28 ақпанда полиция «Феминита» бастамасының жетекшісі Жанар Секербаеваны ұстап әкетті. «Власть» басылымының жазуынша, бұл туралы Секербаева телефон арқылы хабарлап үлгерген. Оны Алмалы аудандық полиция басқармасына алып кеткен.
Секербаеваның серіктесі Анастасия Рощупкинаның айтуынша, оны 2024 жылғы 13 мамырда өткен марш үшін ұстаған. Сол кезде «Феминита» белсенділері бұрынғы Ұлттық экономика министрі Қуандық Бишімбаевқа үкім шыққаннан кейін акцияға шығып, оған өмір бойына түрме жазасын талап еткен еді.
Рощупкинаның сөзінше, Секербаеваға шақыру қағазы берілмеген және ол жаттығу залында жүрген жерінен ұсталған.
Контекст
13 ақпанда қазақстандық ата-аналар одағының белсенділері «Феминита» тобының адам құқығы жөніндегі шарасына кіріп келіп, жиынға кедергі келтірген. Полиция алдымен Гүлзада Сержан мен Жанар Секербаеваны оқиғаға қатысты түсініктеме аламыз әкеткен. Бірақ оларға әкімшілік құқық бұзушылық бойынша іс қозғамақ болған.
14 ақпанда Қазақстандық ата-аналар одағы «Феминита» бастамасының тағы бір жабық іс-шарасына кедергі келтіріп, шырқын бұзды. Белсенділердің жазуынша, Бағила Балтабаева бастаған бір топ адам шара өтіп жатқан жерге келіп, есікті сындырмақ болған.
Сот Жанар Секербаеваға да, «Феминитаның» тағы бір жетекшісі Гүлзада Сержанға 100 АЕК мөлшерінде айыппұл салды. Белсенділерге әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 489-бабының 9-бөлігі бойынша «тіркелмеген немесе қызметі тоқтатылған не тыйым салынған қоғамдық, діни бірлестіктерді басқарды» деген айып тағылды.
Басты беттегі сурет Жанар Секербаеваның Facebook парақшасынан алынды.