Қазақстанда адами капиталдың үлесі қанша?

Мамырдың алғашқы аптасында өткен мәжілістің кезекті отырысында депутат Олжас Құспеков елімізде адами капиталдың көрсеткіші 40% екенін айтып, Батыс Еуропа елдерінің көрсеткішінен әлдеқайда төмен деді. Оның сөзінше, адам даму индексіне сәйкес, Қазақстан 191 мемлекеттің ішінен 56-орынға тұрақтаған. Осы және өзге де мәлімдемелерді Factcheck.kz тексерді.

Тайм-код: 1:38:51

Мәлімдеме: Дүниежүзілік банктың есептеулерінше, дамыған елдерде ұлттық байлықтың 70%-і адами капитал құрайды.

Олжан Құспеков, мәжіліс депутаты
Үкім: Шындық

Дүниежүзілік банктың (ең кейінгі) мәліметінше, расымен де дамыған елдерде адами капитал ұлттық байлықтың 70%-іне тең. Адами капиталдан бөлек табиғи және өндірілген капитал бар.

The Changing Wealth of Nations (CWON) 2021 жылы жаһандық байлық туралы есеп жариялады. Бұл есепте әрбір мемлекеттің ұлттық байлығын қалыптастыратын негізгі факторлар: табиғи, өндірілген және адами капиталдың үлесі жазылған. Есеп 2021 жылы жарияларса да зерттеліп отырғаны — 2018 жыл.

Қазақстанда адами капиталдың үлесі қанша?

Мәлімдеме: Батыс Еуропада адами капиталдың үлесі 70-80% құрап отыр. Қазақстандағы бұл көрсеткіш тек 40% төңірегінде.

Олжан Құспеков, мәжіліс депутаты
Үкім: Шындыққа жақын

Дүниежүзілік банктың мәліметіне сай, Батыс Еуропа мемлекеттерінде адами капитал үлесі депутат келтіргендей 70-80% емес, ең көп деген Ұлыбританияның өзінде 66%, ең азы Люксембургте 54%. Ал Қазақстанда бұл көрсеткіш 43%.

Мәлімдеме: Адам даму индексіне сәйкес, 2021 жылы Қазақстан әлемнің 191 мемлекетінің ішінде тек 56-орында тұр. Осы көрсеткіш 2018 жылдан бері төмендеп келеді.

Олжан Құспеков, мәжіліс депутаты
Үкім: Шындық

БҰҰ адам даму индексінің 2021 жылғы дерегіне сай, Қазақстан 0,811 көрсеткішпен 191 мемлекеттің ішінде 56-орынға тұрақтады. 2018 жылы 0,814 көрсеткіш болса, 2019 жылы көтеріліп 0,819-ға барған және бұл 1991жылдан бергі ең жоғарғы көрсеткіш. Ал 2020 жылы 0,814-ке қайтып төмендеген, бұны пандемиямен байланыстыруға болады.

БҰҰ адам даму индексі негізгі үш өлшемнен тұратын бағалау жиынтығын ұсынады: ұзақ және салауатты өмір, білімге қол жеткізу және лайықты өмір сүру деңгейі. Осы бойынша жыл сайын рейтиң жариялап отырады.

Біз бұған дейін адам капиталының индексі, негізгі көрсеткіштер және оның жасалу жолдары жайлы материал дайындағанбыз. Толығырақ мына сілтемеге өтіп оқи аласыздар.

Журналист-фактчекер, медиа-тренер, 2017 жылдан бері Factcheck Kazakhstan жобасында қызмет атқарады, "Qazaq Travel" компаниясында SMM маманы қызметін атқарған, MediaNet халықаралық журналистика орталығында және Irex Europe жобаларында медиа-сарапшы

Factcheck.kz