин жақында өткен парламенттік пікірталас кезінде мәлімдеді.

Елде негізінен бопсалау, ауыр жыныстық қылмыстар және вандализм сияқты құқық бұзушылықтар үшін күш қолданылады.

Кейінгі жылдары алаяқтық пен киберқылмыстың күрт көбеюіне байланысты билік олармен күрес шараларын күшейтіп жатыр. Мәселен қаңтарда Сингапур парламенті полицияға алаяқтардың құрбаны болуы мүмкін адамдардың банк шотын бақылауға мүмкіндік беретін заң жобасын мақұлдады. Бұл қашықтан әрекет ететін алаяқтардан азаматтарды қорғауға бағытталған.

Полиция мәліметінше, 2024 жылы Сингапурда алаяқтық салдарынан тұрғындар рекордтық 1,1 млрд сингапур долларынан (817 млн АҚШ доллары немесе 407,9 млрд теңге) айырылған. Алаяқтыққа қатысты оқиғалар саны 51,5 мыңға жетіп, өткен жылмен салыстырғанда 11%-ға артқан.

Контекст

Қаңтарда Malay mail басылымы Малайзия астанасы Куала-Лумпурда 16 жергілікті азаматтың ұсталғанын хабарлады. Оларға халықаралық алаяқтар тобына қатысы бар деген күдік ілінді.

Бұл операция – Малайзия мен Сингапур полициясының бірлескен жұмысының нәтижесі. Күдіктілердің басты мақсаты – Сингапур тұрғындарын алдап, ақшасын иемдену болған. Алданғандар 1,4 миллион Сингапур долларынан (шамамен 1 миллион АҚШ доллары) айырылған.

Ал 2024 жылдың қорытындысы бойынша Қазақстандағы ең кең тараған қылмыс түрі алаяқтық екен. Одан кейін ұрлық, үшінші орында есірткі қылмыстары тұр.

Журналист

Factcheck.kz