Мемлекеттік грантты өтемегендерге айыппұл келетіні рас па?

Кезекті оқу жылының аяқталуына 2 айға жуық уақыт қалды. Диплом алған студенттерге мемлекеттік грантты өтеу міндетті екені мәлім. Оны өтемеген жағдайда айыппұл төлеуі керек, шетелге шығуға да тыйым салынады деген деректер тарап жатыр. Factcheck.kz редакциясы грантты өтеуге міндетті студенттердің негізгі құқықтарын талдап көрді.

Грант студенттерге берілетін несие ме?

ҚР білім туралы заңының 47-бап, 17-тармағында мемлекеттік қаражат есебінде тегін білім алған студенттер кемінде үш жыл грантты өтеуге міндетті екені жазылған. Осы тармақтың төртінші тармақшасында жұмысты өтеу жөніндегі міндетті орындамағаны үшін бюджет қаражаты есебінен шыққан шығыстарды өтеуге міндетті екені көрсетілген. Ғылым және жоғары білім министрлігінің Factcheck.kz редакциясыны берген жауабында, Азаматтық кодекстің 298-бабына сілтеме қалдырылып, арнайы міндеттемелердің орындалмағаны үшін айып өндіріліп алынатыны жазылған. Сондай-ақ, жауапта осы заңның 293, 295-баптары көрсетіліп, «несие» берушіге белгіленген айыпты төлеуге міндеттелетіні де көрсетілген. Министрлік грантты өтемеген студенттің ісі осы заң бойынша қаралатынын баяндайды. Ғылым және жоғары білім министрлігі грантты жұмыспен өтеу жөніндегі міндеттерін бақылауды «Қаржы орталығы» АҚ-ы жүзеге асыратынын жазған. Айыппұл сомасы келесідей әдіспен есептелінеді.

айып сомасы = қарыз сомасы × мерзімі өткен күндер × ҚР ҰБ-нің базалық мөлшерлемесі ÷ 360 күн

Қандай жағдайда грантты өтемеуге болады?

Білім туралы заңның 47-бап, 17-2-тармағына сәйкес резидентураға, магистратураға, докторантураға түскен адамдар бакалаврдағы грантты өтеуден босатылады. Сондай-ақ, елді мекенде мамандық бойынша бос орын болмаған жағдайда да босатылатыны көрсетілген. Бірінші немесе екінші топтағы мүгедектігі бар адамдар, жүкті әйелдер, үш жасқа дейінгі баласы бар және сол жасқа дейінгі баланы асыраушы адамдардың жағдайы да ескеріліп, міндетті өтеуден босатылады.

Осы баптың 17-3-тармағына сәйкес, грантты өтеу кезінде бірінші және екінші топтағы мүгедектігі белгіленген адамдар мен қайтыс болған адамдардың өтеу жөніндегі міндеті тоқтатылады.

Шетелге шығуға тыйым салынады: Қандай шаралар қолданылады?

«Қаржы орталығы» АҚ-ның жауабына сәйкес, грантты өтемеген жағдайда, алдымен сот атқару парағын жазып береді. Кейін бұл құжат қарызды өндіріп алушыға немесе сол аумақты жергілікті әділет органына жіберіледі. Атқару парағында өндіріп алынатын жалпы сома көрсетіледі. Ал, студент тарапынан соттың заңды күшіне енген шешімін орындамау әрекеті анықталса, «Атқарушылық іс жүргізу және сот орындаушыларының мәртебесі туралы» заңның 2-бабына сәйкес мәжбүрлеп орындатуға бағытталған шаралар қолданылады. Осы заңның 31, 32-баптарына сәйкес, грантты өтемеген студенттердің ісі сотқа жеткен жағдайда, өзіндегі немесе өзге де жеке және заңды тұлғалардағы ақшасы мен бағалы қағаздарына тыйым салынады. Сондай-ақ, банк ұйымдарындағы ақшаларына да тыйым салу қарастырылған. Жылжымалы мүліктері де тәркіленеді. Студентке тиесілі мүлікті, соның ішінде ақшаны да пайдалануға шектеу қойылады. Осы заңның 33-бабына сәйкес, студент талаптарды үш айдан астам уақытта орындамаса, ел аумағынан уақытша шығуға алмайды. Осы заңның 11-бап, 1-тармақ, 1-тармақшасына сәйкес, сот актiлерi негiзiнде берiлетiн сот бұйрықтары мен атқарушылық парақтарды үш жыл iшiнде мәжбүрлеп орындатуға ұсынылуы мүмкін.

Грантты өтеу мерзімі өтіп кетсе оқу орны сотқа жүгіне ала ма?

Жоғарыда жазғанымыздай, грантты өтеуге берілетін мерзім 3 жыл. Осы 3 жыл ішінде студент тарапынан грантты өтемеу әрекеті тіркелсе, оқу орны сотқа жүгіну арқылы мәжбүрлі орындауға тағы 3 жыл беріледі. Демек, процесс 6 жылға созылады. Бұл туралы заңгер, адвокат Марина Абжановадан толығырақ сұрадық. Заңгердің сөзінше жоғары оқу орны, студент оқуды аяқтағаннан қанша уақыт өтсе де сотқа жүгіне алады. Яғни, 4 немесе 5 жылдан соң да грантты өтеуге немесе айыппұл төлеуге шағым білдіру құқығына ие. Бірақ, бұл жағдайда шешімді сот қабылдайды. Ал сот шешімінің қандай болатыны тек сотқа ғана мәлім. Сондай-ақ, Марина Абжанова бұл процесс 6 жылға жуық уақыттай созылатынын айтты. Яғни, 3 жыл өтеуге грантты берілсе, 3 жыл мәжбүрлі орындауға берілетін мерзім.

Жұмысқа жіберу тәртібі қалай жүзеге асады?

Ғылым және жоғары білім министрінің 2023 жылғы 11 тамыздағы № 403 бұйрығымен бекітілген қағидасының 3 – 8 тармақтарында жұмысқа жіберу тәртібі көрсетілген. Бұл құжатта студенттерге белгілі бір мекемелерге міндеттеу туралы мәтін жоқ. Яғни, жеке компанияда немесе мемлекеттік мекемеде жұмыс істесе де өз еркі. Алайда, грант квотасына байланысты арнайы ережелер бар. Мәселен, жоғарыдағы қағиданың 3-тармағына сәйкес, ауылдық квота арқылы педагогикалық, медициналық, ветеринариялық және ауыл шаруашылығы мамандықтары бойынша оқуға түскен ауыл жастары, ауылдық жерде орналасқан ұйымдарда жұмыс істеуге міндетті.

Осы қағиданың 4-тармағына сәйкес, қоныс аударғаны үшін квота алған педагогикалық, техникалық және ауыл шаруашылығы мамандықтары бойынша оқыған азаматтар «Қандастар мен қоныс аударушыларды қоныстандыруға арналған өңірлерді айқындау туралы» ҚР Үкіметінің 2023 жылғы 4 қыркүйектегі № 765 қаулысында айқындалған қоныс аударуға арналған өңірлерде жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білімнің білім беру бағдарламаларын iске асыратын бiлiм беру ұйымдарын (ЖЖОКБҰ) бітіргеннен кейін кемінде екі жыл жұмыс істейді.

Қағиданың 7-, 8-тармағына сәйкес, мемлекеттік грантта доктор бағдарламасы мен философия докторы (PhD) бойынша докторантурада білім алған азаматтар, кемінде үш жыл мемлекеттік органдарда, ЖЖОКБҰ-да, ғылыми ұйымдарда, ғылыми бөлімшелерде, Назарбаев Зияткерлік мектептері дербес білім беру ұйымдарында, орта білімнен кейінгі білім берудің білім беру бағдарламаларын іске асыратын білім беру ұйымдарында жұмыспен өтейді.  

Қазақстанда кез келген ақы төленетін жұмысқа келісім-шарт жасау міндеттеледі. Бұл туралы еңбек кодексінің 23-бабы 2-тармағының 2-тармақшасына сәйкес, жұмыс беруші жұмысқа қабылдау кезінде қызметкерлермен еңбек шарттарын жасасуға міндетті деп жазылған. Бұл грантты өтеуші студентке де қатысты. Сол еңбек шартынсыз жұмыс істеу, грант өтеу жатпайды.

Байқап тұрғанымыздай, мемлекеттік грантты өтемегені үшін айыппұл салу күрделі процесс. Жоғарыда жазылғандай, 6 жылға жуық уақытта жүзеге асады. Студент грантты өтеуден резидентураға, магистратураға, докторантураға түсу арқылы босатылуы мүмкін, алайда олардың да өтеуі бар. Оқу аяқтағаннан қанша жыл өтсе де оқу орны сотқа бере алатынын ескерсек, өтеуден қашу мүмкін емес. Студенттерге диплом алғаннан кейін кейін оқу орнындағы комиссиядан жұмысқа орналасу туралы нақтылап сұрап алу ұсынылады. Сондай-ақ, оқуға түсер алдында арнайы келісім-шартты оқып алу керек. Егер студент шартта жазылған грантты өтеу туралы бөлігіне көңіліңі толмаса, қол қоймай тұрып бас тарту құқығына ие. Бірақ, бұл жағдайда тек ақылы бөлімде оқи алады.

Журналист-фактчекер

Factcheck.kz