Түркияда наразылыққа қатысқан 1900-ге жуық адам ұсталды

Түркияда Стамбул мэрі Экрем Имамоғлудың тұтқындалуына байланысты жаппай наразылықтар болып жатыр. Ол 2028 жылы өтетін президенттік сайлауға оппозиция атынан кандидат ретінде ұсынылған еді. Түркия Ішкі істер министрі Әли Ерликая 19-25 наурыз аралығында билік 1879 адамды ұстағанын мәлімдеді. Бұл туралы Deutsche Welle жазды.

Министрдің айтуынша, олардың 260-ы сот үкімін күтіп қамауда отыр, 662 адамның ісі сотта қаралып жатыр, ал 489 адам босатылған.

Түркия Ішкі істер министрлігінің dpa агенттігіне берген мәліметіне сәйкес, ұсталғандар құқық қорғау органдарына қарсылық көрсеткені үшін айыпталған. Ерликаяның сөзінше, наразылықтар кезінде 150 полиция қызметкері жарақат алған. Елде көпшілік жиналатын шараларға қойылған тыйым 1 сәуірге дейін ұзартылды.

27 наурызда полиция Таяу Шығыс техникалық университетіндегі наразылықты тарату үшін студенттерге су шашып, көзден жас ағызатын газ және пластик оқтар қолданған. Оппозициялық Республикалық халық партиясының (РХП) депутаты Мелих Меричтің айтуынша, студенттер журналистерге мәлімдеме жасағысы келген, бірақ полиция бұған мүмкіндік бермеген.

Журналистерді ұстау

Өткен аптада билік наразылықтарды жариялап жүрген жеті журналисті ұстап, кейін босатты. Reuters агенттігінің сот құжаттарына сүйеніп хабарлауынша, олардың барлығына заңсыз жиын өткізді деген айып тағылған.

20 наурызда BBC телеарнасы өз журналисі Марк Лоуэннің «қоғамдық тәртіпке қауіп төндірді» деген айыппен Түркиядан депортацияланғанын хабарлады.

Сонымен бірге түрік билігі Имамоғлу ісін жариялаған және «араздық пен өшпенділікті қоздырды» деп танылған төрт оппозициялық телеарнаға шара қолданды. Reuters мәліметінше, SZC TV арнасына 10 күн бойы эфирге шығуға тыйым салынса, Halk TV, Tele1 және Now TV арналарына айыппұл салынып, кейбір бағдарламаларды тоқтатуға нұсқау берілген.

Контекст

Президент Режеп Тайып Ердоғанның басты саяси қарсыласының бірі саналған Экрем Имамоғлу 19 наурызда «жемқорлыққа қатысы бар және қылмыстық топты басқарды» деген күдікпен ұсталды. Түркияның мемлекеттік Anadolu агенттігіне сәйкес, саясаткерге терроризм бойынша тергеу жүргізіліп жатыр, оның ішінде елде тыйым салынған «Күрдістан жұмысшы партиясын (КЖП) қолдады» деген айып тағылған.

23 наурызда сот шешімімен Имамоғлу қамауға алынды. Прокуратура бұл істе барлығы 100 шақты адамның, соның ішінде Стамбул әкімшілігінің жоғары лауазымды қызметкерлерінің тұтқындалғанын хабарлады.

Сол күні РХП Имамоғлуды 2028 жылғы президенттік сайлауға кандидат ретінде ресми түрде ұсынды.

Басты беттегі сурет Getty Images сайтынан алынды.

Журналист

Factcheck.kz