Қазақстандық ата-аналар одағы «Феминита» тобына тағы да шабуылдады

Қазақстандық ата-аналар одағы «Феминита» ұйымының тағы бір жабық іс-шарасына кедергі келтіріп, шырқын бұзды. Бұл туралы «Феминита» хабарлады.

Белсенділердің жазуынша, Бағила Балтабаева бастаған бір топ адам шара өтіп жатқан жерге келіп, есікті сындырмақ болған. Музыканы қатты қосып, балағат сөздер айтып шу шығарған. Ал келген полиция қызметкерлері Бағила Балтабаевадан саусақ іздерін алудан бас тартып, есікті қатысушылардың өзі бұзды деген. Шара өткен қонақүй әкімшілігі мүлікті бүлдіруге қатысты арыз жазған.

«”Феминитада” ғашықтар күніне арналған шай кеші болып жатқан. Біз “Жанар, есікті аш”, “шетел агенті” деп айғайлаған дауыстарды естідік. Кешегі шабуылдан кейін есікті жауып отырғанбыз. Ал полицейлер құқық бұзушыларды ұстаудың орнына, топтың барлық қатысушысынан түсініктеме аламыз деді», – деп жазды бастама Instagram парақшасына.

13 ақпанда да қазақстандық ата-аналар одағының белсенділері «Феминита» тобының адам құқығы жөніндегі шарасына кіріп келіп, жиынға кедергі келтірген. Полиция алдымен Гүлзада Сержан мен Жанар Секербаеваны оқиғаға қатысты түсініктеме аламыз әкеткен. Бірақ оларға әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 489-бабы бойынша «тіркелмеген, тоқтатылған не тыйым салынған қоғамдық, діни бірлестіктердің қызметіне басшылық жасады» деген айыппен іс қозғамақ болған. 

Басты беттегі сурет Жанар Секербаеваның Facebook парақшасынан алынды.

Журналист

Factcheck.kz