Дәурен Абаев несімен есте қалды?

4 мамырда Ақпарат және қоғамдық даму министрі Даурен Абаев қызметінен кетіп, орнына Аида Балаева келді. Даурен Абаевтың министр ретінде несімен есте қалғанын бірге еске түсірейік.

Германиядағы заң және 50 млн еуро айыппұл

Қазақстан экс-президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың жалған ақпарат таратқандарға жазаны қатаңдатуға байланысты айтқан сөзіне Даурен Абаев пікір білдірген еді.

«Бұл – жаһандық үрдіс, оған демократиясы дамыған елдерді қоссақ болады. Германияда жақында заңға түзетулер енгізілді. Ол заң бойынша, БАҚ жалған ақпарат таратқаны үшін 50 миллион еуроға дейін жазалануы мүмкін».

Даурен Абаев

Біріншіден, заң бойынша Германияда мұндай айыппұл басылымға емес, әлеуметтік желіге қатысты. Екіншіден, БАҚ сайттары бұл заң аясына мүлдем кірмейді. Үшіншіден, бұл жерде манипуляция бар, себебі Абаев айтқан заңда өшпенділікке, конституцияға қарсы ұйымдарға және жеке тұлғаларды қорлауға қарсы әрекет ету туралы сөз болып отыр.

Бұл заң бойынша, Facebook компаниясы «құқықты таптайтын» контентті 24 сағат ішінде алып тастауға міндет. Заң Еуропа елдерінде және одан тыс мемлекеттерде қатты сыналды. «Шекарасыз тілшілер» бұл заңды «басқа елдердегі репрессивті заңдар үшін үлгі» деп сынады.

Абаев және БАҚ туралы Заң

2017 жылғы 21 желтоқсанда Қазақстан Парламентінің жоғарғы палатасы бұқаралық ақпарат құралдары мен үкіметтік емес ұйымдар арасында қызу талқыға түскен «Ақпарат және коммуникация мәселелері бойынша Қазақстан Республикасының бірқатар заңнамалық актілеріне өзгертулер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын қабылдады.

Бұл заң тек БАҚ өкілдеріне ғана емес Қазақстанда тіркеліп, жеке блог жүргізетіндерге де қатысты болғанымен қоғам аса қатты қызығушылық таныта қойған жоқ. Мәжіліс мақұлдағанға дейін-ақ құжаттағы маңызды өзгертулер туралы нақты әрі егжей-тегжейлі «Открытая Азия Онлайн» жазды.

Бұғатталған интернет пен Әбілязов

2019 жылы Vlast, Azattyq, Holanews, Информбюро, The Village сайттарының бұғатталуы мен әлеуметтік желінің дұрыс жұмыс жасамауы қоғам арасында кең талқыланды. Instagram қолданушылары Францияда саяси баспанасы бар және Қазақстан демократиялық таңдауы қозғалысының жетекшісі Мұхтар Аблязов тікелей эфирге шыққан сайын жұмыс жасамайтынын байқады. Қазақстан билігі қозғалысты экстремистік деп, ал Еуропарламент 2019 жылы ҚДТ-ны «бейбіт оппозициялық қозғалыс» деп таныды.

Даурен Абаев бұл жағдайға байланысты былай деді:

Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі байланысқа жауап бермейді. [Бұл] министрліктің функционалдық міндеті емес. Яғни, мен қазір дұрыс түсінік бере алмауым мүмкін. Провайдердің айтуынша, техникалық ақаулар болған. Бұл туралы сұрақтарды соларға қойғандарыңыз жөн.

Әлемдегі интернет бостандығын бақылайтын халықаралық NetBlocks тобының атқарушы директоры Альп Токер Азаттық сайтына берген сұхбатында бұл бұғаттаудың жоғарғы деңгейде ұйымдастырылғанын айтты. Ұйымның есебі бойынша, жалпы ішкі өнімге келген шығын ең кемі үш миллион долларды құрады.

Бейбіт митинг туралы Заң: сыны мен сыры көп құжат

12 наурызда Дәурен Абаев “Қазақстан Республикасында бейбіт жиналыстарды ұйымдастыру және өткізу тәртібі” туралы заң жобасын ұсынып, Парламент сенаты 30 сәуірде заңды бірінші оқылымда бірауыздан мақұлдады. Бұл заң бойынша, митинг ұйымдастырушылар жергілікті биліктен рұқсат алуы қажет.

Құқық қорғаушы Ерлан Қалиев Азаттық сайтына берген сұхбатында Қазақстанның кем деген тоғыз облысында қоғамдық талқылау өткенін айтады. Бірақ «бұл талқылау – көз алдау болды» деп санайды. Оның айтуынша, қоғамдық талқылауға билік митингіге шығып жүрген белсенділерді қатыстыру орнына митингіні «теледидардан ғана көрген қоғамдық ұйымдардың» өкілдері көбірек шақырылған.

Ерлан Қалиевтің сөзінше, жаңа заң жобасында қоғам белсенділері талап етіп жүрген негізгі мәселе «митингіге жергілікті биліктің рұқсатымен шығу және арнаулы орында ғана өткізу» мәселесі өзгертілмеген.

Құқыққорғаушылардың айтуынша, бұл заң жобасы халықаралық сараптамадан өтпеген және конституциялық заңнамаға сай емес. Одан бөлек, Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының принциптеріне қарсы.

Құқыққорғаушы Евгений Жотистың айтуынша, заң жобасының идеологиясы митингке шыққан адамдарды билікке төнген қауіп ретінде қарайды.

Адамдар бейбіт митингке емес, жаппай тәртіпсіздікті ұйымдастырғысы келетіндей… Бұл заң жобасының тұжырымы көшеде өз пікірін еркін білдіруді қиындатуға бағытталған.

Евгений Жотистың Informburo.kz сайтына берген сұхбатынан

Біз оларға баспана берсек, олар бақытты болып кете ме?

2019 жылы 4 ақпанға қараған түні бес қыз өрттің салдарынан шағын үйлерінде қаза болды. Осы қайғылы оқиғадан соң Қазақстанның көптеген қаласында көпбалалы аналар биліктен баспана сұрап митингке шыға бастады. Дәурен Абаев Нұр-Сұлтанда өткен Астана экономикалық форумында аналардың наразылығы туралы “біз оларға баспана берсек, олар бақытты болып кете ме?” деп сұрақ қойды. Ал 20 мамырда Азаттық тілшілері митингке шығып жүрген көпбалалы аналардан Даурен Абаевтың айтқан сөзіне байланысты пікір сұрады. Олар журналистің алдында өз эмоцияларын еш жасырмай айтып берді. Aл желі қолданушылары болса, көпбалалы аналарға байланысты айтқан сөзі үшін Даурен Абаевты сынаған болатын.

Даурен Абаевтың тұсында “Шекарасыз тілшілер” (Халықаралық журналистердің құқығын қорғау ұйымы) индексінде Қазақстан 180 елдің арасында 157-орынға көтеріліп, 2019 жылмен салыстырғанда тек бір сатыға жоғарылады. Дәурен Абаев бұл рейтингті объективті емес деп сынады. “Әділ сөз” ұйымының басшысы Тамара Калеева “Шекарасыз тілшілер” рейтингті биліктің уәдесіне емес, дәлелдерге сүйене отыра құратынын ескертті.

Сөз бостандығы тақырыбымен байланысты бірнеше зерттеудің авторы Қуандық Шамахайұлының айтуынша, елдегі сөз бостандығының жағдайы туралы министрдің өз түсінігі бар болар деп санайды. Бұл туралы Азаттық радиосына берген сұхбатында айтты.

“БАҚ басшылығына кадр таңдағанда кәсіби маман журналистерден гөрі басқа саланың мамандарына көбірек сүйенетіні байқалады. Қоғамдық-саяси ток-шоуларға еркіндік бермейді. Содан кейін журналистерден біліктілік қалай талап етесің, өйткені экранда той-думан. Әсіресе, балама ақпарат таратуға қолдау мүлде жоқ. Ал ресми БАҚ-та «тек қана тамаша» дейтін советтік дәстүр сақталып отыр. Шындық айтылмаған ақпарат құралын ешкім керек етпейді. Жұрттың әлеуметтік желіге көбірек ауғаны сондықтан,” – дейді ол.

“Екі сиыр сатып ал да, өзіңді асыра”

Қазақстанның бұрынғы президенті, “Нұр Отан” партиясының төрағасы Нұрсұлтан Назарбаев 21 тамызда Нұр-Сұлтанда өткен партияның жиынында биліктен көмек сұраған отбасыларды сынады. Абаев Назарбаевтың “екі сиырды” мысалға келтіруінің себебін “Хабар” арнасының бағдарламасында түсіндірді.

“Шынымды айтсам, не үшін байбалам салып жатқанын түсінбедім. Егер Елбасы “еңбек етпей, көлден балық та аулай алмайсың” (без труда, не выловишь рыбку из пруда) деп мақал айтқан болса ше? Сонда әлеуметтік желі қолданушылары қармақ пен құрт туралы суреттерді толтырады ма? Екі сиырды ақпаратты жеңіл қорыту үшін айтқаны – айдан анық нәрсе” – деді Абаев.

Даурен Абаевтың бұлай түсіндірме жасауы бірінші рет емес. Ол Қасым-Жомарт Тоқаевқа қатысты (Тоқаевтың президенттіктен кетуі туралы сыбысты) немесе экс-президент Назарбаев туралы (оның ауырып жатқаны туралы) сыбыстарды теріске шығарып отырды. Одан бөлек Тоқаевтың Deutche Welle арнасына берген сұхбатқа пікір білдіріп, “Назарбаевтан басқа елдердің басшылары кеңес сұрайды” деп мақтау да айтты. Ол сонымен қатар Айсұлтан Назарбаевтың Facebook парақшасында айтқан сөзіне пікір білдірген алғашқы билік өкілі болды.

Нұрсұлтан Назарбаевтың немересі және Дариға Назарбаеваның ұлы Айсұлтан Назарбаев өзінің отбасынан төнген қауіп туралы жазды. «Хабар» арнасында Абаев Айсұлтан Назарбаевтың айтқаны туралы былай деді:

Есірткіге тәуелді адамның жазғанын талқыға салған этикаға сай емес. Айсұлтан мұндай жазбаларды әлдебір адамдардың манипуляциясының ықпалымен жазып отыр. Айсұлтанның аты мен денсаулығын пайдаланып отырғандар бар. Бұл тақырыпты жабатын уақыт келді. Адамның жағдайын пайдаланып, арзан рейтингке құнықпаған жөн.

Даурен Абаев

Абаев қалай қоштасты?

Даурен Абаев қызметінен кеткен соң Facebook парақшасында былай деді:

Еліміздің ақпарат саласына жауапты министрлікке жетекшілік еткен жылдары өздеріңізбен бірге табанды, жемісті еңбек еттік деп санаймын. Біз көтерген бастамаларды қолдап, әркез ой-пікірлеріңіз бен сын-ескертпелеріңізді ашық білдіріп, қоғам үшін маңызды мәселелерге жанашырлық танытқандарыңыз үшін Сіздерге зор алғыс айтамын. Қазіргідей күрделі уақытта қоғамның тас-түйін ауызбірлігі мен белсенді азаматтық ұстаным ауадай қажет. Сондай-ақ, Министрліктің және Министрлікке қарасты ұйымдардағы сарапшыдан бастап басшылық құрамына дейін әрбір қызметкеріне ерекше құрмет білдіріп, алғыс айтамын.

Төлепберген Маликов. Сулейман Демирел университетін журналистика мамандығы бойынша тәмамдаған. Азаттық радиосының Прагадағы бас штабында тәжірибеден өткен. 2018 жылдан бастап Factcheck.kz сайтында жұмыс істейді.

Factcheck.kz