Қазақстан ажырасу көрсеткіші бойынша әлемде бестікке енді ме?

Қазанның соңғы аптасында қазақстандық интернет кеңістікте “Қазақстан ажырасу көрсеткіші бойынша әлемде бестікке енді” деген тақырыпта ақпарат желдей есіп жүр (1,2,3,4,5,6). Біз бұған дейін де Марғұлан Сейсембайдың ажырасу туралы айтқан мәлімдемесін тексерген едік. Ал жыл басында “Қазақстан ажырасулар саны бойынша әлемде екінші орында” деген тағы бір ақпаратты Stopfake.kz жоққа шығарды. Оқырманның сұрауы бойынша Factcheck.kz соңғы деректерге үңіле отырып, ақпаратты тексеріп көрді.

Қазақстан ажырасу көрсеткіші бойынша әлемде бестікке енді.

Әлеуметтік желідегі ақпарат

Үкім: Дәлелденбеген

БҰҰ-ның 2021 жылғы демографиялық жылнамасындағы (Demographic Yearbook – 2021) ақпаратқа сай, Қазақстанда 1000 адамға шаққанда ажырасу коэффициенті – 2.5 болды және алғашқы ондыққа кіреді. Дегенмен БҰҰ-ның жылнамасы рейтиң жасаумен айналыспайды, олар әрбір өңірді жеке-жеке береді. Сонымен қатар, бұл жылнамада тек 118 мемлекеттің тізімі бар, ал БҰҰ-да 193 елдің бар екенін ескерсек, үкім – дәлелденбеген. 2022 жылғы дерек жыл соңында жарияланады.

Сондай-ақ 2014-2018 жылдағы тіркелген ажырасу коэффициенті қарасақ Қазақстан “қызыл” аймаққа кіреді, яғни ажырасу көрсеткіші жоғары. Алайда статистика барлық мемлекетті қамтымайды.

Қазақстан ажырасу көрсеткіші бойынша әлемде бестікке енді ме?

2002 жылы Мальдив аралдарында ажырасудың ең жоғарғы көрсеткіші тіркеліп, Гиннестің рекордтар кітабына енді. Ажырасу коэффициенті 1000 адамға шаққанда – 10,97.

Қазақстандағы деректер не дейді?

Ажырасу – еліміздегі ең маңызды тақырыптардың бірі. Кейінгі жылдары (2020-дан бері) ажырасу көрсеткіші азайғанымен, жалпы контексті азаймай тұр. Тіпті 2019 жылы 139 504 неке тіркелсе, 59 796 отбасы ажырасқан. 1000 адамға шаққандағы коэффициент 3,23-ті құрап, ХХІ ғасырдағы ең жоғарғы көрсеткішке жетті. Сарапшылардың пікірінше, жыл сайын тіркелетін неке саны азайғанымен, ажырасу көрсеткіші әлі де жоғары.

Қазақстан қоғамдық даму институты 2021 жылы “Ажырасу және оның салдары” атты әлеуметтік зерттеу жүргізді. Зерттеуде еліміздегі кейінгі жылдардағы ажырасудың негізгі себептерін жазды. Респонденттердің жауабына сай, ең көп таралған себеп ретінде: ерлі-зайыптылардың опасыздығы, ата-ана, туысқндардың отбасылық өмірге араласуы және тұрмыстық зорлық-зомбылық, маскүнемдік, қызғаныш және қаражаттың жетіспеушілігі жатады. Төменнен барлық себептерін көре аласыздар.

Қазақстан ажырасу көрсеткіші бойынша әлемде бестікке енді ме?

Журналист-фактчекер, медиа-тренер, 2017 жылдан бері Factcheck Kazakhstan жобасында қызмет атқарады, "Qazaq Travel" компаниясында SMM маманы қызметін атқарған, MediaNet халықаралық журналистика орталығында және Irex Europe жобаларында медиа-сарапшы

Factcheck.kz