Ауыл квотасы жайлы аңыз бен ақиқат

Жылда мемлекеттік грантты иеленушілердің қатарында ауыл квотасы арқылы оқуға түскен студенттер жайында естиміз. Дәл осы ауыл квотасы жайлы ел арасында рас-өтірігі аралас біраз аңыздар бар.  Сондай-ақ бірнеше БАҚ-та «Ауылдық квотамен оқыған студенттер мемлекетке 1,2 миллиард теңге қарыз» – деген де ақпарат жарияланып жүр. Студенттерді алаңдатқан аңыздардың рас-өтірігін factcheck анықтап көрді. Ендеше, кеттік…

Ауыл квотасы барлық мамандыққа беріледі

Үкім: Манипуляция

Ауыл квотасы әрбір оқу жылының алдында белгілі бір мамандықтарға бөлінеді.  «ҚР Білім туралы» Заңының  47-бабы, 17-4-тармағында: педагогикалық, медициналық және ветеринарлық мамандықтар бойынша берілетіндігі және ауылдық жерде 3 жылдан астам уақыт жұмыс жасау керектігі көрсетілген. Мәдениет, шығармашылық саласына бөлінген ауыл квоталарына жоғарыдағыдай міндеттеме жоқ.

Ауыл квотасы үшін “қосымша балл” қосылады

Үкім: Жалған

Ауыл квотасы дегеніміз – ауылда білім алған талапкерлерге мемлекеттік грантқа түсу үшін берілетін жеңілдік. Барлық гранттар санының 70 пайызы жалпы конкурсқа бөлінсе, қалған 30 пайыз ауылдан шыққан талапкерлерге беріледі. Ауыл квотасының жеңілдігі балмен емес, бөлінген гранттармен өлшенеді. Яғни, ауылдық жерде оқыған талапкерлердің шектік балы қалалық талапкерлерге қарағанда азырақ болса да, арнайы бөлінген квота арқылы оқуға түсе алады.

Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындаған өңірлерге қоныс аударған ауыл жастары арасынан шыққан Қазақстан Республикасының азаматтарын қабылдау үшін квота көзделеді.

ҚР “Білім туралы” Заңы, 26-бабының 8-тармақшасы

Квота иегерлері оқуды бітірген соң, ауылдық жерде ғана жұмыс жасауға міндетті

Үкім: Шындық

Бұл сұрақ ҚР Білім және ғылым министрлігіне жолданған болатын. Жауап төмендегідей:

Factcheck.kz-1-2

«Бітіруші оқуды аяқтаған соң, өзі қалаған ауылдық мекенге жұмысқа орналасуға жұмысқа орналасқаны жөніндегі анықтама мен міндеттемені «Қаржы орталығы» Акционерлік қоғамына ұсынған жағдайда құқығы бар» – деп көрсетілген.

 «ҚР Білім туралы» 47-бабының 17-тармағында:

«Ауылдық квота шегiнде педагогикалық, медициналық және ветеринарлық мамандықтар бойынша оқуға түскен ауыл жастары қатарынан шыққан азаматтар жоғары оқу орнын бітіргеннен кейiн тиісінше мемлекеттік бiлiм беру ұйымдарында, мемлекеттік медицина ұйымдарында, ветеринария саласында қызметін жүзеге асыратын мемлекеттік органдар бөлімшелерінде не ауылдық жерде орналасқан мемлекеттік ветеринария ұйымдарында кемiнде үш жыл жұмысты өтеуге мiндеттi» екені көрсетілген.

Ауылға бармаған жағдайда оқу ақшасы түгелімен мемлекетке қайтарылады

Үкім: Шындық

Бұл сауалдың да жауабы «ҚР Білім туралы» заңының  47-бабының, 17-2-тармағында көрсетілген.

 «Осы баптың 17-тармағында көзделген жұмысты өтеу жөніндегі міндетті орындамағаны үшін жас маман өзінің оқуына байланысты бюджет қаражаты есебінен шыққан шығыстарды өтеуге міндетті»

Бірақ, студенттер төмендегі жағдайлар орын алған да, бұл міндеттен босатылады.

  1. жұбайы (зайыбы) тұратын, жұмыс істейтін немесе қызметін өткеретін елді мекенде бос орын болмаған жағдайдағы адамдарға;
  2. І және ІІ топтағы мүгедектерге;
  3. одан әрі оқу үшін магистратураға, резидентураға, докторантураға түскен адамдарға;
  4. жүкті әйелдерге, үш жасқа дейінгі баласы (балалары) бар, сондай-ақ үш жасқа дейінгі баланы (балаларды) өзі тәрбиелеп жатқан адамдарға беріледі;

17-3. Оқумен байланысты бюджет қаражаты есебінен шыққан шығыстар өтелместен, осы баптың 17-тармағында көзделген жұмысты өтеу жөніндегі міндеттің тоқтатылуы:

  1. жұмысты өтеу жөніндегі міндеттің орындалуына байланысты;
  2. тиісті құжатпен расталатын білім алушының (жас маманның) қайтыс болуына байланысты;
  3. жұмысты өтеу мерзімі ішінде І және ІІ топтағы мүгедектік белгіленген жағдайда;
  4. осы баптың 17-2-тармағында көзделген жағдайларда жұмысты өтеу жөніндегі міндеттен босатылуына байланысты басталады;

Ауыл квотасымен білім алған мамандардың барлығы мемлекеттік есепте тұрады. Ағымдағы жылы оқуын бітірген жас мамандар 1 қыркүйектен кешіктірмей жұмыс орнына жолдама бойынша келуге міндетті.

Жас маманға 1 қыркүйекке дейін жұмыс орнына келмеген жағдайда «Қаржы орталығы» тарапынан міндетті жұмыспен өтеу туралы хабарлама жолданады. Демек, кез келген бітіруші маманға алдын ала ескерту жіберіледі. Қаржыны қайтарып алу жөнінде ескертіледі. Сақтандырады. Хабарламаны алғаннан кейін, жұмысты өтеу жөніндегі міндет орындалмаған жағдайда, жас маман өзінің оқуына байланысты бюджет қаражаты есебінен шыққан шығыстарды өтеуі тиісті.

Арнайы комиссия оқу аяқталған соң қайда жұмыс жасайтынымызды анықтайды

Үкім: Жартылай шындық

Factcheck.kz сайты бұл ақпараттың шынайылығын тексеру мақсатында ҚР Білім және ғылым министрлігіне хат жолдаған болатын. Ресми жауап төмендегідей:

Factcheck.kz-1-1

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2012 жылғы 30 наурыздағы № 390 қаулысымен бекітілген қағидаға сүйене отырып, денсаулық сақтау саласындағы уәкілетті органдарда жас мамандарды жұмысқа дербес бөлу жөніндегі комиссиялар құрылады.

Комиссия өкілдерінің міндеттері:

  • Жыл сайын республика, облыс, маңызы бар қалалардағы ауыл квотасымен бітірушілерді сепке тұрғызады;
  • тұратын жерін, мамандығы, оқыған тілін көрсетіп отырады;
  • ағымдағы жылғы түлектерді одан әрі жұмысқа орналастыру үшін бос жұмыс орындарын ұсынуға өтінімдер жолдайды;
  • жұмысқа бөлу сәтінде бос жұмыс орындары болмаған жағдайда, жас мамандарды және философия (Phd) докторларын жұмысты өтеу мерзімінде жұмыссыз ретінде есепте болған уақытты есептей отырып, тұрғылықты жеріндегі халықты жұмыспен қамту орталығында тікелей не «электрондық үкіметтің» веб-порталы немесе «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы арқылы жұмыс іздеп жүрген адам ретінде тіркеуге жібереді;

2012 жылдан бастап «Қаржы орталығы» АҚ жас мамандар мен философия докторанттарын жұмысқа орналастыру бойынша жүйені – квота шегінде және мемлекеттік білім беру тапсырысы негізінде педагогикалық және медициналық мамандықтарға оқуға түскен ауыл жастары азаматтарының жұмыспен өтеу міндеттерінің орындалуын немесе өтемеген жағдайда бюджет қаражатының шығындарын өтеу бойынша бақылау мен мониторинг жасауды қамтамасыз етеді.

Ауыл әкімдігі квота балын тағайындайды

Үкім: Жалған

ҚР “Білім туралы” Заңының 26-бабы, 37-тармағында былай көрсетілген:

Қабылдау квотасы – техникалық және кәсiптiк, орта бiлiмнен кейiнгi және жоғары бiлiмнің білім беру бағдарламаларын іске асыратын бiлiм беру ұйымдарына қабылдау үшiн бөлiнетiн мемлекеттiк бiлiм беру тапсырысы.

Сулейман Демирел университетінің журналистика мамандығы бойынша оқиды. "Ұлан" газетінің штаттан тыс тілшісі. 2019 жылдан бастап factcheck.kz сайтында жұмыс істейді.

Factcheck.kz