Адам саудасына қарсы күрес күні: Қазақстандағы жағдай

30 шілде адам саудасына қарсы дүниежүзілік күрес күні. Factcheck.kz редакциясы әлем бойынша адам саудасынан түскен заңсыз қаражат мөлшері кейінгі 10 жылда 37%-ке өскенін зерттеген еді. Енді еліміздегі адам саудасы бойынша жағдай қалай екенін анықтап, Қазақстанда адамды сатқаны үшін қандай жаза тағайындалатынын талдап көрді.

БҰҰ-ның декларациясы

БҰҰ-ның 1948 жылы 10 желтоқсанда қабылданған адам құқықтарының жалпыға бірдей декларациясының кіріспесінің 1-бабына сәйкес, барлық адам еркін болып дүниеге келеді және еркін өмір сүруге тиіс. Сондай-ақ, осы құжаттың 3-бабында әр адам өмір сүруге құқылы екені де айтылады. Ал 4-бапта ешкімді құлдықта ұстауға болмайтыны; құлдық пен құл саудасының барлық түрлеріне тыйым салынғаны жазылған. Қазіргі күні адам саудасы демократия принціптерін бұзатын бірден бір ауыр қылмыс. Халықаралық еңбек ұйымының 2024 жылдың 19 наурызында жариялаған мәжбүрлі еңбек туралы есебіне сәйкес, адам саудасының жылдық айналымы, яғни заңсыз кірісі 236 млрд долларға жеткен. Бұл — жұмысшыларға тиесілі жалақыны төлемеу, әлеуметтік төлемдер және мемлекеттік салықтан жалтарынудан түскен заңсыз қаржы мөлшері. Көрсеткіш 2014 жылмен салыстырғанда 37%-ке өскен.

Қазақстандағы статистика

2024 жылдың маусым айындағы көрсеткіш бойынша Қазақстанда 13 адам саудасы тіркелген. Бұл көрсеткіш өткен жылдың қорытындысынан 8-ге көп. 2023 жылы осы қылмыстық іс бойынша 5 ғана дерек тіркеуде болған. Статистикаға мән берсек адам саудасы пандемия кезінде артқан. 2020 жылы кейінгі 10 жылдағы ең көп адам саудасы тіркелген. Қылмыстық кодекстің 128-бабы бойынша 43 фактор тіркеуде болған. Адам саудасына тікелей қатысты “адам ұрлау” қылмысының саны да артқанын байқауға болады. 2023 жылы осы қылмыс бойынша 49 дерек тіркелсе, қазірдің өзінде, яғни 2024 жылдың маусым айындағы көрсеткіш бойынша 34 қылмыс тіркеуде тұр. 2023 жылы “Адам саудасы” бойынша өндірісте болған 17 істің, 5-і тіркелген. 3 қылмыстық іс әйелдерге қатысты. 13 іс сотқа жіберілген, алайда 15 қылмыстық іс тоқтатылған.  

«Статистика негізгі жағдайдан әлдеқайда төмен»

Қазіргі уақытта саудаланған адамдардың біразы статистикаға саналмай қалып жатады. Сарапшылар көрсеткіш шындығында әлдеқайда көп дейді. Осы тақырып төңірегінде құқық қорғаушы және «Халықаралық құқықтық бастама» Қоғамдық қоры директоры Айна Шорманбаевадан адам саудасы туралы келесіні айтады:

Қазақстанда адам саудасы туралы тіркелген статистика негізгі жағдайдан әлдеқайда төмен. Бірнеше есе төмен деп айтуға да болады. Өйткені жыл сайын 100-ден аса қылмыстық іс қозғалады, бірақ, бұл өте аз. Шынайы жағдайдан әлде қайда аз. Әсіресе қазақ тілді ортада еңбекті қанау оқиғалары өте көп. Оны тексерумен ешкім айналысып жатқан жоқ. Оларды қорғап жатқан ешкім жоқ. Соның ішінде қандастар арасында өте көп еңбекті қанау жағдайлары орын алады. Бұл да адам саудасына жатады. Сондықтан құқық қорғаушы органдар еңбекті қанауға көбірек назар аударылса деймін. Іс жүзінде бұндай жағдайлар өте көп. Бізге ондай адамдар көп шағымданады. Біздің елде жемқорлықты жоймай, адам саудасының мәселесі де алға баспайды деп ойлаймын. Мысалы қанауға түскен адамдардың жемқорлық есебінен арыздары қабылданбай, істері ашылмай сол күйінде қалады. Өйткені оларды адам саудасына түсірген адамдардың байланыстары мықты, ақшалары да көп. Сол үшін жемқорлықты жоймай адам саудасы тоқтамайды. Осы мәселені шешу керек. Сонда адам саудасымен күресеміз деп айта аламыз.

Құқық қорғаушы және «Халықаралық құқықтық бастама» Қоғамдық қоры директоры Айна Шорманбаева

Қылмыстық кодекстің 128-бабы

Елімізде адамды саудаға салғаны үшін ауырлығына байланысты 4 жылдан 15 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған. Адамды азғырып көндiру, тасымалдау, беру, жасыру, алу, сондай-ақ қанау мақсатында іс-әрекеттер жасағандар 4-7 жыл аралығында сотталады. Ал, осы баптың екінші бөлігіне сәйкес адам саудасы төмендегідей әрекеттерде орындалса:

  •    1) адамдар тобының алдын ала сөз байласуымен;
  •    2) бiрнеше рет;
  •    3) өмiрге және денсаулыққа қауiптi күш қолданып немесе оны қолдану қатерін төндіріп;
  •    4) қаруды қолданып;
  •    5) кiнәлi адамға жүктiлiк жағдайда екенi көрiнеу белгiлi әйелге қатысты;
  •    6) екi және одан да көп адамға қатысты;
  •    7) транспланттау немесе өзге де пайдалану үшiн жәбiрленушiнiң ағзаларын немесе тiндерiн алып қою мақсатында;
  •    8) алдау немесе сенiмді теріс пайдалану жолымен;
  •    9) адам өзiнiң қызмет бабын пайдалана отырып;
  •    10) жәбiрленушiнiң материалдық немесе өзге де тәуелдiлiгiн пайдалана отырып;
  •    11) кінәлі адамға психикасының бұзылуынан зардап шегетіні немесе дәрменсіз күйде екені көрінеу белгілі адамға қатысты;
  •    12) жәбірленушінің жеке басын куәландыратын құжаттарды алып қойып, жасырып не жоя отырып жасалған дәл сол іс-әрекеттер –

жеті жылдан тоғыз жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығынан айырылады. Қазақстан азаматын елден тысқары жерге әкету және шетел адамын Қазақстанға әкелу немесе бiр шет мемлекеттен екiншiсiне Қазақстан Республикасының аумағы арқылы тасымалдау қылмысына тоғыз жылдан он екі жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығынан айыруға жаза қолданылады. Ал, осы әрекеттерді арнайы қылмыстық топ жасаса және адам саудасы кезінде өлім мен ауыр зардапқа әкелсе он екі жылдан он бес жылға дейін темір торға торғытылады.

Қазақстандағы адам саудасы тіркелген кейстер

Тәуелсіздік алған уақыттан бастап Қазақстанда адам саудасы қылмысы бойынша бірнеше атышулы оқиға тіркелген. Соларға тоқталып өтейік.

Шымкенттен Бахрейнге саудаланған 36 адам

2020 жылы Шымкент қаласында адам саудасымен, соның ішінде сексуалды құлдықпен айналысқан қылмыстық топ ұсталған еді. Сот шешіміне сәйкес 13 адам 1 жыл 3 айдан бастап 14 жылға дейін сотталған. Деректерге сүйенсек қылмыстық топ Қазақстандағы 36 адамды, соның ішінде балалар үйіндегі бүлдіршіндерін, арнайы мектеп-интернаттың бұрынғы тәрбиеленушілерін және аз қамтылған отбасының балаларын 2016-2020 жылдар аралығында Бахрейн Корольдігінде сексуалды құлдыққа тасыған. Қылмыстық топ жетекшісі деп Саодат Азадова деп танылып, 14 жылға бас бостандығынан айырылған. Сондай-ақ қылмысқа қатысы бар деп Сузана Ахмедова, Шахзода Ахмедова, Эстелла Беркина және Шайра Тұрғынованың әрқайсысы 12 жылға сотталған. Сотталушының 14-і Қазақстан азаматтары. Тағы екі адам Қазақстанда тұратын Ресей азаматы.

Сатылған сәбилер

2018-2022 жылдар арасында жаңа туған сәбилерге жалған құжат жасап, оларды саудаға салған АЖАЖ қызметкері 14 жылға бас бостандыған айырылған еді. Алматы сотының дерегінше бұл қылмысты үш адам жасаған. Қалған екі азамат 12 жылға сотталған. Қылмыс болған уақытта 12 жаңа туған сәби сатылған.

Абай облысындағы адам саудасы және еңбекті қанау

12 жыл бойы әркімнің шаруасына жегілген 26 жастағы азаматты құлдықты ұстаған Семейдің 54 жастағы тұрғыны 4 жыл 6 айға сотталған еді. Тергеу кезінде анықталған мәліметке сай, ақыл-есінде кемістігі бар азаматты 54 жастағы Семей тұрғыны «туысқаным» деп таныстырып, шаруашылықтарға жұмыс істету үшін ұсынған. Ал жәбірленушінің еңбекақысын қалтасына басып отырған. Оған қоса зейнетақы жинағы мен әлеуметтік төлемін де жымқырып келген. Адам саудасымен айналысқан қылмыскер кезекті шаруашылыққа оны сатпақ болған жерінде ұсталған.

Журналист-фактчекер

Factcheck.kz