Kazfem белсендісін «‎Жаңа адамдар» акциясына қатыстырмады

26 қарашада «‎Жаңа адамдар»‎ қозғалысының «‎Жануарлар әлеміне “жоқ де”!»‎ деген Алматыда өткен акциясына Kazfem белсендісі Вероника Фонованы қатыстырмай қойды. Бұл туралы журналист Данияр Молдабеков Instagram-парақшасында хабарлады.

Журналист желіге видео жариялады. Ондағы ақпарат бойынша, феминист-белсенді Вероника Фонова акцияға «Дина Таңсәріні және НемолчиKZ-ті қудалауды доғарыңдар»‎ деген плакат ұстап келген. Оны көрген ұйымдастырушылар оны акцияға қатыстырмай қойған. Вероника Фонованың айтуынша, ұйымдастырушылар оған плакатсыз ғана қатыса алатынын айтқан.

«‎Жануарлар әлеміне “жоқ де”!» акциясының басты тақырыбы — елдегі зорлық-зомбылық мәселесі. «‎Жаңа адамдар» қозғалысының бір өкілі «‎Әкімдік тақырыптан тыс әрекеттер болса, митиңді дереу тоқтатамыз» деп ескерткенін айтты.

«‎Біз бұл митиңге рұқсатты әрең алдық, сол себепті оны тоқтатып тастай ма деп алаңдаймыз», – деді ол.

Дегенмен феминист-белсенді қолына ұстап келген плакатты акцияның тақырыбынан алшақ мәселе деп есептемейді. Себебі Дина Таңсәрі және НемолчиKZ — зорлық-зомбылық құрбандарына көмектесіп жүрген қор.

Бұл акция “елде сөз еркіндігі бар” деген бейнені көрсету үшін ғана ұйымдастырылып жатқаны түсінікті болды. Біз біраз жылдан бері әйел құқығы үшін және зорлықпен күресіп келеміз. Бірақ бізді қудалайды, сұрау-өтінішімізге бас тартады, біз сотқа арызданып жатамыз, аппеляцияға беріп жатамыз. Бізге мұндай қауіпсіздікті, алаңды бермейді. Біз ұйымдастырған кезде де полицейлер бүгінгідей жылы жүзбен қарап тұрмайды. Ал енді тұрмыстағы, сексуал зорлық-зомбылықтың құрбаны болған жүздеген әйелге көмектескен әйелді қудалап жатыр.

Вероника Фонова, белсенді

Айта кетейік, 24 қарашада НемолчиKZ қоғамдық қорының барлық шоты бұғатталғаны белгілі болды. Ертіс полиция бөлімінің тергеушісі «‎сот қарызы» бойынша олардың барлық шотына шектеу қойған.

Factcheck.kz