Италия үкіметі фемицидті жеке қылмыс ретінде қарастыратын әрі кінәлі адамды өмір бойына бас бостандығынан айыратын заң жобасын мақұлдады. Бұл туралы Associated Press хабарлады.
«Бұл заң жеке адамды қорлау, қудалау, жыныстық зорлық-зомбылық және кек алу мақсатындағы порнография сынды қылмыстарға жазаны күшейтеді әрі ауырлатады», – деді бастаманы қолдаған премьер-министр Джорджия Мелони.
Орталық-солшыл оппозиция бұл қадамды құптағанымен, заң жобасы мәселенің тек қылмыстық жағын қарастыратынын, ал экономикалық және мәдени қайшылықтарды шешпейтінін айтты.
Кейінгі уақытта фемицид Италияның патриархал мәдениетінде тамырын терең жайған жүйелі мәселеге айналды. Кейбір оқиғалар гендерлік негіздегі қылмыстарға қатысты пікірталастарды қайта жандандырды. Әсіресе 2023 жылғы қарашада 22 жастағы студент Джулия Чеккеттиннің өлімі қоғамда үлкен резонанс тудырды. Чеккеттинді аяусыз өлтірген бұрынғы жігіті Филиппо Туретта өмір бойына бас бостандығынан айырылды.
Кейінгі зерттеулерге сәйкес, Жерорта теңізі аймағында кісі өлтіру деңгейі төмендегенімен, фемицид көрсеткіші өзгеріссіз қалған. Қылмыстардың көпшілігі отбасы немесе құрбандардың «эмоционалды ортасымен» байланысты.
Италияның Ішкі істер министрлігінің ресми дерегіне сүйенсек, 2024 жылы 113 фемицид тіркелген, олардың 99-ын құрбанның туысы, қазіргі немесе бұрынғы серіктестері жасаған.
Алайда әйел құқығын қорғаумен айналысатын Non Una di Meno ұйымы заң жобасын сынға алды. Белсенді Серена Фредда үкімет жазаны қатаңдатқанымен, бұл фемицидтің алдын алмайды дейді.
«Фемицид – айсбергтің ұшы ғана. Біз мектептен бастап жұмысқа дейін әйелдерге қатысты кемсітушілікпен күресуіміз керек», – дейді ол.
Контекст
Бұған дейін Ұлыбритания билігі сексуалдық сипаттағы дипфейк жасауды жеке қылмыстық құқық бұзушылық ретінде қарастыратынын хабарлаған.