Адам саудасы әлемде кірісі бойынша бірінші орында ма?

22 мамырда өткен мәжіліс отырысында адам саудасына қатысты заң жобасы мақұлданды. Заң жобасын дайындауға қатысқан Марат Башимов адам саудасы жайлы дерек келтірді. Оның сөзінше, дүниежүзі бойынша адам саудасы заңсыз кіріс бойынша бірінші орында, ол есірткі саудасынан да асып түскен екен-міс. Бұл дерек қаншалықты рас екенін тексеріп көрдік.

тайм-код:1:16

Мәлімдеме: Адам саудасы жыл өткен сайын азайып жатыр деп ойладық. Бізді таңғалдырғаны адам саудасы әлемде бірінші орында екен, оның айналымы 270 млрд доллар. Бұл тіпті есірткі саудасы мен қалған сауда түрлерін басып озды.

Марат Башимов

Үкім: Жалған

Халықаралық еңбек ұйымының 2024 жылдың 19 наурызында жариялаған мәжбүрлі еңбек туралы есебіне сәйкес, адам саудасының жылдық айналымы, яғни заңсыз кірісі 236 млрд долларға жеткен. Бұл — жұмысшыларға тиесілі жалақыны төлемеу, әлеуметтік төлемдер және мемлекеттік салықтан жалтарынудан түскен заңсыз қаржы мөлшері. Көрсеткіш 2014 жылмен салыстырғанда 37%-ке өскен.

Бірақ бұл сандар есірткі айналымынан түсетін қаржыдан көп емес. Біріккен Ұлттар Ұйымының есірткі және қылмыс жөніндегі басқармасының дерегіне сай, дүниежүзі бойынша заңсыз есірткі саудасының жылдық көрсеткіші 426 мен 652 млрд доллар аралығында.

Кей деректерге сай, адам саудасы заңсыз кіріс көлемі бойынша ірі үш индустрияға кіреді.

Дегенмен еңбек ұйымы бұл сандар толық статистиканы көрсетпейтінін, статистика әлдеқайда жоғары болуы мүмкін екенін ескертеді. Яғни 236 млрд доллар ішінде жұмысқа қабылдау жарналары мен соған байланысты шығындар я болмаса салық пен әлеуметтік қамсыздандырудан жалтарудан түскен қосымша заңсыз кірістер жоқ. 236 млрд доллардың көп бөлігі сексуалданған зорлыққа тиесілі (173 миллиард АҚШ доллары).

Бұл статистикада өңірлер арасында маңызды айырмашылық бар. Заңсыз кірісті аймақтарға бөлсе, алғашқы орында Еуропа мен Орталық Азия (84,2 млрд АҚШ доллары), артынан Азия-Тынық мұхиты (62,4 млрд АҚШ доллары), сосын Америка (52,1 млрд. АҚШ доллары) мен Африка (19,8 млрд доллар), ең соңында араб мемлекеттері (18,0 млрд доллар) тұр.

Адам саудасы әлемде кірісі бойынша бірінші орында ма?
Аймақтар бойынша мәжбүрлі еңбектен түскен заңсыз жылдық табыс. Дереккөз: Халықаралық еңбек ұйымы

2021 жылғы жаһандық бағалаулар қазіргі уақытта 49,6 миллион адам құлдыққа не мәжбүрлі жұмысқа ұшырап жатқанын көрсетті. Олардың 27,6 миллионы мәжбүрлі еңбекке тартылғандар мен 22 миллионға жуығы мәжбүрлі некедегілер. Есепке сәйкес, мәжбүрлі еңбектен әрбір жәбірленушіден түскен пайда көлемі шамамен 10 000 АҚШ доллары. Яғни заңды түрде жұмысшылардың қалтасына тиесілі жалақы қанаушылардың, адам саудасымен айналысатындардың қалтасында қалады. Деректер құлдық жағдайларының 86%-ін жеке субъектілер жасайтынын көрсетеді. Оның ішінде 63%-і мәжбүрлі еңбек және 23%-і мәжбүрлеп коммерциялық жыныстық қанау бойынша. Қалған 14%-і мемлекет тарапынан енгізілген мәжбүрлі еңбек шарттарын өтеушілер.

22 мамырда мәжіліс отырысында адам саудасына қарсы заң жобасы мақұлданды. Заң жобасына сәйкес, адам саудасына қарсы күрес бойынша әкімшілік және қылмыстық кодекске 100-ге жуық түзету енгізілмек.

Factcheck.kz