Кейінгі кезде әлеуметтік желілерде алаяқтық әрекеттер көбейіп кетті. Factcheck.kz редакциясы танымал брендтердің атын жамылған алаяқтар туралы бірнеше рет жазды (1, 2, 3). Редакцияның Қазақстан поштасына қатысы бар алаяқтық туралы материалынан кейін, оқырмандардан «банк деректерімізді алаяқтар қолды қылса не істейміз» деген сұрақтар келді. Осы тұста редакция ұлттық банк өкілдерінен жауап алып, негізгі қауіпсіздік шараларын анықтап көрді.
Қандай банк деректері маңызды?
Алаяқтық туралы осыған дейінгі жазған материалдарымызда көрсетілгендей, кез келген банк картасының CVV коды, PIN коды және картаның 16 цифрлық санын ешкімге жібермеу керек. Ұлттық банктың өкілі қауіпсіздікті жақсарту үшін күрделі құпия сөздерді пайдалануды және қос сатылы аутентификацияны қосуды ұсынады. Тағы бір маңызды ақпарат, телефонға келетін SMS кодтарды да ешкімге жібермеу керек.
Алаяқтар деректерді қалай алады?
Алаяқтар негізінен жоғарыда жазған SMS немесе картаның CVV кодтарын сұрау арқылы әрекет етеді. Күмәнді пайдаланушылардан келген SMS және электронды хаттардың ішіндегі сілтемеге кірмеу керек. Кейде күмәнді сілтемеге өткеніңізде алаяқтар жеке деректеріңізді қолды қылады. Сонымен қатар ұлттық банк қызметкері, төлем картасының мәліметтерін тексерілмеген және сенімсіз интернет-ресурстарға енгізбеуді ұсынады. Кей жағдайда алаяқтар өздерін банк қызметкері ретінде таныстырып ақша шешіп алуға тырысады. Мемлекеттік органдар мен банктар ешқашан SMS хабарламадағы кодты сұрамайды.
Кейінгі уақытта QR-код жиі пайдаланылатындықтан, осы кодты пайдаланып жасалатын алаяқтық та пайда болды. Алаяқтар жалған QR-код жасап, оған өткен телефон пайдаланушыларды фишиңдік уеб-сайтқа бағыттап жібереді. Кейін жеке ақпараттарға, оның ішінде банктік карта деректемелеріне қол жеткізе алады.
Деректерді алаяқтар қолды қылғанда не істеу керек?
Картаңызды жоғалтқан және оның деректерінің қауіпсіздігіне күмәнданған жағдайда, алдымен банк қосымшасынан аударымдарға тыйым салыңыз. Кейін, картаны блоктау үшін банк бөлімшесіне хабарласу керек. Қажет болған жағдайда банктың жақын маңындағы филиалына барып картаны ауыстыруды талап етіңіз. Ескі картаны блокқа қойып, жаңа карта жасату керек. Сондай-ақ, ұлттық банктың баспасөз хатшысы күдікті транзакцияларға жылдам жауап беру үшін SMS немесе push хабарландыруларын қосу маңызды екенін айтты.
Алаяқтарға алданып қалсақ не істейміз?
Алаяқтар банк картаңызда ақша шешіп алған жағдайда бірден ішкі істер бөлімшесіне барып арыз жазу керек. Егер полиция қызметкерлері арызды қабылдамай немесе кері қайтарса, сол өңірдегі прокуратураға шағымданыңыз. Үйден шығуға мүмкіндігіңіз болмаған жағдайда, eOtinish сайты арқылы онлайн арыз жазуға болады. Алаяқтардан сақ болыңыз.