Балаларға қатысты кибербуллиң: қорғаныс тетіктері мен көмек

Онлайн-коммуникация мен интернетті пайдалану деңгейі артқан сайын балаларға қатысты кибербуллиң мәселесінің де өзегі артты. 2022 жылғы HSBC ұлттық есебіне сәйкес, Қазақстандағы жасөспірімдердің шамамен 13%-і кемінде айына бір рет немесе одан да жиі кибербуллиңге ұшыраған. Бұл жағдайды қиындататын тағы бір фактор – интернеттегі агрессия көбінесе жеке хат алмасуларда немесе жабық топтарда болады, сондықтан ол ересектер үшін байқалмай қалады. Кибербуллиңнің салдары психологиялық мәселелерден бастап, суицидтік ойларға дейін әкелуі мүмкін.

Кейінгі жылдары Қазақстан үкіметі кибербуллиңмен күресудің тиімді әдістерін әзірлеуге тырысып жүр. Алайда қазіргі шешімдер мен құралдар көбіне алдын алуға емес, оның салдарымен күресуге бағытталған. Бұл іс жүзінде қалай жүзеге асады – осы материалда қарастырамыз.

Контентті жою

2024 жылғы қараша соңында кибербуллиң фактілерін қарастыратын сарапшылар тобының жұмысын реттейтін жаңа ережелер қабылданды. Бұл ережеге сәйкес, топтың отырыстары офлайн және онлайн форматта өтеді. Кибербуллиң фактілерін қарау нәтижелері туралы есеп тоқсан сайын ақпарат министрлігінің интернет-ресурсында жариялануға тиіс.

Жаңа ережелерге сәйкес, өтінішті азамат немесе баланың заңды өкілі жазбаша немесе электронды түрде тапсыра алады. Алайда бұл өтінішті баламен байланысы жоқ кез келген тұлға бере ала ма, егер ол адам азаматтығы жоқ немесе шетел азаматы болса, өтініш қалай қаралады – бұл мәселелер нақты көрсетілмеген.

Өтініш беру үшін қажет мәліметтер: IP-мекенжайы және/немесе домен атауы, интернет-ресурс идентификаторы және/немесе оның интернет парақшасының сілтемесі. Бұл талаптар Facebook, Instagram, TikTok сияқты платформаларға, сондай-ақ WhatsApp пен Telegram арналарына қатысты жұмыс істейді. Алайда егер кибербуллиң фактісі жабық топтарда немесе жеке хат алмасуда болса, оны дәлелдейтін сілтемені беру мүмкін емес. Ал кибербуллиң жағдайы көбіне дәл осындай форматта болады.

Өтінішті қарау мерзімі – 3 жұмыс күні және ол тек бір рет 15 күнге дейін созылуы мүмкін. Егер кибербуллиң фактісі расталса, сарапшылар тобы онлайн-платформалар мен БАҚ иелеріне контентті жою туралы нұсқама жібереді. «Онлайн-платформалар және онлайн-жарнама туралы» заңға сәйкес, платформа иелері немесе олардың заңды өкілдері бұл талапты 24 сағат ішінде орындауға тиіс.

Егер кибербуллиң фактісі расталмаса, уәкілетті орган өтініш берушіге немесе оның өкіліне тиісті жауап жібереді.

Осылайша, сарапшылар тобының жұмысы тек кибербуллиң деп танылған ақпаратты жоюға бағытталған. Сонымен қатар, бұл топтың құқық қорғау органдарына ақпарат беруге немесе басқа көмек пен қолдау шараларын ұсынуға құзыреті жоқ.

Тәуелсіз сарапшылар бұрын бірнеше рет онлайн-платформалардағы контентті жою кибербуллиң мәселесін шешпейтінін және мұндай реттеулер цензураны күшейту қаупін тудыратынын атап өткенін еске салайық (1, 2, 3).

Кибербуллиң үшін қандай жаза қарастырылған?

2024 жылдан бастап кибербуллиңге (сондай-ақ буллиңге) кінәлі кәмелетке толмағандар Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 127-2-бабы бойынша жауапкершілікке тартылады. Бірінші рет бұзған жағдайда – 10 АЕК мөлшерінде айыппұл салынады. Бір жыл ішінде оқиға қайталанса – 30 АЕК көлемінде айыппұл қарастырылған. Егер құқық бұзушының жасы 12-16 аралығында болса, онда жауапкершілік оның ата-анасына немесе заңды өкіліне жүктеледі. 16 жастан бастап әкімшілік жауапкершілікке тартылатындықтан, бұл жастан асқан балалар айыппұлды өздері төлейді.

Егер кибербуллиңнің салдарынан денсаулыққа жеңіл зиян келтірілсе, мысалы, жүйке күйзелісі болса, кінәлі тұлға Қылмыстық кодекстің 110-бабы (Азаптау) бойынша жауапкершілікке тартылуы мүмкін. Бұл бап бойынша 4 жылдан 7 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған.

Егер кибербуллиңнің салдарынан жәбірленуші суицидке немесе суицид жасауға тырысса, кінәлі тұлға Қылмыстық кодекстің 105-бабы (Суицидке итермелеу) бойынша 5 жылдан 9 жылға дейін бас бостандығынан айыру мүмкін.

Кибербуллиң құрбандарына қандай көмек көрсетіледі?

Кибербуллиңге ұшыраған балалар 111 сенім телефонына қоңырау шалып немесе SMS жібере алады (әйелдер мен балалардың құқын қорғау жөніндегі байланыс орталығы). Ол тәулік бойы, демалыссыз жұмыс істейді.

Мектептерде байланыс орталығына жүгінуге мүмкіндік беретін QR-кодтар орнатылған. Қоңырау шалғанда немесе жазғанда, бала: алғашқы психологиялық көмек ала алады, өтініші тіркеледі, өзін қалай ұстау керектігі туралы бастапқы ақпарат беріледі, қажет болған жағдайда жауапты органдарға жіберіледі.

Психологиялық қолдау орталықтары (ПҚО) да тегін көмек көрсетеді. Олар былтыр мектеп психологтарының қызметін әдістемелік қолдауға және балалар мен ата-аналарға көмек көрсету үшін құрылды. Қазір Қазақстанда 20 орталық жұмыс істейді, онда балалар мен ата-аналар психологиялық, медициналық, құқықтық және әлеуметтік көмек ала алады.

Бұдан бөлек, 2023 жылдан бастап Komek Stop Bullying жобасы іске қосылды. Ол балалар мен ата-аналарға анонимді және тегін түрде психологтар мен сарапшылардан кеңес алуға мүмкіндік береді. Жобаға Android және iOS платформаларындағы қосымша арқылы немесе мектептерде орналастырылған QR-кодтар арқылы жүгінуге болады. Жоба іске қосылғаннан бері 3 200 өтініш қабылданған, оның ішінде: 129-ы мобильді қосымша арқылы, 39 681 өтініш QR-кодты сканерлеу арқылы.

Алайда Telegram-дағы осы атаумен жұмыс істейтін бот бұл мақала жазылған сәтте істемей тұрғанын ескертеміз.

Қазақстан Республикасы оқу-ағарту министрлігінің балалардың құқын қорғау комитеті де (@BALA_QORGAU_BOT) Telegram чат-ботын әзірлеген. Ол арқылы баланың құқының бұзылуы туралы ақпарат жіберуге болады. Алайда өтініш беру үшін ата-ананың және баланың толық аты-жөнін көрсету қажет, содан кейін тақырып таңдалады. Бұл процесс анонимді емес, оның үстіне боттың тілі балаға түсініксіз әрі күрделі.

Мектеп психологтары қандай рөл атқарады?

Буллиң мен кибербуллиңнің құрбандары мен куәгерлеріне ерте көмек көрсету Әдістемесіне сәйкес, әр мектепте психологтар болуы керек. Олар психологиялық қолдау көрсетуге тиіс (жеке және топтық кеңес беру, терапия жүргізу).

Алайда мамандар балалармен жұмыс барысында үлкен қиындықтарға тап болады: жүктеменің көптігі – бір психологқа 2 000 балаға дейін жеткен. Бұл халықаралық стандарттардан 4 есе көп, негізі бір психологқа 500-700 бала болуы керек.

Заң бойынша мектеп психологы психодиагностика жүргізу үшін ата-аналардың жазбаша келісімін алуы керек. Бірақ көптеген ата-ана бұған қарсы, әсіресе, бұл шешім жергілікті қастандық теорияларына сенетін топтардың ықпалымен қабылданады.

Психологтардың балалармен араласуының шектеулі болуы – бұрын психологтар «Өзін-өзі тану» пәнін жүргізетін, бірақ бұл сабақты алып тастады. Қазір олар үшін бөлек уақыт бөлінбейді, ал сабақ уақытында балалармен жеке жұмыс істеу мүмкін емес. Сондай-ақ, балаларды сабақтан кейін алып қалуға құқы жоқ.

Оң өзгерістер де бар. 2021 жылдан бастап «HR+ Психологиялық-педагогикалық мониториңнің автоматтандырылған жүйесі» жобасы іске қосылды. Ол психологтар мен кураторлардың жұмысын айтарлықтай жеңілдетеді: балалардың психологиялық даму картасы жасалады, диагностика, мәліметтерді өңдеу және талдау жылдамырақ жүргізіледі, қағаз құжаттар мен Google Forms пайдаланылмайды. Қазір жобаға 1 500 мектеп қосылған (Қазақстанда жалпы 8 мыңға жуық мектеп бар).

Кибербуллиңнің алдын алу шаралары қандай?

Кибербуллиңге қарсы қолданылып жатқан шаралардың көбі реакциялық сипатқа ие, яғни олар тек кибербуллиң болғаннан кейін ғана іске қосылады. Ал оның алдын алу шаралары туралы ақпарат әлдеқайда аз.

2024 жылдан бастап мектептерде қауіпсіздік сабақтары енгізілді. Бірақ бұл сабақтарға аптасына бар болғаны 10 минут бөлінеді. Оның үстіне, интернеттегі қауіпсіздік – бұл пәндегі көптеген тақырыптың бірі ғана (басқа тақырыптарға – төтенше жағдайлардағы әрекеттер, үйдегі және көшедегі қауіпсіздік, бейтаныс адамдармен қарым-қатынас ережелері және т.б. жатады).

Желіде ата-аналар мен балаларға арналған ақпараттық материалдар бар (1, 2), бірақ: бұл ақпарат жүйеленбеген, ол білім беру мекемелерінде таратылмайды, көбінесе мәселеден хабардар және өз бетінше зерттеуге ниетті адамдарға бағытталған. Бұл өз кезегінде қоғамның едәуір бөлігінің бұл ақпараттан тыс қалуына әкеледі.

Экспертка в области прав человека

Factcheck.kz