Қазақстанның бұрынғы президенті Нұрсұлтан Назарбаев 2017 жылы 31 қаңтарда “Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік” тақырыбында жолдау жариялады. Жолдауда Қазақстанның 25 жылдық даму жолынан өткенін атап өтіп, алдағы 25 жылда биік белестер күтіп тұрғанын жеткізді. Осы орайда үкіметке 2025 жылға дейін “Қазақстанның ұлттық технологиялық бастамасы” деп аталатын үшінші жаңғырту стратегиялық жоспарын әзірлеуді тапсырды. Оның ішінде әлемдік рейтиңдерде жоғары орындарға жету тапсырмасы да бар. Жыл соңына қарай Бақытжан Сағынтаев бастаған үкімет президент жарлығының жобасы туралы № 799-қаулыға қол қойып, жоспарды әзірледі.
Осы тұста Factcheck.kz редакциясы экс-президент тапсырмасымен әзірленген 2025 жылға дейінгі стратегиялық жоспардың халықтың өмір сүру сапасына қатысты халықаралық рейтиңдердегі тапсырмасының қаншалықты орындалғанын тексерді. Бұл редакцияның стратегиялық жоспарға қатысты материалдың 1-бөлімі.
Жоспар-2025: ЭЫДҰ бәсекелестік ортасының индексі (Product Market Regulation) – 2,2 балл.
Үкім: Орындалмады
Назарбаев тапсырма берген 2017 жылы Қазақстан Экономикалық ынтымақтастық пен даму ұйымына енбеген еді. Арада 8 жыл өтсе де Қазақстан ЭЫДҰ-ның бәсекелестік ортасының индексіне әлі де енбеген. Бұл индекс тек ЭЫДҰ-ға мүше елдер арасында жүргізіледі.
Дегенмен, 2024 жылы 15 ақпанда ҚР Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі 2023-2027 жылдарға арналған даму жоспарының іске асырылуы туралы есепте бәсекелестік орта индексін 2,11 баллға жету керектігін жазған. Ал қаншалықты орындалып/орындалмағаны туралы ақпаратында: “ЭЫДҰ бәсекелестік ортаның индексі (PMR) есебінің жариялануы күтілуде” деп жазылған.
ЭЫДҰ бәсекелестік ортасының индексі – бәсекелестікті, жалпы экономикалық және салалық кедергілерді өлшеу арқылы елдің нормативті базасын халықаралық озық тәжірибеге сәйкестігін бағалайтын индикатор. Индекс 0-ден 6-ға дейінгі шкала бойынша есептеледі.
Жоспар-2025: PISA тестіне сәйкес орта білім беру сапасын көтеру:
- Математикадан орташа балл – 480;
- Оқу бойынша орташа бал – 450;
- Ғылым бойынша орташа бал – 490.
Үкім: Орындалмады
Экономикалық ынтымақтастық пен даму ұйымының (OECD) PISA тесті әр үш жыл сайын жүргізіледі. PISA-2022 есебіне сәйкес, Қазақстан математикадан – 425 балл, оқылымнан – 386 балл және ғылымнан – 423 балл жинады. Бұл үкіметтің 2025 жылға дейінгі жоспарынан әлдеқайда аз.

PISA (Programme for International Student Assessment) – бұл оқушылардың білім сапасын бағалайтын халықаралық бағдарлама. PISA зерттеуі 15 жастағы оқушылардың оқу, ғылым және математика бойынша білімдері мен дағдыларын бағалайды. PISA тек оқулықтағы теорияны емес, оқушылардың шынайы өмірде алған білімі мен қолдану қабілетін тексереді.
Жоспар-2025: Логистика тиімділігінің индексі – 38-орын.
Үкім: Орындалмады
Дүниежүзілік банктың кейінгі рейтиңінде, Қазақстан 79-орында тұр. Дүниежүзілік банк логистикалық тиімділік индексі әр екі жыл сайын жүргізеді. Дегенмен коронавирусқа байланысты 2020 жылғы дерегі кешігіп, 2023 жылы шықты. Сонда 2016 жылдан бері 3 мәрте ғана рейтиң жаңарған. Қазақстан, 2016 жылы – 77-орын, 2018 жылы – 71-орын, 2023 жылы – 79-орында болған.
Логистика тиімділігінің индексі – көлік пен сауда логистикасының тиімділігін бағалау үшін қолданылады. Индекс 1-ден 5-ке дейінгі шкала бойынша есептеледі.
Жоспар-2025: QS-WUR рейтиңінде белігіленген Қазақстан ЖОО-ның саны, ТОП-200 – 3 университет.
Үкім: Ішінара орындалды
QS World University Rankings 2025 рейтиңі бойынша, ТОП-200 университет құрамына тек Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ бар, ол 163-орында тұр. Одан кейін 321-орында Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті тұр.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ ең алғаш ТОП-200 университет рейтиңіне 2021 жылы 165-орынмен енген. Одан кейінгі екі жылда (2022 жылы – 175-орын, 2023 жылы – 150-орын) нәтиже жақсарғанымен, 2024 жылы (230-орын) ТОП-200 рейтиңінен шығып қалды.
QS World University Rankings – бұл Quacquarelli Symonds (QS) компаниясы жыл сайын жариялайтын әлемдік университеттердің рейтиңі. Ол әлемдегі университеттердің академиялық беделін, оқыту сапасын, зерттеу жұмыстарын және халықаралық қатынастарын бағалайды.
Жоспар-2025: БҰҰ-ның адам дамуы индексі – 40-орын.
Үкім: Орындалмады
БҰҰ-ның адам дамуы индексінің дерегі бойынша, Қазақстан 67-орында тұр. БҰҰ адам даму индексі 0 мен 1 балл арасында бағаланады: 2016 жылдан бері Қазақстан 0,797-ден 0,802-ге өскен, дегенмен рейтиң бойынша керісінше 56-орыннан 67-орынға төмендеген.

Адам дамуы индексі (HDI) – бұл БҰҰ-ның Даму бағдарламасы (UNDP) әзірлеген көрсеткіш. Ол елдердегі өмір сүру деңгейін, білім сапасын және табыс деңгейін бағалайды.
Жоспар-2025: БҰҰ ақпараттық-коммуникациялық технологияларды (ары қарай – АКТ) дамыту индексі – 25-орын.
Үкім: Орындалмады
БҰҰ-ның ақпараттық-коммуникациялық технологияларды дамыту индексі 2009 жылдан 2017 жылға дейін жарияланып отырған. Деректердің қолжетімділігі мен сапасына байланысты 2018 жылы индекс тоқтатылған болатын. Алайда 2023 жылы жаңа методология жасап, индексті қайта жариялайтын болды. 2024 жылғы дерек бойынша, Қазақстанның АКТ дамыту индексі – 90,1 болған және әлем елдері арасында 42-орынға жайғасты.
АКТ даму индексі (IDI) — БҰҰ Халықаралық телекоммуникация одағының әзірлейтін индексі, ол әр елдегі цифрлық инфрақұрылымның деңгейін, интернетке қолжетімділікті және халықтың цифрлық сауатын бағалайды.
Пікір қалдыру үшін өз аккауныңызға кіріңіз.