Бішкек соты 22 наурызда Қырғызстан үкіметін сынға алған тәуелсіз журналист Қанышай Мамырқұлованы екі айға қамауға алды. Оған «ұлтаралық араздықты қоздырды» деген айып тағылған. Бұл туралы «Азаттық радиосының» қырғыз қызметі хабарлады.
Қырғызстанның Ішкі істер министрлігі әлеуметтік желіде журналистің «Қырғызстан мен Тәжікстан шекарасына қатысты жалған ақпарат таратып, елдегі қоғамдық-саяси жағдайды тұрақсыздандыруға және жаппай тәртіпсіздік ұйымдастыруға шақырғанын, көршілес мемлекеттер мен Қырғызстан азаматтары арасында араздық туғызғанын» мәлімдеді.
Сот ғимаратының алдында 30 шақты адам жиналып, Қанышай Мамырқұловаға қолдау білдірген. «Азаттық радиосының» жазуынша, Мамырқұлова билікті сынаумен де танылған.
Басты беттегі сурет «Азаттық радиосынан» алынды.