Дербес дерек пен ашық деректің шекарасы қай жерде?

Алматы қаласы Алатау аудандық сотында журналист Олег Гусевтің соты өтіп жатыр. Теміртаулық журналист 2023 жылы Алматы базарларының бірінің төңірегіндегі болған жанжал туралы зерттеу жариялаған. Зерттеу барысында түрлі ашық дереккөдерден ақпарат жинаған, соның ішінде белсенді әрі кәсіпкер Елена Сәдуақасоваға қатысты деректерді де қосқан. Осыдан кейін Сәдуақасова Олег Гусевті сотқа беріп, ҚР Қылмыстық кодексі 147-бап, 5-тармағы – “жеке өмірге қолсұғылмаушылық және дербес деректерді қорғау” бойынша қылмыстық іс қозғалды. Гусевтің айтуынша, ақпаратты тек ашық дереккөздерден жинаған, соның ішінде Сәдуақасова туралы (соттылықтың болуы) ақпаратты ҚР Жоғарғы сотының сайтынан алғанын айтады.

Осы тұста қарапайым журналиске ашық дерек пен дербес деректің шекарасы жайында қосымша сұрақ туындауы мүмкін. Factcheck.kz мамандардың пікіріне әрі заңға сүйене отырып сұраққа жауап іздеп көрді.

Ашық дереккөз дегеніміз не?

Алдымен “ашық дереккөз дегеніміз не?” деген сұраққа жауап іздеп көрейік. ҚР Ақпаратқа қол жеткізу туралы заңы бойынша:

Ашық деректер дегеніміз – машинада оқытылатын түрде ұсынылған және одан әрі пайдалануға, өзгертілмеген түрде қайта жариялауға арналған деректер. Ал ақпаратты пайдаланушы – сол ақпаратты сұрататын және (немесе) пайдаланатын жеке не заңды тұлға.

Яғни кез келген заңды не жеке тұлға ашық дереккөздердегі ақпаратты сұратуға әрі пайдалануға құқылы. Сондай-ақ заң бойынша кез келген адам мемлекет кепілдік берген, ҚР Конституциясында және заңдарында бекітілген, ақпаратты заңмен тыйым салынбаған кез келген тәсілмен әркімнің еркін алу және тарату құқылы. Масс-медиа туралы заңының 26-бабы бойынша журналист ақпарат жинауға және таратуға құқылы. Дегенмен 67-бапқа сай ақпарат жинау барысында кез келген азаматтың ар-намысы мен қадір-қасиетіне, іскерлік беделіне нұқсан келтіретін, шындыққа сай келмейтін мәліметтерді тарату – жауапкершілікке алып келеді.

Ашық дерек пен дербес деректің шекарасы қай жерде?

“Еркіндік қанаты” қоғамдық қорының құқық қорғаушысы әрі тең құрылтайшысы Роман Реймердің айтуынша, дербес деректер оларды қорғау туралы қолданыстағы заңнама жеке деректерді жалпыға қолжетімді және шектеулі деген екі санатқа бөліп қарастырады.

Бұл ретте, жалпыға қолжетімді жеке деректер деп — Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес құпиялылық талаптары қолданылмайтын, тұлғаның келісімімен еркін қолжетімді болатын жеке деректер немесе мәліметтер түсіндіріледі. Ал шектеулі жеке деректер — Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес қолжетімділігі шектелген жеке деректер.

Роман Реймер, “Еркіндік қанаты” қоғамдық қорының құқық қорғаушысы әрі тең құрылтайшысы

“Дегенмен, құпиялылық режим деген не, қандай жеке деректерді жалпыға қолжетімді деп, ал қайсысын шектеулі деп тануға болатыны туралы нақты түсініктемелер салалық заңнамада берілмеген” дейді Роман Реймер.

Ал, Azattyq журналисі әрі зерттеуші Манас Қайыртайұлы қандай да бір адам туралы күдікті схемаларды жазарда қоғамдық мүдде қағидасына әрі журналистік этикаға сүйене отырып жазу керек дейді.

Кейде астарында күдікті схемалар тұрса да, ірі дерек базасы қолға түсуі және ол жалпыға бірдей ашық ақпарат болмауы мүмкін. Мұндай сәтте қоғамдық мүдде қағидасына да, журналистік этикаға да сүйену қажет. Әлдебір адамдардың жеке дерегі журналистің қолында бола тұрғанның өзінде оны жария ету я етпеу мәселесін өз алдына жеке талқылап, шешу керек. Бұл көп жағдайда мемлекеттік қызметте істеген, жария тұлға саналатын адамдар туралы ақпарат болуы мүмкін. Көбіне зерттеу материалдарды видео форматта жариялаймын. Мұндай сәттерде қолданылатын ресми құжаттарда ЖСН тұрса, оны жасырып, бұлыңғырлатып қоямыз.

Манас Қайыртайұлы, Azattyq журналисі әрі зерттеуші

ЖСН ашық ақпарат па әлде…

Манас та Роман да ЖСН-ға келген кезде билік не заң тарапынан көбіне бір-біріне қарама-қайшы түсіндірмелер кездеседі дейді. Романның айтуынша, Қазақстанда дәл ЖСН бойынша екі заңда екі түрлі жазылған.

Мысалы, ҚР Ішкі істер министрлігінің көзқарасы бойынша ЖСН (жеке сәйкестендіру нөмірі) — шектеулі қолжетімді жеке деректерге жатады және тұлғаның келісімінсіз үшінші тарапқа беруге немесе таратуға болмайды. Осы ұстанымды Қазақстан Республикасының Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі де қолдайды.

Алайда, Мемлекеттік кірістер комитеті Қаржы министрлігімен тығыз ынтымақтастықта кей жағдайларда ЖСН шектеулі қолжетімді жеке деректерге жатпайды деп есептейді және оны жариялауға, сол арқылы оны шектеусіз үшінші тұлғалар арасында таратуға жол беріледі деп санайды.

Роман Реймер, “Еркіндік қанаты” қоғамдық қорының құқық қорғаушысы әрі тең құрылтайшысы

Манас Қайыртайұлы да ресми органдар ЖСН-ға келгенде екі түрлі көзқарасты ұстанады дейді.

Қазақстандағы ресми органдар осы ЖСН-ге келгенде де екіұдай пікір айтқаны бар. Бірі дербес дерек санап, енді бірі ашық ақпарат деген ұстанымда болған. Кейін кірістер комитеті ЖСН көрсетінін осы сервисті алып тастады. Бұл ЖСН қай дерек түріне жатады деген сұраққа толық жауап берілмесе де, азаматтардың ақпараттық, жеке қауіпсіздігі тұрғысында қажет шешім болды деп ойлаймын. Бұл пиғылы теріс адамдардың әлдебір әрекетіне тоқтау бола ма, жоқ па, оны нақты айту қиын. Ал қоғам мүддесі тұрғысында түрлі күдікті схемаларды, жемқорлықты әшкере еткісі келетін журналистер үшін қиындық туғызуы да мүмкін.

Манас Қайыртайұлы, Azattyq журналисі әрі зерттеуші

Сондай-ақ Манастың айтуынша кейде тіпті ашық ақпараттың өзін мемлекет құпияға жатқызатын кездер болады дейді. Оған мысал ретінде Астана әкімдігіндегі бір басқармаға мемлекеттік сатып алу бойынша өткізген деректерін ресми сауал жолдау арқылы сұратқан. Тыпсырыстың орындаушысын ғана айтып, шарт сомасын жазбағанын жеткізді. Яғни осындай кейстер кейбір ақпараттың жабық екенін көрсететін дейді Манас.

Не істемек керек?

Романның айтуынша, Қазақстанда жеке деректерді реттеу және қорғау рәсімі өте тұрақсыз. Журналистік зерттеумен кәсіби түрде айналысатын әрі белгілі бір адам, компания және ықтимал байланысы бар тұлғалар туралы ақпарат жинайтын зерттеушілер тәуекел аймағында тұр.

Осыған байланысты, жеке деректер және оларды қорғау, бұқаралық ақпарат құралдары, сондай-ақ онлайн платформалар туралы салалық заңнаманың логикасын мұқият зерттеп, түсінуге тырысу қажет. Сонымен қатар, жеке деректері бар ақпаратты жинау кезінде дереккөздерге сілтеме жасау міндетті.

Роман Реймер, “Еркіндік қанаты” қоғамдық қорының құқық қорғаушысы әрі тең құрылтайшысы

Жариялауға болмайтын, этикаға қайшы келетін деректер де кездеседі, ондай кездерде редакциямен, заңгермен ақылдасып, заңның өзін мұқият оқып шығу керек дейді Манас.

Жеке өмір туралы ақпаратты жинастыру кезінде жариялауға болмайтын, этикаға қайшы келетін дерек қолға түсуі мүмкін. Я сол қалпында кесіп айтуға жеткіліксіз болады. Кейде жарияламайтын ақпарат зерттеуді жаңа сатыға жеткізіп, беймәлім боп келген деректерді табуға жол сілтейді. Мұндай да сәттер кездеседі. Бұл шетін мәселе. Мүмкіндігінше редакциямен кеңесу, заңды мұқият оқу, заңгермен ақылдасу қажет.

Манас Қайыртайұлы, Azattyq журналисі әрі зерттеуші

Құқық қорғаушы Роман Реймендің айтуынша, Қазақстанда зерттеумен айналысып жүрген белсенділер барлық заң талаптары орындалған күннің өзінде әп сәтте-ақ әкеімшілік не қылмыстық іс жүргізудің объектісіне айналып кетуі мүмкін. Жалпы кейінгі 5 жылда журналист Олег Гусевтің ісі қаралып жатқан ҚР Қылмыстық кодексі 147-бабы бойынша 253 іс тіркелген. 2025 жылдың қаңтар-мамыр айларының өзінде 36 іс тіркелген.

Журналист-фактчекер, медиа-тренер, 2017 жылдан бері Factcheck Kazakhstan жобасында қызмет атқарады, "Qazaq Travel" компаниясында SMM маманы қызметін атқарған, MediaNet халықаралық журналистика орталығында және Irex Europe жобаларында медиа-сарапшы

Factcheck.kz