Жақында Article 19 халықаралық құқық қорғау ұйымы жыл сайынғы Global Expression Report 2025 есебін жариялады. Бұл есепте Қазақстан 161 мемлекеттің арасында 121-орында тұр және 100 баллдың ішінен небәрі 19 балл ғана алған. Бұл дегеніміз – деңгей бойынша Қазақстан ең соңғы, яғни “In Crisis” санатына енді.
Бұл қандай санат, жалпы әлем елдерінің жағдайы қалай? Factcheck.kz Article 19-дың есебіне шолу жасады.
Қазақстан сөз бостандығы дағдарында ма?
2025 жылдың мамырында “Шекарасыз тілшілердің” жаңа есебі жарияланды. Есеп бойынша Қазақстан 141-орынға тұрақтап, тәуелсіз медиаға қауіп төніп тұрған елдердің қатарына енді. Индекс тарихында алғаш рет баспасөз бостандығы жаһандық тұрғыда “қиын жағдайда” деп бағаланды. Соның ішінде түрлі экономикалық қысымдар Қазақстандық тәуелсіз медиаларға соққы болды дейді. Ал Global Expression Report болса Қазақстандағы сөз бостандығын тіпті “қатаң шектелген” елдердің қатарына емес, “дағдарыстық жағдайда” деп бағалады. Бағалау жүйесі төмендегідей:
- 80-100 балл – Ашық (Open);
- 60-79 балл – Аз шектеулі (Less restricted);
- 40-59 – Шектеулі (Restricted);
- 20-39 – Қатаң шектеулі (Highly Restricted);
- 0-19 балл – Дағдарысты (In Crisis).
Жалпы Тоқаев билікке келгелі бері де Қазақстандағы сөз бостандығы айтарлықтай нәтижеге қол жеткізе алмады. Мысалға алатын болсақ “Шекарасыз тілшілердің” есебі бойынша, Тоқаев билікке келген 2019 жылы еліміз индексте 47,18 баллмен тұрса, 2024 жылы 41,11 баллға түсіп кеткен. Ал Article 19-дың 2020 жылғы есебінде Қазақстандағы сөз бостандығын “экстремизм” не “өшпенділік тілі” арқылы шектейтінін ашық айтты. Сөз бостандығы саласында халықаралық стандарттармен сәйкес келмейтін бірқатар кемшіліктер бар екенін жазды. Нақтырақ айтқанда:
- Заңнама тыйым салынған мәлімдемелердің формаларын анықтау үшін бұлыңғыр және анық емес терминологияға сүйенеді;
- Заңнама тыйым салынған мәлімдеменің белгілі бір салдары болуын талап етпейді (дискриминация, қастандық немесе зорлық-зомбылық);
- Жеке тұлғаларға қарсы заңды бұзғаны үшін қолданылатын санкциялар аса ауыр қылмыстық санкция болып саналады;
- Заңды тұлғаларға қарсы санкциялар (мысалы, БАҚ және коммерциялық емес ұйымдар) жауып тастаумен немесе үздіксіз тыйымдармен шектеледі, бұл санкциялар да экстремизммен күрес жөніндегі заңнамаға сәйкес қолданылуы мүмкін;
- Атқарушы билік органдарына өздері «өшпенділік тілі» секілді заңға қайшы контент шығарады деп есептейтін веб-сайттардың, тіпті тұтас жүйе мен коммуникациялық қызметтердің жұмысын тоқтату жөніндегі шексіз құқық берілген.
Ал жалпы “In Crisis” категориясы Қазақстанда сөз бостандығының қаншалықты мүшкіл екенін көрсетеді. Ол бойынша: Түрлі мәлімдемелер мен журналистік зерттеулер үшін қудалау, медиадағы бақылау және цензура, азаматтық пікір үшін қауіпсіздік кеңістігінң болмауы сияқты елеулі мәселелерді ортаға шығарады.
Әлемдегі жағдай қалай?
Global Expression Report 2025 есебі бойынша жалпы әлемде сөз бостандығына қауіп төніп тұр. Қазіргі таңда әлем халқының үштен екісінен астамының он жыл бұрынғыға қарағанда сөз бостандығы шектеледі дейді.

Кейінгі 10 жылдықта 5,6 миллиардтан астам адам цензураға тап болған. Жалпы әлемдік көрсеткіштер 77 елде нашарлаған және олардың тек 35-і ғана “ашық” санатта қалған дейді. Онжылдықта небәрі 15 елде немесе 4% адамның сөз бостандығына шектеу қойылмаған. Ал осы уақыт аралығында цензура салынбаған 1 адамға шаққанда 19 адам сөз бостандығынан зардап шеккен.
Көршілес елдердің де жағдайы мәз емес. Тек Қырғызстан 30 баллмен 108-орынға тұрақтап, “қатаң шектеулі” санатқа енген. Ал Ресей – 151, Өзбекстан – 130, Қытай – 156, Түркіменстан – 157, Тәжікстан – 152-орын алған және барлығы дерлік “дағдарыстық” елдердің санатына кіреді. Ал алғашқы бестікте Дания – 94 балл, Швейцария, Швеция және Эстонияда 93 балл болса, Норвегия мен Бельгияда 92 балл. Жалғыз “0” баллды Солтүстік Корея алса, “1” баллды Эритрея, Никарагуа және Белорусь еншілеген.
Пікір қалдыру үшін өз аккауныңызға кіріңіз.