Сексуал объективацияның қаупі қандай?

«Секс сатады». Осы бір ыңғайсыз, бірақ танымал идеяны негізге алған маркетологтар жылдар бойы кез келген тауардың – бургерден бастап дөңгелек ауыстырудың да жарнамасын жасау үшін әйелдердің сексуал бейнесін пайдаланады. Ал режиссерлер мен компьютер ойындарын жасаушылар кейіпкерлерін «шешіндіреді». Factcheck.kz редакциясы мұның неліктен дұрыс емес екенін және салдары қандай екенін түсіндіреді.

Объективация не заттандыру – адамды толыққанды тұлға емес белгілі бір қызмет атқаратын нысан ретінде қабылдау. Біреуді объективациялау дегеніміз – адамның күрделі болмысын белгілі бір мақсатқа жету құралы ретінде пайдаланып, оның еркіндігін, қалауы мен сезімін ескермеу.

Сексуал объективация туралы айтқанда, әдетте, әйелдерді заттандырады, оларды сурет, абстракт бейне, жасанды сипаттамасы бар, ер адамның қызығушылығына жауап беретін, оның ішінде сексуал тұрғыда қанағаттандыратын образға теңестіреді. Сексуал нысаналаудың шегінде дәстүрлі түрде порнография, стриптиз бен жезөкшелік тұр. Бұл салаларда әйел денесі тұтыну мен сауда нысаны.

Дегенмен көптеген әйел күн сайын сексуал нысаналаудың тұрмыстық үлгісіне тап болады – келбетіне қатысты орынсыз пікірлер, әдепсіз «қошемет» және әйелді медиа мен танымал мәдениетте шектен тыс сексуалдау. Кинода, жарнама мен компьютер ойындарында әйел денесін аудиторияның назарын аудару үшін пайдалану қалыпты боп қалғаны соншалық, бұл мәселеге қоғам назарын аудару керегін көп адам түсіне бермейді.

  • Сексуал объективацияның қаупі қандай?
  • Сексуал объективацияның қаупі қандай?
  • Сексуал объективацияның қаупі қандай?
  • Сексуал объективацияның қаупі қандай?
  • Сексуал объективацияның қаупі қандай?
  • Сексуал объективацияның қаупі қандай?
  • Сексуал объективацияның қаупі қандай?

Қазақстандағы әйелді нысан еткен жарнама үлгісі

Дегенмен сексуал объективация әйелді қорлап қана қоймайды, оның зияны одан да үлкен. Әйелді тек бағынатын, көңіл көтеретін ресурс ретінде көрсету азғындауға әкеледі, қоғамдағы сексуал зорлық-зомбылыққа төзімділікті арттырып, виктимблеймиңді ақтайды.

Әйелдерді сексуал объективациялаудың салдары

Еркектер әйелдерге қарайды, әйелдер өзіне еркектердің қалай қарағанын бақылайды. Бұл әйелдердің еркектермен ғана емес, өзара қарым-қатынасының да қандай сипатта екенін анықтап береді.

Джон Бергер, суретші және сыншы

Әйел денесі мен келбеті еркектердің көзқарасына қарай ыңғайланады, бірақ бәріміз ақпараттық кеңістікте өмір сүріп жатқандықтан, сексуал объективациялау әйелдердің өзін қабылдауына кері әсер етеді. Өзін нысан ету – тым көп тараған құбылыс. Яғни әйелдер сексистік нарративтерді қабылдап, өзін басқалар қаншалықты тартымды деп есептейтініне қарай бағалайды.

Соның салдарынан әйелдер жасөспірім кезден бастап көпшілігі үшін қолжетімсіз келбет стандарттарына сай келуге тырысады. Өзін үнемі сынау, мінсіз емес денесі үшін ұялу психологиялық жағдайы, өзін бағалауы мен физикалық денсаулығына кері әсер етеді: күйзеліс пен тамақтану тәртібінің бұзылуы – өзін нысан еткен адамдардың серігіне айналады. 


Объективациялаудың тағы бір салдары – сексуалданған әйелдерді қоғам біліксіздеу деп қабылдайды. Сонымен қатар, Суррей университеті мен Бикокка Милан университеті психологтарының Sex roles ғылыми журналында жарияланған зерттеуі әйелдер мен еркектер бірдей сексуал объективация болып тұрса да, олардың біліктілігі әртүрлі бағаланатынын көрсетті.

Эксперимент кезінде олар әйелдер мен ерлердің бірдей үш типін бағалады: бейтарап қалыпта толықтай киінген, бейтарап қалыпта іш киім/шомылу киімін киген және эротикалық қалыпта іш киім/шомылу киімін киген. Сурет сексуал кейіпке ауысқан сайын ерлер біліксіздеу деп бағалана бастаса, кейінгі екі типтегі әйелдердің суреті біліксіз деп бағаланған.

Өзін объект ету әйелдер мен қыздардың өз ақыл-ой қабілеттерін бағалауына ғана емес, міндеттерді шешудегі жетістігіне де әсер етеді. Мәселен, Journal of Personality and Social Psychology ғылыми журналында жарияланған америкалық зерттеу аясында тәжірибе жүргізілді. Онда 40 еркек пен  42 әйелді екі топқа бөліп, математикалық тестті орындауды сұраған. Бірінші топ свитер кисе, екіншісі шомылатын киім киіп отырған. Мақсат – өз денесін сынай қабылдау міндеттерді орындау қабілетіне қаншалықты әсер ететінін тексеру.

Нәтижесінде шомылатын киім киіп тапсырманы орындаған әйелдер свитер кигендерге қарағанда тапсырманы нашар орындаған. Ал екі топтағы ер адамдардың нәтижесінің бір-бірінен айырмашылығы аз болған. Зерттеушілер нәтижелердегі айырмашылықты шомылу киімін киген қатысушылардың ұялып, сырттан қалай көрініп тұрмын деген оймен арпалысып, ойы бөліне бергенімен байланыстырды.

Нысаналау әйелдерге қалай әсер ететіні туралы тағы бір зерттеу алаңдатарлық нәтиже көрсетті. TPM-Testing, Psychometrics, Methodology in Applied Psychology журналында жарияланған италиялық ғалымдардың мақаласы әйелдер де, еркектер де сексуал нысан болған әйелдерді эмоционалдық тұрғыда суық, тәрбиеден, адамшылық пен өз еркінен айырылған адам ретінде қабылдайтынын көрсетті. Мұндай қабылдау азғындауға, әйелдерге қалауыңды істей алатын құрал ретінде қарауға әкеледі.

Әйелді өз қалауын қанағаттандыратын құрал ретінде көретін еркектер әйелдеріне жасаған физикалық және психологиялық қысымды ақтауға бейім келеді және олар сексуалдық қылмысты көбірек істейді. Жалпы қоғамдағы сексуал нысаналау мен содан барып әйелді адам құрлы көрмеу виктимблеймиң мен оларға күш көрсетуді ақтауға әкеп соғады.

Сексуалдық пен сексуалдау

Қоғам өмірінің барлық саласына әйелді азат ету ұғымы енгелі әйелдер көбірек таңдау құқығына ие болды. Оның ішінде қалай жүріп, нені киетінін өзі шешетін болды. Осылайша сексуалдау, сонымен бірге сексуал нысаналау да қоғамда қабылдана бастады. Дегенмен сексуалдық пен сексуалдаудың айырмашылығы өте үлкен.

Сексуалдық – ішкі қобалжу және соған негізделген әрекет. Әр адам өзін қалай көрсететінін өзі шешеді.

Сексуалдау – сыртқы процесс, адамдарға олардың жеке уайымы мен ниетінен тыс сексуал нысан деп қарау. Сексуалдау – көріп отырған адамның ойы мен қалауын жүзеге асыруға бағытталған және сексуал нысанның не істеп, не кигенімен байланысы жоқ. Әйел баланы емізіп отыруы мүмкін, қалада үнсіз кетіп бара жатуы, дәмханада кезек күтіп тұруы, спорттық киім, футболка немесе джинсы, тіпті ислам талаптарына сай киініп тұруы мүмкін. Қандай жағдай болса да орынсыз ұсыныс, пікір немесе артыңыздан ысқырық естіп қалуыңыз мүмкін.

Екіжақты сексуалдау мен нысаналау романтикалық қарым-қатынастың ажырамас бөлігі, онсыз құштарлық болмайды деген пікір бар. Осы көзқарас бойынша, жұптар бір-бірін қалайтынын сезіну, тұлға ретінде ғана емес, сырт келбеті де тартымды болғаны маңызды. Дегенмен гетеросексуал жұптардағы динамиканы зерттеу кезінде қарым-қатынаста әйелді сексуал нысан ретінде көру сексуалдық қанағаттану және әйелдерде де, ерлерде де қарым-қатынасқа қанағаттануға теріс әсер ететінін көрсеткен.

Романтикалық қарым-қатынас үшін нысаналаудың маңызды екені туралы пікірді жақтаушылар негізгі нәрсені, оның екіжақты болуы керек екенін естен шығарып алады. Америка психологтар қауымдастығы баяндамасында сексуалдық пен сексуалдау ұғымдарын нақты бөліп көрсеткен. Қарым-қатынастағы дұрыс сексуалдық екіжақты болады. Жұптар үшін бір-бірінің денесіне, келбетіне тамсану қалыпты нәрсе. Бірақ ол екіжақты қызығушылық, келісім мен өзара құрмет болған жағдайда ғана.

Медиадағы сексуалдық пен сексуал нысан ұғымы анық емес, себебі мәселе экрандағы әйелдің киімі немесе әрекетінде емес, мәтінде.

Сексуалдық та назар аударту үшін пайдаланылуы мүмкін, бірақ тек тұлғаның бір қыры ретінде ғана болады. Нысаннан айырмашылығы оны көрсетіп отырған адамның мақсаты мен қызығушылығына қызмет етеді. Бұл шынайы өмірде де, танымал мәдениет кейіпкерлері үшін де солай. Кино мен бейне ойындарда әйелдер мен ерлер кейіпкерлерін бейнелеу туралы сөз болғанда, кейіпкердің сюжеттік сексуалдығын фансервистен және ашық сексуалдаудан ажырату қиын болуы мүмкін.

Айырмашылықты түсіндіру үшін кинематографиядағы екі образды – «Жұлдызды соғыстар» бірегей трилогиясындағы Лея ханшайым мен ВВС үшін түсірілген «Шерлок» сериалындағы Ирэн Адлерді алайық. Екі кейіпкер де сюжеттің бір бөлігінде киімсіз көрсетіледі, дегенмен мәтін жалаңаштануды әртүрлі қабылдатады.

Бірегей трилогияның соңғы фильмінде бандит Джабба Хаттқа тұтқынға түскен Лея (сомдаған Керри Фишер) көрерменнің алдына құл киімінде – шынжыр мен алтын бикинимен шығады. Кейінірек режиссёр Джордж Лукас мұндай ашық киімді көрерменді бір сілкіп алу және Леяның әйел ретінде сымбатын көрсету үшін таңдағанын мойындады. Режиссердің пікірінсіз-ақ бұл сюжет кейіпкерді сексуал нысан етудің жарқын үлгісі екені анық. Лея киімді өзі таңдамайды, мұнда жалаңаштану – қорғансыздық пен бағынудың символы, және мұндай шешімді сюжет ақтап алған тәрізді. Дегенмен бұл идеяны тым ашық сексуалдаусыз-ақ жүзеге асыруға болатын еді: әуелде күң киімі 23 метрлік созылып жатқан матадан тұруы керек еді, бірақ техникалық қиындықтарға байланысты одан бас тартқан.

Екіншісі, біз алтын бикини кейіпкердің мінезін ашты деп айта алмаймыз, керісінше, алғашқы екі бөлімде толыққанды, еркін және тәуелсіз басшы болған Леяның образына қарсы.

Мен фильмде мұндай нәрсе болады деп ойлаған да жоқпын. Ол ханшайым ғой! Бикини киіп не істеп жүр?

Харрисон Форд, Хан Соло рөлін сомдаушы

Осындай сәйкессіздікке қарамастан Леяның бикини киген уақыты дәл 150 секундқа созылады. Көрермен-еркектердің дүрлікпесінің арқасында ашық костюм Лея образының ажырамас бөлігіне айналды.

Сексуал объективацияның қаупі қандай?
Іздеу нәтижесі Лея ханшайымның қай киімдегі бейнесі танымал екенін көрсетіп тұр.

Лара Пулвер сомдаған Ирэн Адлердің жалаңаш бейнесі мүлдем басқаша көрсетілген. Мұндағы кейіпкердің жалаңаштануы – жеке таңдауы, ол Шерлок Холмстың алдына биік өкшелі туфлимен ғана баруды саналы түрде шешеді. Ирэн үшін киімнің болмауы – оның өзіне деген сенімділігін көрсетеді және мақсатқа жету құралы. Сол себепті мұнда жалаңаштану әлсіздік емес, күш ретінде көрсетілген. Холмспен танысқан сәттегі сюжетте Ирэн батыл боп бейнеленген, ал Шерлок не істерін білмей, сасып қалған. Сюжетті дамыту және кейіпкердің образын ашу тұрғысынан жалаңаштану ақталады, себебі сексуалдық қару сияқты, ол – Ирэн Адлердің бір сипаты.

Бірақ еркектер де…

Acne Studios брендінің жарнама науқаны — еркектерді сексуал нысан ретінде көрсетудің үлгісі

Еркектер де сексуал нысан болатыны сөзсіз. Бірақ бұл құбылыстың ауқымы, сондай-ақ еркектердің саулығына жағымсыз әсері әйелдермен салыстыруға келмейтіндей аз. Еркек денесінің сексуалданған суреті қоғамдық көлікте жиі байқалатын болғанымен, ол жүйелі түрде болып жатқан құбылыс емес және еркектерге күш көрсету немесе теңсіздік мәселесін тудырмайды.

Еркектер сексуалданған образда тұрғанның өзінде әйелдерге қарағанда күшті, батыл сипатталады. Керісінше сексуал образдағы әйел қорғансыз, бағынышты кейіпте болады. Кино мен компьютер ойындарындағы ер кейіпкерлердің сексуал суреттері сюжет үшін артық болуы мүмкін, бірақ кейіпкерлердің өзі тарихта ойып тұрып орын алады, ал мәтіні бейтарап немесе қаһарманның үстем екенін көрсетеді.

Қорытындылайтын болсақ, адамдарды нысан ету, кез келген жыныс, гендер үшін де орынсыз және айыптауға лайық.

Ақпарат Канаданың жергілікті бастамалар қорының (CFLI) қолдауымен MediaNet Халықаралық журналистика орталығы жүзеге асыратын «Қазақстандағы әйелдер мен қыздардың гендерлік теңдігі мен мүмкіндіктерін кеңейтудің маңыздылығы туралы қазақстандық аудиторияның хабардарлығын арттыру» жобасы аясында дайындалды.

Factcheck.kz