Ақпараттық сандырақ | «Коронавирус 2020» операциясы, адренохром және педофил-сатанистер

Көпшіліктің (бізге, расымен, көп оқырман өтініш айтты, біз мұндайды өзіміз де күтпедік) сұрауы бойынша «педофилдердің голливудтық сектасы», коронавирус және адренохромға байланысты қастандық теориясын талдап көреміз. Сондай-ақ Билл Гейтсті де сөз етеміз, иә, онсыз болмайды.

Мазасыздарға спойлер:

1) Андренохром есірткі емес және ол героинге ұқсамайды. Ол тыйым салынған заттардың тізіміне де енгізілмеген және заңды түрде сатылады.
2) Қастандық теориясы 2017 жылы пайда болды және басқа конспирологиялық теориялардың үлкен қосындысы. Сол уақыттан бері оны қолдаушылар саны артып келеді.
3) Теорияның барлық бөлігі манипуляция, ойдан шығарылған немесе тіпті өтірік ақпараттан құрастырылған (мысалы Б. Гейтске қатысты оқиға сияқты). Сол себепті әлемді масондар немесе рептилоидтардың үкіметі басқарады деген нұсқадан айырмашылығы шамалы.
4) «Жаңа» теорияда өтірігі баяғыда әшкере болған фейк ақпарат көп қолданылған.

Ескерту! Оқиға неден басталғанын оқи отырып, санаңызды сақтаңыз. Мұндай сандырақты сіз әлі оқымаған шығарсыз. Ал, кеттік!

Бәрі неден басталды?

4 сәуірде Spletnik.ru порталында «Коронавирус 2020» операциясы немесе Голливудтың жартысы тұтқындалды» деген пост жарияланды.

Теорияның қысқаша мазмұны: Трамп карантинді пайдалана отырып, Голливудтағы (Мадонна, Том Хэнкс, Квентин Тарантино және т.б.), демократиялық партияның басшылығындағы (Барак Обама, Хиллари мен Билл Клинтон, Джо Байден, кіші Буш), сондай-ақ Ватикандағы педофилдердің көзін жоюға кіріскен. Тізімнің ішінде Ангела Меркель, Джастин Трюдо, ағылшын патшайымы, әлем үкіметі бар, барлығы «500 мың айыптау қорытындысы» дайындалып қойыпты.

Мынаған назар аударыңыз! Олардың барлығы адренохромды пайдаланады. Ал ол әлем элитасындағы қанішер-сатанистер құрбандыққа шалатын балалардың қанынан алынады-мыс. Олар адренохромсыз тез қартаяды және есірткісіз денелері «сына» бастайды.

Не болса да осы посттың авторы және YouTube-тағы ондаған ролик жасаушы сияқты бұл теорияны ешкім айтып бере алмайды. Сондықтан төмендегі роликті қарап шықсаңыздар болады. Абайлаңыз, жынданып кетпеңіз!

Сонымен қатар бұл теорияда Том Хэнкс коронавируспен ауырмағаны, оны АҚШ әскері тұтқындап, жүк кемесінде қамағаны және ол әскери трибуналды күтіп отырғаны айтылады. Сондай-ақ Трамптың әлемді сатанистер элитасынан тазарту жөніндегі жоспарында Ухань қаласының ерекше рөлі туралы да айтылған: «Вуханада өндірілген синтетикалық Адренохром коронавирустың ерекше түрімен әдейі жұқтырылған. Бүлінген Адренохромды қабылдаған адамдарды қан тапсыруға мәжбүрлейді. Тест Вуханьда жасалған Адренохромды пайдаланғанның дәлелі болмақ. Бұл Prima Facia Evidence, яғни қылмыстық іс қозғау үшін жеткілікті дәлел».

Біз автордың стилі мен орфографиясын өзгертпей ұсынып отырмыз. Жалпы айтылып жатқан әңгіменің өзі сандыраққа ұқсайды. Не автор «Нағыз детектив» сериалындағы бірінші маусымның, «Лас-Вегастағы қорқыныш пен өшпенділік» картинасының және Стивен Кингтің «Доктор Сон» кітабының (2019 жылы осы атпен фильм шыққан еді, онда басты рөлді Иэн МакГрегор ойнайды) сюжеттерін араластырып, бір шатақ әңгіме айтып отыр.

Біз негізі мұндай ойға үйлесімсіз материалдарға фактчек жасамаймыз, алайда оқырманның өтінішін жерге тастай алмаймыз. Пайда болатын жаңа «құпия іздеушілер» Q-ге сілтеме жасайды (QAnon деген – АҚШ-та серпін алған, 2017 жылдан бері бар конспирологиялық теория – авт.). Америкадағы QAnon – жаппай сананың феномені. Оның қатысушысы көп, сондықтан оларға тоқталып кетуге болады. Барлығын рет-ретімен түсіндірейік.

Том Хэнкс және педофилия бойынша айыптау

Том Хэнксті ешкім тұтқындамағанын бірден ескертеміз.

Алайда Том Хэнкстің инстаграмында түсініксіз бірдеңе болып жатыр. Фолловерлер, расымен, оны, Мадоннаны және басқа да атақты адамдарды сатанизм, садизм және балаларды өлтіруге қатысы бар деп айыптап жатыр. Мұндай пікірлерді оның емханадан кейін түскен фотосының астынан көруге болады:

Фотоның астына 107 мыңға жуық пікір жазылған. Онда коронавирустан жазылып шыққанға байланысты жазылған құттықтаулар мен педофилияға қатысты айыптаулар (пікір жазушылар Spletnik сайтына шыққан посттағы ақпаратты жарыса жазып жатыр, ал онда тек 2018 жылдан бері бар «дискурстың» мәні ғана айтылған) араласып жатыр. Біз жоғарыда аталған Голливудтың басқа да жұлдыздарының әлеуметтік желілерін егжей-тегжейлі тексермедік. Себебі Том Хэнкстікі де жетерлік. Айтпақшы, Том, сізге кезекті хат, яғни тағы бір пікір жазылды.

Сонымен адренохроммен не болды?

Мәлімдеме: «Олар домалақ безді кесіп алып, қан алады… Сайттың репортерлері 1971 жылғы сирек әрі құпия құжатты тапты. Онда Адренохром героин сияқты әсер ететіні туралы жазылған…»

QAnon / Spletnik

Үкім: Жалған және адастыру

Адренохром – адреналиннің тотығуынан пайда болатын өнім, ол есірткі емес және ол «адамды жасарта» алмайды.

1950-60 жылдары және одан кейін A. Хоффер, Дж.Смитис және Х. Осмонд атты зерттеушілер шизофренияның адренохромдық теориясына байланысты бірқатар жұмыс жариялады. Олардың болжамы бойынша адреналинді қабылдау галлюцинацияға әкелуі мүмкін. Ал мескалиннің молекулалық құрылымы адреналин мен норадреналиннің құрылымына ұқсайды, сондықтан шизофрения ағзадағы химиялық баланстың бұзылуынан болуы мүмкін. Осыған қоса 1967 жылы Хоффер мен Осмонд «Галлюциногендер» атты кітап шығарады. Кітаптың 3-тарауында адренохром мен оның деривативтері туралы айтылады. Еске сала кетейік дәл осы Осмонд алкоголизмді ЛСД-мен емдеуді ұсынған еді.

Дегенмен гипотеза тек гипотеза болып қалды. Ғылыми ортада оған ешкім мән де бермейді. Адренохромды галлюциноген (алайда нақты емес) деп есептеген күннің өзінде, ол эйфория сезіміне әкелетін героинге ұқсас деп айту –ғылымның қадірін кетіру. Оның адамды жасартатын қасиеттері туралы айтпасақ та болады.

Сондай-ақ синтезделген адреналин мен адренохромды фармацевтикалық компаниялардың сайттарынан заңды түрде сатып алуға болады және олар тыйым салынған препараттар тізіміне кірмейді. Адренохромнан жасалған заттар қан кетуден емдеу барысында қолданылады.

Теорияға неліктен дәл осы адренохром арқау болды?

Оған ойдан шығарылған қиял мен эпатажды танымал жазушылар кінәлі. Дәл осы адренохром Хантер Томпсонның «Лас-Вегастағы қорқыныш пен жиіркеніш» кітабында және Терри Гиллиамның фильмінде сатанистердің есірткісі ретінде көрсетіледі. Сондай-ақ ол туралы Энтони Берджестің «Бұрамалы апельсин» деген кітабында сәл өзгертіліп айтылады. Жақында тіпті «Адренохром» деген фильм де шықты (алайда ол B санатындағы фильм сияқты).

Голливуд өзі құрған қапқанға түсіп қалғандай. Бұл жерде Станиславский системасы жүзеге асты. Адамдар кино мен өмірді ажырата алмай қалды деуге болады. Алайда бұл марстан шабуылшылар келеді дегеннен кейінгі екінші оқиға.

QAnon деген не?

«Уашингтон пост» пен The conversation-ге сілтеме жасаған біздің Snopes-тағы әріптестеріміз қоғамдық өмірдің осы (Жер жазық деген теориядан бетер) құбылысына материал жазыпты. Сондай-ақ олар осындай ақпараттың таралуындағы әлеуметтік желінің рөліне де тоқталған. QAnon қозғалысының қатысушылары Дональд Трамп жасырын түрде құқық қолданатын жобаны басқарады деп сенеді. Ондағы Трамптың мақсаты – либералды саясаткерлер мен селебритиздер (оның арасында Том Хэнкс те бар) басқаратын педофилияның жаһандық желісін жою.

Жалпы мұның барлығы 2017 жылы 4chan имиджбордындағы хабарламадан басталған еді. Ол кезде Q атты пайдаланушы жуық арада Хилари Клинтон ұсталады деген пост жазған болатын. Одан кейін Q педофил-сатанистердің әлемдік қастандығы туралы жаза бастады. Осылайша, бір жағынан, оны қолдайтындар көбейді, екінші жағынан, теорияға түрлі ақпарат қосылып, әлеуметтік желіде белсенді тарала бастады. Айта кетейік, Q-ға дейін 2016 жылы АҚШ президентінің сайлауы алдында белгісіз біреу пост жазып, ол пиццагейтке әкелген еді. Қазір QAnon – әбден қалыптасқан қоғамдық (мүмкін, тіпті, қоғамдық-саяси) қозғалыс. Оның мүшелері өзінің бағдарламасын түсіндіріп эфирге шығады. Олардың айтуынша АҚШ-ты (ол былай тұрсын, әлемді!) сатанист-педофилдерден тұратын қылмыстық элита басқарады.

Мәлімдеме: АҚШ-та жыл сайын шамамен 460, 000 астам бала жоғалады, бірақ жоғалғандар саны әлдеқайда көп болуы мүмкін

QAnon

Үкім: Манипуляция

Бұл мәлімдеме Spletnik.ru сайтында да, Том Хэнкске жазылған пікірлер арасында да кездескен еді. Ресми ақпаратқа тоқталсақ, мысалы, ФТР-дің мәліметі бойынша, 2018 жылы 18 жасқа дейінгі жоғалған балаларға қатысты 401 218 өтініш келіп түскен. Ал жыл соңындағы ақпарат бойынша хабар-ошарсыз жоғалғандар саны 29 758 бала болған. Жоғалды дегендердің ішінен 99%-ы үйге тірі (2012 жыл) қайтып келген (немесе оларды үйге алып келген).

Біз жоғарыда Instagram-дағы пікірлер мен YouTube роликтеріндегі ессіздікке тоқталдық. Одан QAnon-ның парадигмасында қазір әлемде тарап үлгерген жаңа типтегі коронавирус та өз орнын тапқанын байқаймыз. Оны голливудтық сатанистерден әлемді тазарту үшін Дональд Трамп қолданады-мыс.

Ал Билл ше?

Сонымен қатар қазіргі конспирологиялық теорияға (одан тарайтын басқалары да) дәлел ретінде қайтадан Билл Гейтсті пайдаланады. Олардың айтуынша, Гейтс дүниежүзі халқын 10-15%-ға қысқарту мақсатында арнайы өнім әзірлеп, «коронавирусты қаржыландырып отыр».

Үкім: Жалған

Билл Гейтс ешқашан жер халқын қысқарту туралы айтпаған, ал дүниежүзінің ғалымдары вирус табиғи жолмен шықты деген ортақ шешімге келіп отыр.

Түрлі ролик жасаушылар Гейтстің 2010 жылы TED-да сөйлеген сөзін қолданады. Ол кезде Гейтс жер популяциясын қысқарту туралы емес, денсаулық сақтау саласы мен өмір сүру сапасын жақсарту арқылы халықтың өсуін азайтуға болатынын айтқан еді. Гейтстің сөйлеген сөзіне жасалған талдауды «Лента.ру» (сол баяғы) сайтының мұрағатынан тауып алуға болады. Ал сол жиынның видеосын төменде ұсынамыз, халық саны туралы ой-толғау 5-минуттан басталады.

Билл Гейтс роликте халықты 10-15%-ға қысқарту керек деп айтайды. Ол өсімді азайту туралы айтады. Қарапайым тілмен айтқанда, оның сөзі төмендегідей аударылады, ал конспирологтар одан фейк ақпарат жасап әлек:

Қарап көрейікші. Бірінші көбейткіш – халық. Қазір әлемде 6,8 миллиард адам бар және олар шамамен 9 миллиардқа дейін өседі. Жаңа вакциналар жасау, денсаулық сақтау, репродуктивті денсаулықты қорғау саласындағы керемет жетістіктің өзінде өсу 10-15 пайызға төмендеуі мүмкін, алайда соның өзінде халық шамамен 1,3 миллиардқа артады.

Билл Гейтс

Фейктің негізінде көбінің ағылшын тілін білмеуі жатыр. Ал кейбіреуі оны контекссіз (монтаждау арқылы) береді де, оқырман мен көрерменнің немқұрайлығын пайдаланады. Бір сөйлемде неше түрлі сан мен дерек айтылды, сондықтан кей адамдар шатасып, конспирологтарға сеніп қалады. Ал іс жүзінде Билл Гейтс қоры коронавируспен күресу үшін көп қаражат бөліп отыр.

Қорытындылай келе…

  • Пандемия мен карантиннен пайда болған стресс адамдардың қиын сұрақтарға конспирологиялық жауап іздеуге итермеледі. Бұл ретте талдау жасайтын адамдар түсіне алмай әлек: жоғарыда айтылған теориялар Трампқа қалай әсер етеді? Оны жасап отырған президенттің жақтастары ма, әлде, керісінше, қарсыластары ма? Мүмкін қарсыластары оның фоллоуерлері қаншалықты сенгіш екенін көрсеткісі келген болар.
  • Теорияның барлық бөлігі манипуляция, ойдан шығарылған немесе тіпті өтірік ақпараттан құрастырылған. Сондықтан әлемді масондар немесе рептилоидтардың үкіметі басқарады деген нұсқадан айырмашылығы шамалы.
  • Тарап жатқан барлық роликтер ескі теорияларды қайта құрастырып жасалған, бәрі бір-біріне ұқсас. Айырмашылығы – біреуінің хронометражы ұзақ/қысқа, біреуінің ішінде видеофейк көп/аз.

Сіздерді ақыл-ойыңызды сақтап, сенімді ақпарат көздерін оқуға шақырамыз. Сонда сіз масондардан да, сатанистерден де, рептилоидтардан да қорықпайтын боласыз.

Айгерим Мекишева
Журналист, фактчекер, МА (Journalism for international students, University of Westminster, London), технический писатель, редактор, PR-специалист, руководитель проектов (медиа и PR)