Amazon 100 мың жұмысшыны 750 мың роботқа алмастырды ма?

Кейінгі күндері интернет кеңістікте Amazon компаниясындағы қысқартулар жайында біраз ақпарат жарияланды. Әсіресе “750 мың роботтың 100 мың жұмысшыны алмастырғаны” жайында ақпарат әлеуметтік желі мен түрлі сайтта желдей есіп жүр (1, 2, 3, 4). Оқырманның сұрауы бойынша Factcheck.kz ақпараттың рас-өтірігін тексерді.

Мәлімдеме: Amazon 100 мың жұмысшыны 750 мың роботқа алмастырды.

Интернет кеңістіктегі ақпарат

Үкім: Манипуляция

Amazon компаниясында 750 мыңнан астам роботтың жұмыс істейтіні рас, алайда олардың мақсаты адам алмастыру емес, жұмыс орындағы қауіпсіздікті қамтамасыз ету. Amazon компаниясының жаһандық робототехника, мехатроника және экологиялық қаптауды қамтамасыз ету жөніндегі директоры Стефано Ла Роверенің айтуынша, роботтар мен ЖИ технологиялары жұмыс орындарын алмастырмайды, адамдармен бірлесе жұмыс істеп, қауіпсіздікті қамтамасыз етеді.

Amazon компаниясы робототехниканы 2012 жылдан бері қолданып келеді. Ең алғашқы Kiva роботтары қызметкерлердің жұмыс өнімділігін арттыруға көмектессе, қазіргілері ауыр жұмысты көбірек істейді. Ал 2022 жылы жалпы роботтар саны 520 мыңнан асқан. Дегенмен, жұмысшылардың да саны кейінгі бірнеше жылда қысқарғанын байқауға болады. Мысалы, 2021 жылы Amazon-да 1 120 602 адам қызмет атқарса, 2023 жылы 1 049 676 жұмысшы тіркелген. Яғни кейінгі 2 жылда 80 мыңға жуық адам жұмысынан айырылған. Ал осы уақыт аралығында роботтар саны 520 мыңнан 750 мыңға дейін өскен. Осы мәселені нақтылау үшін Amazon компаниясына ресми хат жолдадық, жауапқа байланысты материал толықтырылады.

Журналист-фактчекер, медиа-тренер, 2017 жылдан бері Factcheck Kazakhstan жобасында қызмет атқарады, "Qazaq Travel" компаниясында SMM маманы қызметін атқарған, MediaNet халықаралық журналистика орталығында және Irex Europe жобаларында медиа-сарапшы

Factcheck.kz