АЭС референдумы жақындаған шақта ұсталған белсенді Айдар Мүбәраковтың жағдайы ушыға бастады. Ол 29 қарашада аштық жариялаған. Адвокаты Еркін Қаһаровтың хабарлауынша, белсендіге жақындарын кіргізбей, қоғамдық қорғаушы ретінде танудан да бас тартып отыр. Бұл туралы Азаттық Радиосы жазды.
“Барлық өтінішімізге құлақ аспай отыр. Прокуратура мен тергеу соты бүгін Айдардың қамау мерзімін тағы бір айға ұзартты”, – деп жазды адвокат
Мүбәраковтың тағы бір адвокаты Төлеген Берліқожа қамауда отырған бірнеше белсенді өздеріне қоғамдық қорғаушыны кіргізуді, қосымша сараптама тағайындауды талап етіп, прокуратураға арыз жазған дейді.
Алматыдағы тергеу изоляторының кезекші бөліміндегі қызметкер Айдар Мүбәраковтың 29 қарашадан бері аштық ұстап отырғанын растаған. Төлеген Берліқожа белсенді “тағылған айыппен келіспей, қылмыстық істің қозғалуына наразылық ретінде” ас ішуден бас тартып отырғанын айтты.
АЭС референдумы қарсаңында полиция 12 белсендіні ұстағанын еске салайық. Олардың үстінен “Қылмысқа дайындалу және оқталу”, “Жаппай тәртіпсіздік ұйымдастыру” баптары бойынша қылмыстық іс қозғалған.