Сот белсенді Ақторғын Ақкенжебаласын 10 тәулікке қамады

Алматы соты 3 наурызда белсенді Ақторғын Ақкенжебаласын 10 тәулікке қамауға алды. Оған Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекстің 488-бабының 7-бөлігі бойынша «бейбіт жиындарды ұйымдастыру және өткізу тәртібін бұзды» деген айып тағылды. Бұл туралы «Власть» басылымы хабарлады.

Айып 2024 жылғы 13 мамырда өткен маршқа қатысты. Сол күні «Феминита» белсенділері бұрынғы ұлттық экономика министрі Қуандық Бишімбаевқа қатысты сот үкімі жарияланғаннан кейін акцияға шығып, оның өмір бойына бас бостандығынан айырылуын талап еткен еді. Белсендінің жақтастары Ақторғын 8 наурызға қарсы ұсталды деп есептейді.

Бұған дейін «Феминитаның» тағы бір белсендісі Жанар Секербаеваны дәл осы бап бойынша кінәлі деп танып, 10 тәулікке қамауға алды. Оны да былтырғы 13 мамырда өткен маршқа байланысты ұстаған.

23 қаңтарда Ақторғын Ақкенжебаласы Темірлан Еңсебекті қолдап, пикетке шыққанын еске салайық. Сот оған 50 АЕК (196 600 теңге) көлемінде айыппұл салды.

Журналист

Factcheck.kz