Вакциналардағы улы алюминий миға еніп, әртүрлі патология тудыратыны рас па?

Интернетте көптеген вакциналарда кездесетін вакциналық алюминий адъювант адам денсаулығына теріс әсер етеді деген ақпарат пайда болды. Атап айтқанда, алюминий миға еніп, бұлшықеттерде жиналады да, нәтижесінде аутоиммунды аурулар мен невропатологияны тудырады деп айтылады. Stopfake.org бұл ақпараттың неге жалған екенін анықтады.

Ғалымдар жылдар бойы вакциналарды зерттеп, құрамындағы алюминий адъюванттың адам денсаулығына кері әсерін анықтаған жоқ. Оның үстіне адам күн сайын тамақ пен сум тұтына отырып, алюминий тұздары бар заттарды пайдаланады. Алюминийдің 97%-дан астамы денеден шығарылады, тек бір бөлігі ғана тіндерде жиналады.

Ең алдымен, вакциналарға алюминийді не үшін қосатынын және ол не үшін қолданылатынын түсіну керек. Вакциналардағы алюминий қосымша ретінде болады, оның көмегімен адамның иммундық реакциясы күшейеді. Алюминий вакциналарға 1930 жылдары қосыла бастады. Алайда оның вакцинадағы мөлшері өте аз.

Алюминий жерде ең көп таралған заттардың бірі. Ол тамақта, суда және ауада бар. Тамақтану кезінде нәресте 6 айда сүттен 7 миллиграмм алюминий алады, ал сол кезеңдегі вакциналардағы алюминий мөлшері 4,4 миллиграмм құрайды.

Médecine et Maladies Infectieuses журналында шыққан мақалада зерттеушілер адам ағзасында алюминий әртүрлі тіндерде, соның ішінде сүйектерде, бауырда, өкпеде және жүйке жүйеде жиналатынын айтады.

Алайда алюминийдің көп бөлігі ағзадан бүйрек арқылы (95%), сондай-ақ өт қабы арқылы (2%) сыртқа шығарылады. Орта есеппен алюминий денеден 8 сағатта шығарылады. Алюминийдің аз мөлшері денеде ұзақ сақталады және бірнеше аптадан, тіпті бірнеше жылдан кейін шығарыла бастайды. Ал алюминийдің бір бөлігі денеден мүлдем шығарылмайды.

Ғалымдардың айтуынша алюминийдің бір бөлігі әр түрлі органдарда жиналып отырады. Соңғы 90 жылдағы ғылыми деректерді талдағаннан кейін ғалымдар вакциналардағы алюминий тұздары қауіпсіз екенінен еш күмән келтірмейді.

2020 жылы наурызда «Frontiers in microbiology» журналында жарияланған зерттеуде алюминий адъюванты бар вакциналар мен оның мидың дамуына теріс әсері арасындағы байланыс расталмады.

Ал ДДСҰ арнайы комитеті алюминий тұздарын вакцинадан алып тастаудың қажеті жоқ деп шешті. Дегенмен, ДДСҰ бұл мәселені сапалы және толық зерттеу үшін қосымша зерттеулер қажет екенін айтады.

Factcheck.kz