Ұлыбритания билігі сексуалдық сипаттағы дипфейк жасауды жеке қылмыстық құқық бұзушылық ретінде қарастыруды жоспарлап отыр. Бұл туралы TechCrunch басылымы хабарлады.
Ұлыбритания өткен жылы күшіне енген интернет қауіпсіздігі туралы заңда жыныстық сипаттағы дипфейк таратуды қылмыс деп жариялаған. Алайда, бұл нәрсе заңнамада толық қамтылмаған. Жақында елдің әділет министрлігі бұл олқылықты түзеу жоспарларын жариялады.
Ұлыбритания үкіметінің мәлімдемесіне сәйкес, негізінен әйелдерге зиян тигізетін сексуалдық мазмұндағы контентке көңіл бөлініп отыр.
«Адамды қорлайтын әрі жиіркенішті шовинизм түрі қалыпты жағдайға айналмауға тиіс. Біз әйелдерге қатысты зорлық-зомбылықтың кез келген түрімен күресу үшін әрекет етеміз», – деді парламент хатшысының орынбасары Алекс Дэвис-Джонс.
Үкімет нақты мерзімдерді атаған жоқ, бірақ өзгерістерді заң жобасына қосатынын жеткізді.