Қазақстандағы сөз бостандығына шолу: Тоқаев келгелі қалай өзгерді?

Былтыр, 2024 жылы, президент Қасым-Жомарт Тоқаев БАҚ саласы қызметкерлерін марапаттау рәсімінде сөз бостандығы қоғамның мызғымас құндылығы саналатынын айтты. Оның пікірінше, елімізде жүргізілген жүйелі реформалардың нәтижесінде азаматтардың саяси мәдениетінің деңгейі едәуір өскен, шынайы әрі аясы кең пікір алуандығы пайда болған. Ойын жалғай түсіп, ол «Бірақ біз әуел бастан пікір алуандығына ұмтылып келеміз. Бұл – біздің айтулы жетістігіміз. Көпшілік мұны әлі күнге сезінбей жүр. Алайда Қазақстанда әлдеқашан жаңа саяси жағдай қалыптасты», – деді.

Дегенмен, биыл, 2025 жылы сот Qaznews24 сатиралық парақшасының авторы Темірлан Еңсебекті «араздық қоздыру» бабы бойынша кінәлі деп танып, бес жыл бас бостандығын шектеу жазасын кесті. Сот оның қоғамдық жұмыспен, соның ішінде журналистикамен айналысуына, митиңге қатысып, сұхбат беруіне тыйым салды. Биыл сәуірде Астанада Лұқпан Ахмедияров та ұсталып, кейін босатылғаны белгілі болды.

Қамауда отырған журналист Думан Мұхаммедкәрім де наразылық ретінде аштық жариялап тұрады. Ол жеті жылға бас бостандығынан айырылған.

Осы тұста Factcheck.kz редакциясы Тоқаевтың «жүйелі реформалары» кезінде халықаралық ұйымдардың Қазақстандағы сөз бостандығына қатысты есептері мен рейтиңдері қаншалықты өзгергеніне шолу жасап көрді.

Шекарасыз тілшілер индексі

Шекарасыз тілшілер ұйымының (Reporters Without Borders) World Press Freedom Index – 180 елді қамтитын жыл сайынғы баспасөз бостандығы индексі. Бұл тұста 1-орын сөз бастандығының күйі ең жақсы дегенді білдірсе, 180-орын сөз бостандығы тым нашар екенін көрсетеді. Былтырғы көрсеткішке сәйкес, 1-орында Норвегия, ал тізімде соңғы болып Эритрея тұр.

Қазақстандағы сөз бостандығына шолу: Тоқаев келгелі қалай өзгерді?

2024 жылғы көрсеткішке сай, Қазақстан 180 елдің ішінде 142-орында тұр. Былтыр Қазақстандағы ахуал нашарлай түскен. 2023 жылы рейтиңдегі Қазақстан орны 134 болған, яғни еліміздің позициясы 8 орынға нашарлаған (45,87 баллдан 41,11-ге түскен). Тоқаев билікке келген 2019 жылы Қазақстан 158-орында (47,18 балл), 2020-жылы 157-орында (45,89 балл), 2021 жылы 155-орында болған (49,72 балл).

Ұйым 2022 жылы индекс методологиясын өзгертті, сондықтан көрсеткіш сол жылы 122-орынға көтерілді, дегенмен Қазақстанның баллы керісінше, түсіп кетті (2021 жылы 49,72 балл, 2022 жылы 48,28 балл).

Яғни, қорыта айтқанда, 2019 жылы еліміз индексте 47,18 баллмен тұрса, 2024 жылы бұл балл 41,11-ге түсіп кеткен.

Интернеттегі жаңалық сапасы жақсарып келе жатқанымен, репрессия түрі жаңарып, енді тәуелсіз медиа ойын еркін жеткізе алатын жалғыз кеңістікке — интернетке бақылау күшейіп келеді.

Reporters Without Borders ұйымының Қазақстан туралы түйіні

Freedom House көрсеткіші

Халықаралық Freedom House ұйымы әлемдегі еркіндік көрсеткішін түзеді (Freedom in the World). Ол 208 елдегі саяси құқықтар мен азаматтық бостандықтарды, соның ішінде сөз бостандығын бағалайтын жыл сайынғы баяндама.

Қазақстандағы сөз бостандығына шолу: Тоқаев келгелі қалай өзгерді?

Ұйым саяси құқық пен азаматтық еркіндік деген екі критерийден тұратын ең көп дегенде 100 баллға жететін статистика жасайды. Сол цифрларға сүйеніп, елдерді «Еркін», «Жартылай еркін» және «Еркін емес» деп үш топқа бөледі. Қазақстан, 2025 жылғы көрсеткішке сай, «Еркін емес» статусында Ресей мен Қытай және басқа да Орталық Азия елдерімен қатар тұр.

Еліміздің «Еркін емес» статусы Тоқаев 2019 жылы билікке келгелі өзгермеді. 2019 жылы Қазақстанның баллы 22 болса, кейін 2025 жылға дейін тек бір баллға өсіп, 23 күйінде қалып келе жатыр (ұйымның 2020, 2021, 2022, 2023, 2024, 2025 жылғы есептері).

Парламенттік және президенттік сайлау еркін әрі әділ өтпейді, билік шынайы оппозиция тұлғаларын үнемі шеттетіп немесе түрмеге қамап келеді. Үлкен медиа ұйымдар мемлекет меншігінде я болмаса үкіметке жақын бизнесмендердің иелігінде. Сөз бостандығы мен жиналу еркіндігі шектелген және бұл үшін жаза қарастырылған, ал сыбайлас жемқорлық эпидемияға айналған.

Freedom House ұйымының Қазақстан туралы түйіні

Интернеттегі еркіндік

Freedom House ұйымының тағы бір индексі — интернеттегі еркіндік көрсеткіші. Мұнда ұйым қолжетімділік кедергілері, контеттің шектелуі және қолданушылар құқының бұзылуы деген үш критерий бойынша барлығы 100 балл болатын көрсеткіш жасайды. Қазақстан бұл көрсеткіште де оңып тұрған жоқ және 2019 жылдан бері «Еркін емес» статусында қалып келеді.

2019 жылы Қазақстанның баллы 100-ден 32 болған, 2020 жылы да 32 балл, 2021 жылы 33 балл, 2022 жылы қайтадан 32 балл, 2023 және 2024 жылдары 34 балл болған. Яғни, Тоқаев билікке келгелі бері Қазақстанның көрсеткіші тек 2 баллға өскен.

Қазақстанда интернет еркіндігіне қатысты шектеулер әлі де сақталып отыр. Есеп қамтыған уақыт аралығында тәуелсіз медиа құралдарына бірнеше кибершабуыл жасалды және үкімет шенеуніктерін интернетте сынаған адамдар тұтқындалды.

Freedom House ұйымының Қазақстан туралы 2024 жылы жазғаны

Human Rights Watch ұйымының 2025 жылғы есебі

Бұл тұста әлемнің түкпір-түкпірінде болып жатқан заң бұзушылықтарды зерттеп, есеп беретін Human Rights Watch ұйымының есебіне де тоқталып кетпеске болмайды.

Ұйымның Қазақстандағы 2024 жылғы оқиғаларды сипаттайтын 2025 жылғы есебі келесідей басталады: «Қазақстан билігі бейбіт жиндар, сөз бостандығы және бірлестіктер бостандығын жүйелі түрде бұзады және экстремизмге қарсы заңнама аясында кеңінен қолданылатын қылмыстық айыптарды үкіметті сынаушылар және басқаларын да қудалау алу үшін теріс пайдаланады».

Оппозиция мен басқа да сыншылар

Ұйымның жазуынша, Қазақстан билігі оппозицияның саяси белсенділігін тұншықтыру шараларын күшейткен. Human Rights Watch мұның мысалы ретінде 2023 жылы жеті жылға сотталған Марат Жыланбаев туралы жазып, одан кейін үкіметті сынаған тағы екі адам түрмеге қамалғанын жазады. 2024 жылы Қазақстан соты тәуелсіз журналист және белсенді Думан Мұхаммедкәрім мен тағы бір азаматтық белсенді Асылбек Жамұратовты жеті жылға бас бостандығынан айырды және Мұхаммедкәрімге үш жылға, Жамұратовқа бес жылға қоғамдық-саяси қызметпен айналысуға тыйым салды.

Сөз бостандығы

Ұйымның жазуынша, жаңадан қабылданған «Масс-медиа туралы» заң Қазақстандағы сөз бостандығы мен ақпарат алу құқығына қауіп төндіреді. Заң енді интернет-басылымдарды да бұқаралық ақпарат құралдары деп таниды және олардың Қазақстанда тіркелуін және физикалық түрде елде болуын талап етеді.

Ұйым журналистер жұмысын атқарғаны үшін қудалауға ұшырап жатқанын жазады. Мұның мысалы ретінде ProTenge негізін қалаушы Джамиля Маричеваны «жалған ақпарат таратқаны» үшін кінәлі деп танығаны туралы, журналист Данияр Әділбековтің ұсталғаны туралы жазады.

Бұдан бөлек Human Rights Watch стендапердерді де назардан тыс қалдырмай, Александр Меркулдың ұсталып, 10 тәулікке, Нұрасхан Басқожаевты әзіліне бейпіл сөз араластырғаны үшін 15 тәулікке қамалғаны туралы да жазған.

Amnesty International не дейді?

Адам құқығының жай-күйін бақылап отырған тағы бір ұйым, Amnesty International-дың Қазақстанға қатысты есебі 2023 жылдан соң жаңармаған.

Ұйым онда сөз бостандығына, бейбіт жиындар мен бірлестіктерге құқықтар негізсіз шектелуін жалғасып келе жатқанын жазады. Оның үстіне, ұйымның сөзінше, 2022 жылдың қаңтарындағы жаппай наразылықтар кезінде заңсыз кісі өлтіру, азаптау және басқа да қатыгездік әрекеттері үшін қауіпсіздік күштеріне қатысты тергеу жалғасқан, бірақ көбінесе қылмыстың ауырлығына сәйкес келмейтін үкімдер шығарылған.

Сөз бостандығына қатысты ұйым Онлайн-платформалар және онлайн-жарнама туралы заң күшіне енгенін жазып, оны сынайды. Одан бөлек, «Азат Еуропа/Азаттық» радиосының Қазақстандағы редакциясына 2023 жылы Ұжымдық қауіпсіздік шарты ұйымына (ҰҚШҰ) қатысты «Ресей жетекшілік ететін» деген тіркесіне қатысты айыппұл салғанын да жазған.

Қорытынды

Қысқа шолуымызды қорыта айтсақ, Тоқаевтың «жүйелі реформалары» кезінде Қазақстанның сөз бостандығы деңгейінде айтарлықтай өзгеріс жоқ, кейбірінде керісінше, нашарлай түскен. Шекарасыз тілшілер ұйымының индексінде 2019 жылғы 47,18 баллымыз 2024 жылы 41,11-ге түсіп кеткен. Ал Freedom House көрсеткіштерінде әлі күнге дейін «Еркін емес» статусында қалып отырмыз. Human Rights Watch пен Amnesty International ұйымдары болса Қазақстанда бейбіт жиындар мен сөз еркіндігі әлі де төмен деңгейде екенін жазады.

Естеріңізге сала кетсек, биыл, жылдың басында Темірлан Еңсебекті қолдап «Сатира – қылмыс емес» деген жазумен плакат ұстап, пикетке шыққан белсенді Ақмарал Жәкібаева, Ақторғын Ақкенжебаласы, Руслан Бикетов, Әсем Жәпішева ұсталған еді. Руслан Бикетов пен Әсем Жәпішева 15 тәулікке қамауға алынса, Ақмарал Жәкібаева мен Ақторғын Ақкенжебаласына айыппұл салынды.

Журналист-фактчекер, Factcheck.kz сайтының авторы әрі шығарушы редакторы. Organised Crime and Corruption Reporting Project ұйымында тағылымдамадан өткен.

Factcheck.kz