Шындық | Жетімдер үйіндегі бала саны 40 пайызға азайған

2018  жылдың сәуірінде ult.kz ақпарат порталында «Қазақстанда жетімдер саны азайды» деген тақырыпта материал жарық көрді. Бұл туралы ҚР БҒМ Балалар құқығын қорғау комитетінің төрағасы Нұрбек Ойшыбеков айтқан. Factcheck.kz дәл сол уақыттағы ақпараттың рас-өтірігін тексеріп көрді.

Соңғы бес жылда жетім балаларға арналған ұйымдардағы балалардың саны 40 пайызға, 10 мыңнан 6 мыңға дейін қысқарды. 

Нұрбек Ойшыбеков, ҚР БҒМ Балалар құқығын қорғау комитетінің төрағасы

Үкім: Шындық

Білім және ғылым министрлігінің бізге берген деректеріне сүйенсек, жетімдер үйінде 2012 жылы 10 887 бала, 2017 жылы 6 223 бала болған.

Осы жылдар аралығында Қазақстанда жетімдер үйінің де азайғанын байқаймыз. Елімізде 2012 жылы 196 жетімдер үйі тіркелсе, 2017 жылы 138 болған.

2009-2019 жылдар аралығындағы статистикалық мәлімет жылдан жылға балалар үйі мен ондағы тәрбиеленушілер саны азайып жатқанын көрсетеді. Бүгінде елімізде 107 жетімдер үйі және 4979 тәрбиеленуші бар.

Сулейман Демирел университетінің журналистика мамандығы бойынша оқиды. "Ұлан" газетінің штаттан тыс тілшісі. 2019 жылдан бастап factcheck.kz сайтында жұмыс істейді.

Factcheck.kz